Түркістанның жаңа мәртебесі қала тұрғындарын жаңа нарыққа бейімдейді – ғалым

21 Июня, 2018, 13:14 9516
Түркістанның жаңа мәртебесі қала тұрғындарын жаңа нарыққа бейімдейді – ғалым | Интервью | BNews.kz

Әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Баян Смағамбеттің айтуынша, жаңа статус қалаға жаңа мамандық иелерін тартады және жергілікті тұрғындарды осы мамандықтарға үйренуге, кәсіби біліктіліктері мен білім деңгейлерін көтеруге талаптандырады.

Әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, доцент, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, әлеуметтану кафедрасының оқытушысы Баян Смағамбеттің айтуынша, жаңа нарық деп отырғанымыз - жаңа және сапалы қызмет түрлерін ұсыну, үйрену, біліктілікті арттыру, жаңа мәдени-танымдық деңгейге көтерілу болып табылады. Ғалым BNews.kz тілшісіне берген сұхбатында осындай пікір білдірді.

Түркістан қаласына облыс орталығының ауысуы туралы пікіріңіз.

Қоғамтану ғылымының өкілі ретінде ғана емес,  қарапайым азамат ретінде де мен  тарихи сабақтастықты жақтаушымын. Егер адам өзінің тегі туралы ештеңе білмесе, "мен кіммін, қайда бара жатырмын?", - деп өмірінің бір кезеңінде күйзеліске түсуі мүмкін.  Ұлт  та маған сол сияқты көрінеді... Ғылыми тұрғыдан даулы  көзқарас, дегенмен өз тарихының жібін үзіп алмаған ұлт (халық) өткен тарихы үшін өзіне сыйластықпен, Сеніммен қарайды. "Түркістан" атауының өзі қазақ елінің қалыптасуының қилы  тарихынан хабар беретін, оның тек осы аймақтағы емес, әлемдік тарихтағы орны мен үлесін көрсетеді.

ҚР Президентінің 2018 жылдың  19 маусымындағы Түркістан облысын құру жөніндегі Жарлығы – тек әлеуметтік-экономикалық  тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар саяси тұрғыдан да тарихи оқиға.  Әлеуметтік желілерде әртүрлі пікір туғызып отырғанына қарамастан, осы сәттің қаншалықты ұлттық  ұйысу процесінде сананың тайпалық деңгейінен ұлттық деңгейіне көтерілу үшін маңызды екеніне назар аударған дұрыс. Тарихқа зер салсақ, Түркістан қаласы - XYI –XYIII  ғасырларда  Қазақ Хандығының астанасы болған.  Бұл кезең  - қазақ тайпаларының ұлысқа бірігуге, "қазақ" және "Алаш баласы" саяси этнонимдері маңына белсенді топтаса бастаған дәуір.

Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мектебінің жаңа сапалық  этникалық бірлестікке ұйысуы тұсында қазақ қауымдастығына ықпал еткенінін де айтқан жөн.  Жалпы кез келген әлеуметтік қауымдастықтың пайда болуындағы маңызды шарттың бірі – ортақ рухани ұстанымдар десек, ортағасырлық қалалар ареалында (Сырдарияның орта және төменгі ағысындағы) бірінші кезекте көне түркі мәдениетінің заңды мұрагерлері болып табылатын тайпалық одақтардың (қыпшақ, оғыз) ежелден қалыптасқан түркілік дүниетанымға негізделген  ұстанымдарының ислам құндылықтарымен синтезделу процесі жүрді. Қала тоғыз жолдың торабында болғандықтан, Ұлы Жібек жолындағы ірі керуен сарайлар орналасқан. Бұл қаланың күні бүгінге дейін оңтүстік, оңтүстік-батыс, батыс өңірлері үшін маңызды сауда-экономикалық тіректердің бірі болып отырғаны да - осыған айғақ. 

Жергілікті халық үшін қандай жақсы тұстары бар?

Біріншіден, қала статусының өзгеруі қала қызметі аясының кеңеюімен байланысты жаңа жұмыс орындарының ашылуына мұрындық болады. Екіншіден, болашақта Түркістан агломерациясының пайда болуына жол ашады, яғни қала ғана емес, қала маңындағы ауылдар мен қыстақтардың да инфрақұрылымы өзгереді. Оған алғышарттар бар екенін айту керек. Әлеуметтанушы, соның ішінде экономикалық әлеуметтану маманы ретінде айтарым, өңір халқының әлеуеті жоғары, яғни экономикалық мәдениет жаңалықтарға  тез бейімделуге мүмкіндік береді, аймақ тарихы қалыптасқан кәсіп түрлерін сақтаумен бірге  еңбек мәдениетіне тән ерекше дәстүр мен қасиеттерді сақтай алған.  Еңбек процесінің нәтижесіне тиімді ықпал ететін тұлғааралық қарым-қатынас принциптері мен желілік байланыстардың қызметі де (қызық үшін экономикалық әлеуметтанудан "әлсіз желілердің мықтылығы" деген теорияны қарасаңыз болады) аса өзгере қоймаған. Өңірдің үлкен артықшылығының бірі – қолөнерінің сақталуы. Мемлекет барынша осы қолөнерін жандандыруға одан әрі көңіл бөле беруі тиіс, себебі әлемдік экономика тарихы қолөнерінен бас тартпаған халықтардың экономикалық гүлденуге мүмкіндіктері молырақ ("үш саусақ экономикасы" дегенді қараңыз) екенін көрсетіп отыр. 

Әлеуметтік жағынан қандай өзгерістер болады деп ойлайсыз? 

Қала статусының өзгеруі қала тұрғындарын жаңа нарыққа бейімделуге итермелейді. Жаңа нарық деп отырғанымыз - жаңа және сапалы қызмет түрлерін ұсыну, үйрену, біліктілікті арттыру, жаңа мәдени-танымдық деңгейге көтерілу. Қала тарихында болмаған жаңа әлеуметтік топтар қалыптасады. Қаланың саяси функциясына байланысты әкімшілік ғимараттармен қатар, заманауи тұрғын үйлер, білім және мәдениет ошақтары тұрғызылады. Осының барлығы қалаға  жаңа мамандық иелерін тартады және жергілікті тұрғындарды осы мамандықтарға үйренуге, кәсіби біліктіліктері мен білім деңгейлерін көтеруге талаптандырады.

Қала маңы қаланы азық түлікпен қамтамасыз етуді қолға алады.  Бұл ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік белсенділігіне түрткі болары сөзсіз. Сонымен қатар аймақтың туристік әлеуеті жаңа серпін алады деген ойдамын. Осы мәселеге кәсіби деңгейі жоғары мамандар тартылу керек. Аймақтың тарихын көпшілікке  таныстыратын видео, аудио-өнімдер мен басылымдар, проспектілер, сапалы жарнама жасайтындар қажет.

Сұхбатыңызға рахмет!

olshem.kz
Новости партнеров
Loading...

Похожие новости