Жеңістен кейін маған қиын болды – Александр Колядин

28 сәуір, 2018, 15:11 6744
Жеңістен кейін маған қиын болды – Александр Колядин

Оңтүстік Кореяның Пхенчханында өткен ХІІ қысқы Паралимпиада ойындарында Қазақстанның қысқы Паралимпиада тарихында алғашқы алтын жүлдені алған Александр Колядин жарыстан кейінгі әсерімен бөлісіп, BNews.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне сұхбат берді.

Александр, Сіз алған алтын медаль үшін әрбір қазақстандық мақтанады. Сіз адам мүмкіндігінің шексіз екенін тағы бір дәлелдеп бердіңіз. Сұхбатқа келіскеніңіз үшін алғыс білдіреміз.

Финишке бірінші болып келгендегі сезіміңіз...

Қандай деп айтсам екен. Қатты қуандым. Былайша айтқанда, жеңіс сезімі тәтті ғой. Не айтарымды білмеймін. Кеудеңді қуаныш кернеп, терең тыныс аласың.

Жеңістен кейін сіз "Осы жарысқа ресейлік спортшылар да қатысып, мен жеңсем, абсолютті чемпион болар едім" дедіңіз. Неге?

Олай айтқаным, Ресей спортшылары – өте лайықты жігіттер. Шынымен де олардың дайындығы өте жоғары. Мәреге жетуде де межені алыстан алады. Сондықтан нағыз қарсыластарым солар болатын.

Ойын кезінде қандай қиындық болды? Физикалық жағынан, моральдық тұрғыдан...

Мен үшін ешқандай қиындық болмады. Моральдық тұрғыдан өзімді жақсы сезіндім. Сабырлы болдым. Шаңғыларым да сақадай сай тұрды. Физикалық жағынан да бір жерім қатты ауырды деп айта алмаймын. Дегенмен маған әлі де дайындалу керек еді деген ойда болдым. Ал, трассаға келсек, күн жылы болған соң әсер етеді. Ол барлық жерде - Сочиде, Германияда да сондай қар жатты. Яғни, біз жүргеннен кейін жол кішкене бұзылады.

Паралимпиада чемпионы болу қалай екен?

Керемет деп айта алмаймын. Керісінше, маған қиын болып кеткен сияқты. Қаншама адам назар аударып, телеарналар, журналистер "тыныштық бермейді". Мен жаттығуда тау басында жалғыздыққа үйреніп қалғанмын. Жаттығамын, демаламын, тамақты уақтылы ішемін. Ал, қазір барлығы өзгеріп кеткендей. Айналаңда көп адамның жүргеніне үйренбегендіктен, біраз режимім бұзылды. Тамақты әдеттегідей ішіп жүрген жоқпын. Уақытым жетпей кетті. Осының барлығы әсер етіп жатыр. Қазір қандай күйде жүргенімді әлі түсіне алмай келемін (күледі – ред.).

Сіздің спортпен шұғылдануыңызды кім қаржыландырады? Ақша жағынан қандай да бір қиындық болды ма?

Мемлекет пен Ұлттық Паралимпиада комитеті қаржыландырды. Ал олардың қай жаттығуды қалай қаржыландырғанын айта алмаймын. Мысалға, шетелдегі жиындарға кім билет алды, қалай ақша бөлінді дегенді мен білмеймін. Құрал-жабдықтың да кімнің ақшасына алынғанынан хабарым жоқ. Мұндай дүниелерді жаттықтырушы реттейді. Тек айтарым, қанша жиынға барсақ та, жаттығу кезінде де жол, шаңғы, киім-кешек жағынан проблема болған емес. Бәрі өз орнымен, келісімшартқа сәйкес орындалды.

Александар, келешекте Паралимпиаданың бірнеше дүркін чемпионы болып, журналистер одан әрі "тыныштық бермегенін" тілеймін. Жеңісті күндерде жолығайық!

Рахиля Бекназарқызы

`