Шәрбану Бейсенова: Ақ түсті гүлдерді жақсы көремін
Эксклюзив

Шәрбану Бейсенова: Ақ түсті гүлдерді жақсы көремін

07 наурыз, 15:51 679 Астана
Шәрбану Бейсенова: Ақ түсті гүлдерді жақсы көремін

Белгілі жазушы, журналист, халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты Шәрбану Бейсенова Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында осы көктемнің жақсы жаңалықтарымен бөлісті, деп хабарлайды BNews.kz.

Сіз үшін биылғы көктем несімен ерекше?

Биылғы көктемнің мен үшін екі ерекше қуанышы бар. Былтырғы жылы "Сүйінбике - ұлы дала аруы" кітабын бастырып шығарған едім. Менің ұлы дала арулары деген бірнеше топтама кітап шығарсам деген ой жобам бар. Осы ойым "Фолиант" баспасы арқылы жүзеге асып жатыр. Оның біріншісі "Сүйінбике - ұлы да арулары" деген кітабым еді. Екіншісі "Бозоқ аруы" деп аталатын кітабым сәуір ойында жарыққа шығады деп күтіп отырмыз. Кітаптың версткасын бастадық. Кітап беттеліп бітіп жатыр.Оның ішінде "Бозоқ аруы" деп аталатын менің бір повесім бар. Бұл ұжымдық еңбек. Кітап беттерінде біздің өткен  әулие аналар туралы материалдар топтастырылған. Біздің дала төсінде іздері қалған әулиелер, кесенелері сақталған әулилер өте көп. Кезінде Қарабура деген адам өткен. Оның екі қызы болған. Біреуі Бегім ана, екіншісі Әнуар ана. Осы кісілер туралы материалдар бар. Қазір бізде көп археологиялық экспедициялар бейіттерді тауып жатыр ғой, солардың ішінде біз білмейтін талай ханшайымдар бар деп білемін. Кезінде Алаш аруларының тарихы жайында көп айтылмаған.

Туған елінің азаттығы үшін жанын қиған сұлулардың ерліктері, адами қасиеттері кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Тарихи тұлғалар есімін, қазақтың намысты қыздарының атын қайта жаңғыртып жатырсыз. Деректерді там-тұмдап жинап,  көп ізденіп, көп оқып кітап жаздыңыз. "Бозоқ аруы" туралы кеңірек айтып берсеңіз?

Бозоқ аруы деген кім? Ол неге Бозоқ аталып тұр. Кезінде Астананың түбінен көне Бозоқ деген қала табылған. Ол орта ғасырда салынған қала. Моңғол шапқыншылығы кезінде жойылып кеткен. Бозоқ қаласы Жібек жолының бойындағы үлкен қоныс болған. Астананың осында орналасуы да тегін емес. Ақмола Астана болғаннан кейін Елбасымыз Астана төңірегін толық зерттеуге нұсқау берген. Осы жерден Бозоқ қаласының орны табылып, ашты ғой. Ол шамамен 10-12  ғасырда тұрғызылған қоныс. Көне мавзолейлер шықты. Көне қаланы Кемел Ақышев деген археолог тапқан. Сол кезде бір обадан жас әйелдің сүйегі табылған. Сонда сүйекті алғанда басының екі жағында 400 талдан 800 тал  маржан шыққан. Тағынған қанжары шыққан. Жергілікті ғалымдар сақ жауынгерінің сүйегі деп жорамал жасаған. Археологтар оның бас сүйегін Ресейдегі Герасимов атындағы антропололгия институтына жіберген. Зерттеулерден кейін шындығында жас әйелдің мәйіті екені анықталды. Осыдан кейін табылған қаланың атын Бозоқ деп  қойған. Еуразия университетінде Кемел Ақышевтың музейі бар, антропология инситуты бас сүйегінің мүсінін жасап берген. Қазір бәрі сол жерде экспонат болып тұр.

Неліктен осы тақырыпты таңдадыңыз?

Мен алдымен осы туралы туралы оқыдым. Сосын  музейге барып арнайы көрдім. Содан маған ой түсті. Осы Бозоқ деген қызға өмірбаян бергім келді. Жалпы зерттегім келді. Кім болуы мүмкін деген сұрақ туды. Содан осы Бозоқ аруы маған тақырып болып, соны бірталай зерттедім. Сүйек 1999-шы жылы табылды. Материал менің қолыма 2009-шы жылы түсті. Биыл Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы.  Бұл Астана қаласына тартуымыз болады. Сәуір айында үлкен халықаралық кітап жәрмеңкесі болады. Міне, сол жәрмеңкеде кітаптың тұсаукесерін өткіземіз. Міне, бұл бір қауанышым болса, екінші көңіліме қуаныш себезгілейтіні осы мамыр айында үлкен немерем Айғаным Бостон университетін бітіріп келеді.

Сіз үшін тақырып таңдау маңызды дедіңіз? Осы туралы кеңірек айтып берсеңіз. 

Жазушыда ең басты тақырып болу керек. Менің  тақырыбым сонау өткен ғасырлар тарихындағы қыздар туралы жазу. Оларды алып шығу. Оларды тек таныстырып қана қою емес. Олардың мұраттары қалай болды. Олардың болмысын ашу, рухани келбетін суреттеу, олардың мақсаты, арманы қандай еді дегенды жеткізу. Сүйінбике ол журналистік еңбек, танымдық материал. Мен Қазанға барып, біраз материал зерттедім. Ал Сүзге көркем шығарма. Бозоқ аруы да көркем шығарма. Қыздардың ішкі сезім қуаттары. Өздерінің күштіліктері. Сол ғасырдағы уақиға. Қалай күш тауып қарсы тұра білді соны бейнелейді. Сүзге өзіне-өзі қол салған. Неге? Оны Сібір хандығын жаулағанда орыс патшасына күңдікке бергісі келген. Ол өзін қорғап қалу үшін өзін-өзі қол салған. Екінші кітаптағы Бозоқ аруы ұлға бергісіз қыз болған. Ол да опат болған. Ол да өзінің намысын қорғап опат болады. Кітапқа кірген Домалақ ана, Қарашаш ана бар. Адамдар біздің осындай аналарымызды білу керек. Кеңес тәрбиесі кезінде ұлттың намысын қорғаған, жігерлі қыздардың аты аталмаған. Ұлы дала арулары кітап сериясын осындай адамдар туралы.

Тарихи зерттеуді қажет ететін тақырыптар, көп оқып зерттеуді қажет етеді. Уақытыңызды қалай белгілейсіз?

Кешкі астан кейін, мен өз уақытымды барынша тиімді өткізуге тырысамын. Сол кешкі уақытымды кітаппен, оқумен өткіземін. Теледидарды да көп көре бермеймін. Жақсы кино болса ғана қараймын. Мен интернетте көп отырған дұрыс емес деп ойлаймын. Меніңше, кітапты қолға алып оқымағасын, ол үстірт нәрсе болады. Кешкі уақытым - өзімдікі. Қазақтың абыз ататсы Әбділдә Тәжібаев жазған еді: "Қаламгер боламын деген адам күніне бес бет жазып, елу бет оқуы керек", деген еді. Бес бет жазу қиын шығар бірақ елу бет оқуға болады ғой. Ал нені оқу керек екенін оны өзіңіз таңдайсыз. Оқу деген ең бірінші керек нәрсе. Ол танымды ұлғайтады. Мен тарихи шығармаларды оқығанды жақсы көремін.

Қазір қандай кітап оқып жатырсыз? 

Қазір мен М.Әуезовтың  "Қорғансыздың күні" деген әңгімелер жинағын оқып жатырмын. Осы әңгімелер мен "Қилы заман" романын кітапханадан алып оқудамын. Жамбыл Артықбаев деген тарихшының "Қазақ шежіресі - Ұлы дала тарихының қайнар көзі және тұжырымдамасы" деген кітабын оқып жатырмын. Ол өте құнды еңбек деп білемін. Ол жерде біраз қазақ аңыздарына талдау жасалған. Мен "Бозоқ аруын" жазу үшін қандай әдебиеттерді оқыдым? Бір нәрсе жазу үшін де адам оқу керек. "Қорқыт ата", "Мұхаббатнама", "Оғызнама" , Марғұланның ежелгі жыр аңыздары деген кітабын оқып шықтым, Сосын Тұрсын Жұртбайдың тарих туралы жазғандарын оқыдым. Мысалы, Бегім ана туралы жазған кезімде, Қарабура әулие туралы И.Жақанов пен Ә.Кекілбаевтың жазғандарын оқыдым. Мен "Үш ғасыр жырлайды, "Бес ғасыр жырлайды", "Жеті ғасыр жырлайды" кітаптарын жиі қайталап оқимын. Ақтамберді, Дулат, Шортанбай жырауларды оқимын. Адамның жігерін жаниды. Жазу үстелімнің үстінде үнемі жататын, қайталап оқитын кітаптарым көп. М. Мағауиннің "Қыпшақ аруы", Ә.Кекілбаевтың "Ханша - Дария" деген повестері бар. Соларды қайталап оқып отырамын. "Алмас қылыш" пен "Жанталасты" да қайта оқып шықтым.

Мереке қарсаңында қыздарымызға айтарыңыз? 

Ең бірінші қай мамандықтың адамы болмасын ол мамандығының білгірі болу керек, жақсы игеру керек. Ал шығармашылық болса, ол ең бірінші оқу керек. Адам өзінің мамандығының шыңына шығу үшін, талмай іздену керек. Қай кезде де қыздың жолы жіңішке ғой. Қыздар қашан да мықты болу керек. Киімнің тысы ер адам десек, астары әйел адам болады. Ал киім қашанда бірінші астарынан тозады. Сондықтан астары мықты болу керек.

Қай гүлді жақсы көресіз?

Мен таушымылдықтың исін жақсы көремін, лалагүлін жақсы көремін. Жалпы ақ түсті гүлдерді жақсы көремін.

Сұхбатыңызға үлкен рахмет!