Айман Мұсақожаева: Бұл қадам қазақ тілін осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады

Айман Мұсақожаева: Бұл қадам қазақ тілін осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады

13 қыркүйек, 17:46 9400 Астана
Айман Мұсақожаева: Бұл қадам қазақ тілін осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады

Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева қазақ қоғамы үшін латын әліпбиіне көшу – заман талабы, әлемдік өркениет көшінен қалмаудың бір жолы деп санайды. Бұл туралы ол мемлекет басшысының атына жолдаған хатында айтқан, деп хабарлайды Вnews.kz

«Қазақ қоғамы үшін латын әліпбиіне көшу – заман талабы, әлемдік өркениет көшінен қалмаудың бір жолы. Бұл әрі қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейте түсуге бағытталған басты қадам. Қазақ халқы өз тарихында бірнеше рет әліпби ауыстырған халық. Көне түркі дәуіріндегі руникалық әліпби мен ислам дінін қабылдағаннан кейінгі араб әліпбиінде айтпағанда, XX ғасырдың өзінде бірнеше рет әліпби өзгерткен еді. XX ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынов реформалаған араб әліпбиі қолданылған болатын. Ал 1926 жылы Баку қаласында өткен түркология конференциясынан кейін барлық түркі халықтарының латын әліпбиіне өтуі туралы ортақ шешім қабылдануына байланысты, 1928 жылдан 1940 жылға дейін латын әліпбиі қолданылды. Бұл тұрғыдан алғанда қазақ халқы латын әліпбиіне қайта оралуда десек те болады»,- деп жазады А. Мұсақожаева.

Атап айтарлығы, өнер майталманы әліпби ауыстыру мәселесінде баста назар аударатын бірқатар маңызды жайттарға тоқталады. Біріншіден, латынға көшкен халықтардың кемшіліктерін қайталамау. «Бұл орайда латын әліпбиіне өту жұмыстарын бізден бұрын қолға алған Өзбекстан, Түркіменстан және Әзербайжанның тәжірибесіне назап аударып, олардың жіберген кемшіліктерін қайталамауға тиіспіз. Яғни, біз бұл мәселені барлық жағынан таразылап, латын әліпбиіне ғылыми шешіммен өтуіміз керек. Әрине жаңа әліпбиіміздің нақты фонетикалық принциптерге негізделуі, төл дыбыстарымыздың дұрыс таңбалануы мәселесінде лингвист ғалымдарымызға үлкен міндет жүктелері анық. Сол себептен тіл саласындағы ғалымдарымыз, мамандарымыз жаңа әліпбиіміздің ана тіліміздің емлесі мен дыбыстық ерекшеліктері сай жасалуын жіті қадағалап, бұл бағыттағы істерді жеделдетудің жолдарын қарастырса деген тілектеміз»,-дейді ол.

Қазақтың өнерін күллі әлемне паш еткен Айман Мұсақожаева латын әліпбиіне ауысуға қадам жасау қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдыратынын айтады. «Қадірлі Елбасы! Ана тіліміздегі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерден мейлінше арылтып, сол арқылы қазақ тілінің таза қалпын сақтауға мүмкіндік беретін және халықаралық ақпарат кеңістігіне кедергісіз кіруге тиімді жол ашатын бұл игілікті іс жалпы халық тарапынан қызу қолдауға ие болуда. Қазақ ұлттық университетінің ұжымы, мәдениет және өнер қайраткерлері тәуелсіз Қазақстанды жаңа сапалық деңгейге көтеретін бұл бастамаға барынша қолдау білдіреміз»,-делінген аталған хатта.

«Латынға көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады» деген пікірді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының труппа жетекшісі, режиссер Ләйлім Иманғазина да қостайды. «Латынға көшу арқылы қазақ тілінің таза табиғи қалпын сақтай аламыз. Бұл әліпбиге көшсек, жастар терең инженерлік, техникалық мамандықтарды қиындықсыз игере алады. Бұл тілдің ғылыми әрі көркем жасалғандығын бүкіл әлем мойындауда. Латын графикасы арқылы таңбаланған қазақ әліпбиі мен жазуы Қазақ елін осы биіктерге бастайтынына кәміл сенемін»,-дейді ол.

`

Серіктестер жаңалықтары