Жаназаға арналған асқа арнайы мәзір белгілеу керек...

Жаназаға арналған асқа арнайы мәзір белгілеу керек...

07 желтоқсан, 18:42 6032 Астана
Жаназаға арналған асқа арнайы мәзір белгілеу керек...

Халықтың дінге бетбұрысы белсенді жүзеге асып келе жатқан елімізде діндарлықтың әртүрлі типтері қалыптасу үстінде. Соған қарай діни рәсімдердің де алуан деңгейлері пайда бола бастады. Осыған байланысты Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Дінтану кафедрасының меңгерушісі, дінтанушы, ф.ғ.к., доцент Кеңшілік Тышхан мырзаның пікірін білдік.

Кеңшілік мырза, қазіргі қоғамымыздағы діннің алатын орны туралы айтып берсеңіз.

Қандай қоғам болмасын, халықтың жаппай тақуалық деңгейінде діндарлануы мүмкін емес жағдай. Қазіргі ХХІ ғасыр қоғамында жаппай діндар саналатын бірде-бір қоғам жоқ. Бұл адамзаттың ерекшелігі, жаратылыс әралуандығы. Алайда, қоғамда діндарлыққа деген талпыныс, құрмет қашан да жоғары болмақ.

Қазақстан сияқты кеңестік атеистік кезеңнен кейін рухани дәстүрге, дінге құштарлықпен бет бұрған қоғамда да діни рәсімдер сан алуан формаға ие болып жатады. Азаматтардың діннің қағидаттарын терең білмеуі, бірақ Құдайға деген сенімдерінің жоғарылығы кейбір кездерде діннің қойған талаптарынан ауытқып, өз бетінше күрделендіруді тудыратыны белгілі. Бүгінде оған қоса, әртүрлі террорситік, экстремистік идеяларды қолдайтын діни топтардың елге келуімен, сан ғасырдан келе жатқан салт-дәстүрлерімізге нұқсан келтіріп, оны өзгерістерге ұшыратпақшы.

Осы айтылғандарға мысал ретінде жаназаға ас беру үрдісі туралы не айта аласыз?

Елдің әл-ауқаты жақсарған сайын жаназаға жұмсалатын шығындарды да аспанға шығарып жіберді. Қарапайым ғана қарайтын болсақ, басқа мұсылман елдерінде қайтыс болған адамдардың жерлеу, асын ұйымдастыру жұмысына 50-60 мың теңге (200$) көлемінде шығын жұмсалатын болса, елімізде орта шамамен 1 млн теңгеге жуықтап отыр. Бұл қазақтың өзінің «Өлім – бардың малын шашар, жоқтың артын ашар» деген мақалына сай келіп тұр. «Елің қалай болса, бөркің солай» демекші, әр адам сол ортада үрдіске айналған дүниелерден қалыс қалмай, елден артта қалмай атқаруға тырысады. Сондағысы өлген адамға құрметпен қатар, тірі адамдардың сөзінен қорқу.

Құран Кәрімде Алла Тағала Ағраф сүресінің 31-аятында: «Ішіңдер, жеңдер бірақ, ысырап қылмаңдар. Өйткені Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді!» десе Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.): «Қалағаныңның барлығын жеу – харам ретінде жеткілікті» (Ибн Мажә, Әтғима, 51) деген еді. Демек, сауап пен ысыраптың ара-жігін ажырату аса маңызды. Ал қазіргідей аста-төк мейрамханаларда ас беріп, қалған ас-ауқаттың барлығы қоқысқа төгіліп жатқан жағдайда оны ешқандай сауаппен, садақамен ақтап ала алмасымыз ақиқат.

Аталған түйткілді мәселені елімізде қалай шешуге болады?

Бұл мәселеге байланысты қазірде Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының әр жерлердегі өкілдіктері жаназаға арналған асқа арнайы мәзір белгілеп, орташа қалыпты үрдіске айналдыруға атсалысуда. Бұл құптарлық жәйт. Мәселен, осындай бастаманы алғашқылардың бірі болып Ақтөбе облысының мешіттері көтергені белгілі. Егер халыққа толық түсіндіру жұмыстары жасалатын болса, халқымыз қойылған талаптарға бағына отырып, ас мәзірін жасауға да үйреніп кететіні даусыз. Сондықтан, еліміздің басқа облыстары да осы бағытта жұмыс жасауы қажет. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы еліміздегі басқа да діни ұйымдар секілді, зайырлы елдің қағидаттары бойынша өз нұсқауларын ешкімге міндеттей алмайды, тек бағыт-бағдар көрсетіп дұрысын таңдап, кеңес бере алады. Сондықтан, осындай ел болашағына маңызды істе барынша қолдау көрсетіп, халық болып бір ұстанымға келгеніміз абзал. Себебі, кірме діндер мен деструктивті, экстремистік топтар қайтыс болған адамды қалай жерлеп, жаназасын қалай шығаруды нұсқап үйрететін болса, ертеңгі болашағымызға үлкен қауіп пен залалын тигізеді.

Қазіргі жаһандану жағдайында әлемге ортақ қағидалар, мәдени көзқарастар, құндылықтар таралып, қалыптасуда. Бұрынғы алшақтау кезеңдері аяқталды деуге де болады. Сондықтан, бір тудың астында, бір мәдениеттің мұрагері болып отырған қазақ халқы үшін де, Қазақстан елі үшін де ортақ рәсімдердің, ортақ қағидалардың орнығуы қиынға соқпайды деп санаймыз.

Ислам діні жерлеу рәсімінде көп шығын шығаруға қандай баға береді? Яғни Қасиетті Құран кәрімде, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде сол жөнінде жазылған деректер келтірсеңіз.

Халықтың игі ниеті – қайтқан адамнан ештеңені аямау, көңіл айтып келген ағайын-жұртқа садақа ретінде ас беру, қонақ асын әзірлеу, садақа тарату, жыртыс жырту, жаназаға қызмет қылған адамдарға ақысын беру. Осы сияқты жағдайларда қазірде әр жерде әртүрлі дәстүр ұстанылады. Дегенмен, дін бойынша жаназа шыққан үйден үш күнге дейін тамақ пісірмеу қағидасы бар (Ибн Мажә, Жаназа, 59). Ол күндері туысқандары, көршілері қаралы үйге көмектесіп, көңіл айта келгендерді өздері күтіп алуы тиіс. Оның үстіне жаназаға бару – қонаққа бару емес. Жан азасын тартып отырған адам көзінде жас, қолында қазан жүгіріп жүретін болды.

Бұл жығылғанға жұдырық болып, қонақ асына ірі қара мал іздеу, оны әзірлеу, жүздеген адамға дәмханаларда ас әзірлеу сияқты қиын істерге ұласуда. Оның үстіне, ас барысында уағыз немесе тек дін төңірегінде әңгімі қозғап, оны ұзақ айтып отырып алу, құранды созып оқу деген де дұрыс емес. Кез келген нәрсе өз орнымен болу қажет.

Қазақ халқының жаназасында өлген адам туралы естеліктерді айту да қазір біраз жерлерде әдетке айналып бара жатыр. Тіпті асаба жалдап алу үрдісі де байқалып жүр. Осы мәселеге қатысты ойыңызбен бөліссеңіз.

Қазаны тойға айналдырмай, қысқа бір форматқа келтіруіміз керек. Мұндай іс-шаралар өлікке арналған шығындарды еселеп көбейтіп отырғандығы анық.

Оның үстіне қайтқан адамның басына тас орнату, кесене салу да қазір үлкен мәселеге айналған. Жалпы ислам дінінде «осындай дүниемен қоршалсын» деген шарт, талаптар жоқ. Тек біздің халқымызда адам, мал баспайтын табиғи заттармен қоршап, бекітіп қою дәстүрі бар еді. Қазір зәулім-зәулім қорғандар тұрғызу белең алды. Бұл бір жағынан үлкен жерлерді ысырапшылдықпен қоршап, он адам жерлейтін орынға бірнеше адам ғана жататындай етіп тарылту болса, екінші жағынан «анау адам осылай салса, менің өлген жақыным одан кем бе?» деген бәсекелестікті тудырып, жүз мыңдаған қаржы тұратын заттармен қоршау – тіріге де салмақ салары сөзсіз. Оның үстіне қазіргі қайтыс болған адам жақындарының назарында болады, ал оның ұрпағы ол адамды еске алады, шөбере ұрпағынан бастап ол адам ұмыт болады. Ең ұзақ уақыт дейтін болсақ, 50-60 жылда көптеген зираттың иесі болмайды. Ал, ондай жағдайда соншалық шығын не үшін қажет болады?!

Елімізде дүниеден озған адамды жерлеу рәсімінің түрлі қолданысы бар екендігі рас. Түрлі қолданыстың болуы дұрыс па?

Қазақстан территориясының кеңдігі мен әр өңірдегі жергілікті жер ерекшеліктеріне байланысты өзіне тән қолданыстарды толықтай жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, бәлен жерде қабірді тігінен, екінші жерде жанынан, лақаттап немесе басқа да формаларда қазуы көбінесе сол жердегі жердің ерекшеліктеріне байланысты болса керек. Алайда, қатар тұрған екі ауылда екі түрлі қолданыстың болуы аса дұрыс дүние емес. Оның үстіне әрбір жердегі дін қызметкерлері әртүрлі қолданысты енгізуге талпыныс жасайды. Алған білімі, дүниеге көзқарасы, діни білім деңгейіне байланысты жаңашылдықты енгізуге талпынады. Мәселен, өзіне қол жұмсаған адамға немесе басқа жат ағымға кірген адамдардың жаназа намазын оқымауға, тіпті олардың қабірлерін мұсылмандар зиратынан бөліп тастауға қатысты ұсыныстар да болып жатыр. Шариғи тұрғыдан қарағанда өзіне кол жұмсаған адамға жаназа шығармау керек дегендей қатаң қағида орын алмайды. Алайда, қазіргі қоғамдағы көптеген келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында мұндай ұсыныстарды да саралаған дұрыс.

Жерлеу, ас беру рәсімдеріне қатысты Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының ресми заңнамалық міндеттеу құқы бар ма?

Әрине, ҚМДБ-ның қандай да бір ресми заңнамалық міндеттеу құқы жоқ. Дегенмен, мұсылманшылық басым елімізде аталмыш мекемеге тиесілі мешіттер мен сол мешіттердің имамдарының осы мәселедегі рөлі мен орны ерекше. Осыны негізге ала отырып, еліміздегі жалпылама жаназа рәсімдеріне қатысты ауқымды зерттеулер қажет сияқты. Бұл зерттеулерді жасауға этнограф, тарихшы, дінтанушы, теолог мамандар құрамымен жасайтын болса, көптеген мәселелердің мәні ашылып, оның салттық, рәсімдік, діни негіздері айқындалған болар еді. Ислам ауырлық діні емес екендігін түсініп, артық шығынның өлген кісіге де, тіріге де пайда әкелмейтіндігін ұғыну керек. 

Кішкентай ғана оқ үлкен кемені де тесіп, суға кетіре алатыны секілді, зайырлы, көпұлтты, көп конфессионалды біртұтас елімізді бір қарағанда маңызды көрінбейтін осындай кішігірім діни сарындағы мәселелер жарға жығуы әбден мүмкін. Сондықтан, ел мен жер болашағы үшін, ертеңгі күннің ашық, бейбіт аспанында өмір сүреміз десек, салтымыз бен дәстүрімізге жат, деструктивті кірме идеологияларға жол бермей, олардың залалсыз көрінген ғұрыптарын дәл анықтап, алдын ала білуіміз қажет.

Сұхбатыңызға рахмет!