Тегін медициналық көмек пакетіне енген қызметтер тізімі неліктен қайта қаралып жатыр

24 қазан, 2018, 16:42 1959 Астана
Тегін медициналық көмек пакетіне енген қызметтер тізімі неліктен қайта қаралып жатыр

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ басқарушы директорының сөзінше, Мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін шұғыл стационарлық көмек, жедел жәрдем мен санитарлық авиация ТМККК пакетінде қалады.    

Елімізде енгізіліп жатқан жаңа жүйе мен тегін медициналық көмек төңірегінде сұрақ аз емес. Көпшіліктің көкейінде үміттен гөрі күдік басым. Қазақстанда тегін медициналық көмек пакетіне енген қызметтер тізімі неліктен қайта қаралып жатыр? Оған қандай қызметтер енеді? Медициналық сақтандырудың артықшылықтары қандай болмақ? Осы және өзге де сұрақтарға "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ басқарушы директоры Серік Тәңірбергенов BNews.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне жауап берді.

– Қазақстанда тегін медициналық көмек көлемі деп аталатын пакет бар. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы заң қабылданған. Бұрыннан жұмыс істеп тұрған жүйені қайта қараудың не қажеттігі болды?

– Дұрыс айтасыз. Тегін медициналық көмек пакеті (ТМККК) мен МӘМС пакетінің ара-жігін ажырататын заң нормалары бар. Бірақ дәл осыдан туындайтын бір мәселе бар. Егер аталған құжаттар осы күйінде күшіне енетін болса, медициналық қызметтер қос пакет арасында дұрыс бөліске салынбас еді. Сақтандыру енгізілгеннен кейін шұғыл стационарлық көмек, жедел жәрдем мен санитарлық авиация ТМККК пакетінде қалады. Өкінішке орай, емхана деңгейінде көрсетілетін бастапқы медициналық-санитарлық көмектің (БМСК) қолжетімділігі төмендейді.

Былайша айтқанда, қазіргі заңда тегін пакет аясында бастапқы медициналық көмекті тек әлеуметтік аурулармен ауыратын тұрғындар ғана пайдалана алады, қалған жағдайда – медициналық сақтандыру есебінен көрсетіледі деп жазылған. Бірақ біз елдің бәрі толық сақтандырылатынына кепілдік бере алмаймыз ғой. Біреу жұмыстан шығып кетеді, біреу кәмелет жасына толады, енді біреу оқу орнын аяқтайды. Осындай түрлі себептермен сақтандырылмай қалған адамдар табылады. Ет пен сүйектен жаралған пенде болған соң, ауырмай тұрмайды.

Мысалы, осы жоғарыда айтылған азаматтардың бірі ауырып қалды делік. Ол ең алдымен, өзі тұратын аймақтағы емханаға барады. Сақтандырылмағандықтан оны емхана қабылдамайды. Яғни, халықтың белгілі бір бөлігі емхана деңгейіндегі бастапқы дәрігерлік көмектен қағылады деген сөз. Егер оның жөтелі жай суық тию салдарынан болған болса жақсы. Ал, егер туберкулез немесе менингиттен туындаған болса ше?! Бірақ емхана оны тек жөтелі күшейіп, ауруы әбден асқынып кеткенше қабылдамайды. Жұқпалы ауру болса, ол тағы да бірнеше адамға ауру жұқтырып үлгереді. Пациентті емдеу "маршрутын" осынша созу дұрыс емес. Тегін медициналық көмек пакеті шеңберіндегі осы олқылықты жою керек. Ең дұрысы – емхана деңгейіндегі бастапқы медициналық-санитарлық көмек барлық азаматтар үшін қолжетімді болуы тиіс. Кез келген адам ауырған кезде емханаға барып, дәрігер көмегіне жүгіне алатындай болуы керек.  

– Бүгінде мемлекеттік емханаларға қатысты шағым көп. Жұртшылық ұзын-сонар кезек, медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі сынды проблемаларды жиі көтеріп жүр. Осы жағынан қандай да бір өзгерістер бола ма?  

– Бастапқы медициналық-санитарлық көмекке учаскелік терапевт немесе педиатр, жалпы практика дәрігері, медбике, фельдшер мен акушердің қызметі кіреді. Осы алты маманның қызметі сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамастан халықтың бәріне бірдей тегін көрсетілуі тиіс. Оған қоса, Денсаулық сақтау министрлігі еліміз аумағындағы барлық емханаларда көрсетілуі тиіс негізгі диагностикалық қызметтер тізімін жасады. Тізім заманауи технологияларды есепке ала отырып әзірленген. Олардың қатарында жалпы қан талдауы, талдауға қажетті биоматериалды алу, ВИЧ-ке экспресс-тест, ЭКГ, флюорография сынды кез келген дәрігер немесе орта буын медицина қызметкері жасай білуі тиіс өзге де манипуляциялар бар. Мұның бәрі еліміздегі кез келген қалалық, аудандық, ауылдық емханада жасалуы тиіс. Аталған диагностикалық қызметтердің бәрі де қолмен емес, автоматтандырылған жедел-тест ретінде көрсетілуі керек. Басқаша айтқанда, учаскелік дәрігерге келген пациенттен бірден қан алып, 10-15 минуттан кейін оның нәтижесі белгілі болады. Бұл емханада лаборант мамандардың қызметінен бас тартып, бастапқы медициналық-санитарлық ұйымдар жұмысының тиімділігін арттырады, онсыз да жетпей жатқан қаржыны үнемдеп жұмсауға септігін тигізеді. Пациент әр кабинеттің есігін бір аңдып, табанынан тозбайды және зертхананың алдына барып тағы кезекке тұрмайды. Ең бастысы – еліміздің барлық өңірінде бірдей стандарттарды енгізу.

– Кепілдендірілген медициналық көмек пакетінің қайта қаралуына байланысты сұрақ көп. Әсіресе, әлеуметтік аурулар тізімінің қысқаруына алаңдаушылық білдіріп отыр жұрт. Олар тізім қысқарса тегін медициналық көмек пен дәрі-дәрмектен қағыламыз деп қорқады. Тізімді оңтайландыруға не себеп болды?

– Ең алдымен түрлі мақсаттарға және түрлі жағдайларда пайдаланылатын сырқаттар тізімін саралау қажет болды. Мәселен, бізде динамикалық бақылауға жататын аурулар тізіміне 277-ге жуық патология кіреді. Қазіргі таңда Қазақстанда 5,8 млн адам диспансерлік есепте тұр. Оларды бақылаудың көбіне қағаз жүзінде жүргізілетіні ешкімге жасырын емес. Сондықтан бұл мәселеде түбегейлі өзгеріс жасайтын уақыт келді. Қант диабеті, жоғары қан қысымы, онкология мен туберкулезге шалдыққан науқастардың денсаулығын бақылау қажеттігі сөзсіз. Бірақ бұл тізімде емхана деңгейінде бақылауға келмейтін аурулар да бар. Мысалы, жастың ұлғаюына байланысты буындарда болатын өзгерістер. Әлбетте, денсаулық сақтау жүйесі мұндай пациенттерден бас тартып жатқан жоқ. Бірақ оларды анализ тапсыр деп "қуалаудың" қажеті жоқ. Қолданыстағы талаптар бойынша, олар жалпы талдаулардан бөлек, буындарын рентгенге түсіріп, ревматоидты аурулардың жоқтығына көз жеткізу үшін С-реактивті белок пен ревмопробалар тапсыруы тиіс. Шынында, олар бұл сынамаларды бұған дейін де тапсырған. Яғни, біз ақшаны ғана емес, уақытты да жоғалтып жатамыз.

Сол себепті министрлік жоғарыда айтылған 5,8 млн адамға қатысты статистиканы саралап көрді. Мысалы, орта есеппен алғанда олар жылына екі рет дәрігерге баруы тиіс. Бірақ инфрақұрылым мен маман жетіспеушілігіне байланысты олар дәрігерге жылына 1, 2 рет қана қаралады. Оның үстіне, бюджетте тек дәрігерге бару ақысы ғана қарастырылған, ал пациенттерді диагностикалық зерттеуге қаржы жоқ. Яғни, бәрі қағаз жүзінде ғана қалып отыр. Ендеше, жұмыс істемейтін, жұрттың игілігіне қызмет етпейтін ұзыннан-ұзақ тізімнің не қажеті бар? Міне, осыларды екшелей келе диспансерлеу саясатын қайта қарау туралы шешім қабылданды.

Жалпы, бұл жұрттың бәрін диспансеризациядан өткізуді талап еткен кеңес заманының дәстүрі. Былайша айтқанда, мобилизация, әскери қақтығыс бола қалған жағдайда қанша адамды әскерге жіберуге болатынын білу үшін қажет болды. Денсаулық саласы кеңестік медицинаның осы бір жұрнағымен қоштасатын кез келді. Енді диспансеризация динамикалық бақылауға ауыстырылады. Денсаулық сақтау жүйесі адамдарды әр 6 ай сайын немесе тоқсан сайын шақырып, тексереді. Бірақ бұған пациент те араласуы тиіс. Себебі пациент бойындағы аурумен қалай өмір сүру керектігін, қандай өмір салтын ұстанып, қандай режим ұстау қажеттігін білуі шарт. Бұрынғы нормативтік-құқықтық актілерде мұның бәрі "санаторлық-ағартушылық жұмыс" деген абзацпен көрсетілген болса, қазір "диабет мектебі", "қарттар мектебі", "бронхиалды астма мектебі" т.б. деп аталады. Динамикалық бақылауға алынатын сырқаттар тізімін де қайта қарап, 277-ден 25-27 топқа дейін қысқарту жоспарланып отыр. Оған жүрек-қан тымыр жүйесінің ақаулары, қант диабеті, онкология, тыныс жолдары мен ас қорыту органдарының аурулары сынды соңы мүгедектікке әкеп соқтыратын, демографияға залалын тигізетін созылмалы аурулар жатады.

Ал, әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімі қысқара ма?

– Бұл тізім елде денсаулық саласы мен дәрі-дәрмекке ақша жетпей жатқан 90-шы жылдары жасалған. Сол кезде Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік маңызы жоғары деген аурулар тізімін жасады. Ондағы мақсат – тым болмаса сол ауруларға шалдыққандарға тегін көмек көрсету болатын. Одан бері ондаған жылдар өтті. Денсаулық сақтау саласындағы жағдай қатты өзгерді. Жаңа клиникалар көбейді, мемлекеттік емханалар да заманауи қондырғылармен жабдықталды. Сол себепті бұл тізімден біртіндеп бас тарта бастадық. Тегін дәрі-дәрмек тізім бойынша емес, министрліктің "Амбулаторлық деңгейде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізімі" деп аталатын №666 бұйрығы бойынша беріледі. Емханада қандай сырқаттарға тегін дәрі берілетіні де осы бұйрық негізінде анықталады. Сондықтан реттеу базасына өзгерістер енгізіп, нақтылау туралы шешім қабылданды. Тізімде әлеуметтік ауруларды, туберкулез, онкология, психологиялық аурулар, нашақорлық пен ВИЧ инфекциясы сынды аурулардың бес тобын қалдыру ұсынылды. Болашақта тізімде ВИЧ-індеті мен туберкулезді, психологиялық және наркологиялық ауруларды, қатерлі ісік түрлерін қалдыру жоспарланып отыр.

Неліктен бұл аурулар қалдырылды? Біріншіден, оларды емдеумен айналысатын психологиялық, наркологиялық, туберкулез диспансері деген сияқты арнайы инфрақұрылымдар жүйесі бар. Олардың бәрі де мемлекет тарапынан қатаң бақылауға алынған. Мысалы, туберкулезден, нашақорлық пен спиртті ішімдікке әуес адамдарды мәжбүрлеп емдеу шаралары қарастырылған. ВИЧ-індетін емделуден бас тартқандар мен оны қасақана таратқандарға әкімшілік қана емес, қылмыстық жаза қолданылады. Ал, онкологиялық ауруларды емдеу өте қымбат. Оны кез келген науқастың қалтасы көтере бермейді. Оның үстіне, қатерлі ісіктің дәрілері де дәріханаларда сатылмайды, арнайы бақылауға алынған.

– Медициналық көмек көрсету бағытында тағы қандай өзгерістер болуы мүмкін?

– Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінде бастапқы медициналық-санитарлық көмек, жедел-жәрдем, санитарлық авиация, шұғыл көмекті қажет ететіндерге күндізгі және тәулік бойғы стационар қызметі болады. Көмектің бұл түрлерін азаматтар сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамастан ала алады.

Сондай-ақ, бұл тізімге соңы мүгедектікке әкеп соқтыратын, демографиялық өсімге залал келтіретін жұқпалы емес созылмалы аурулардың негізгі түрлерін, қоршаған ортаға қауіп төндіретін өткір жұқпалы сырқаттарды диагностикалау мен емдеу де кіреді. ТМККК пакетіне кіретін бастапқы медициналық-санитарлық көмек ішінде: профилактикалық екпелер, тоқ ішек, сүт безі, жатыр мойны ісігіне скрининг, қан айналым жүйелерінің ауруларына тексеру, глоукома, 1 жасқа дейінгі балаларды және жүкті әйелдерді қарау, созылмалы ауруларды қадағалау (29 топ), әлеуметтік маңызы бар сырқаттарды бақылау (аурудың 5 түрі бойынша), жедел жәрдем, зертаналық диагностика (126 қызмет бойынша), қондырғылардың көмегімен диагностика жасау (қызметтің 89 түрі бойынша), созылмалы немесе әлеуметтік аурулар бойынша дәрігердің кеңесі де бар. Оған қоса, бастапқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде бақылауға болатын созылмалы ауруларды тұрақты бақылау (бұл бойынша 24 түрлі сырқатқа шалдыққан 2,4 млн адамға көмек көрсетіледі) мен әлеуметтік маңызы бар ауруларды анықтау және емдеу де ТМККК пакетіне ұсынылған консультативтік-диагностикалық көмекке кіреді. Қалған жағдайда көмек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы көрсетіледі.

– Сақтандыру пакетіне қандай қызметтер кіретіні белгілі болды ма?

– МӘМС жүйесі азаматтардың өмір сапасын жақсартатын, болашақ ұрпақ саулығының негізін қалайтын медициналық көмектен тұрады. Қазір бұл пакетке кіретін қызметтер тізімі дайындалып жатыр. Сарапшылар оған көпшіліктің қалтасы көтере бермейтін зерттеулерді енгізуді ұсынып отыр. Олар: КТ, МРТ, ангиография, нақты иммунохемилюминесценция сынды зертханалық зерттеулер. Бұрын бағасы қымбат зерттеулер тек әлеуметтік аурулармен ауыратын пациенттерге ғана тегін көрсетілетін. Оның өзінде де ақша аз бөлінетіндіктен бәрінің бірдей қолы жете бермейтін. Ал, жаңа жүйеде оны сақтандырылған азаматтардың бәрін пайдаланатын болады. Оған қоса, медициналық оңалту қызметін жандандырамыз.

Статистика бойынша, 2017 жылы бізде 2,8 млн адам ауруханада жатып емделген. Оның 180 мыңы ауруханадан шыққаннан кейін оңалту қызметін қажет еткен. Олар инфаркт, инсульт алған, травмотологиялық, ортопедиялық, нейрохирургиялық операциялар жасатқан пациенттер. Қаржы қарастырылмағандықтан олар тиісті реабилитациядан өткен жоқ. Болашақта туберкулезбен ауырған немесе құрт ауруына шалдыққан адаммен байланыста болғандарды медициналық оңалту қызметі мен паллиативті көмекті тегін медициналық көмек пакетіне енгізу ұсынылып отыр. Медициналық оңалтудың басқа түрлері сақтандыру жүйесі арқылы көрсетіледі. Бұл дегеніміз – науқастар денсаулығын қалпына келтіруге мүмкіндік алады. Өйткені біз кардиологиялық, неврологиялық, нейрохирургиялық, травмотологиялық және ортопедиялық ота жасатқан пациенттерді реабилитацияға жіберіп отырамыз.

Алдағы уақытта денсаулық сақтау саласына түсетін қаржы молайып, амбулатория деңгейінде берілетін дәрі-дәрмек ауқымын да арттыруға мүмкіндік туады деп үміттенеміз. Мысалы, ауруханаға жатқызуды қажет етпейтін бронхит пен бронхопневмонияға шалдыққандарға дәрі-дәрмекті МӘМС қаржысы тегін беруге болар еді.

– Сұхбатыңызға рахмет!

`