Асанәлі Әшімов: Латын әліпбиі – әлемдік кеңістікке апаратын жол

Асанәлі Әшімов: Латын әліпбиі – әлемдік кеңістікке апаратын жол

13 қыркүйек, 19:01 7367 Астана
Асанәлі Әшімов: Латын әліпбиі – әлемдік кеңістікке апаратын жол

Латын әліпбиіне көшу туралы Елбасының бастамасын қоғам және мемлекет қайраткерлері, ұлт зиялылары бірауыздан қолдап, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына арнайы хат жолдауда. Сондай хаттардың бірін Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан және КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Асанәлі Әшімов ағамыз жолдапты, деп хабарлайды Вnews.kz

Өз хатында ол Елбасына деген ерекше ықыласын, асқан ырзашылығын және халықтың арзашылығын жеткізген. «... Еңбек Ері деген ең үлкен дәрежелі марапатты алып тұрып, Сізге «Еліме әлі де қызмет етемін» деп айтқан едім... Ұлт руханияты үшін қандай да болса, келелі істердің басы-қасында бар екенімді білдіргім келеді»,- деп басталады осы хат.

Асанаәлі Әшімовтің пікірінше, рухани жаңғыру заманындағы барлық озық техниканың үлгісі болып тұрған латын әліпбиіне көшу бұл – еліміз үшін, өнеріміз бен мәдениетіміз үшін үлкен рухани құбылыс.

«Латын әліпбиін енгізу – халқымыздың білімі мен мәдениеті, өнерінің дамуына тағы бір серпіліс әкелетін дара жолы деп білемін. Республика Парламентінің мәжілісінде «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» өткен тыңдау Парламенттің өз сайлаушыларының көңіл-күйін, еліміздің егемендікті бекітуге деген арман-тілегін жақсы білетінін көрсетті. Мәжілістің отырысында «Қазақ тілін жаңғыртудың басты көрсеткіші – латын жазуына көшу» деп атап көрсетіліп, бұл қадамның әлем қазақтарын біріктіртетін өте маңызды фактор екеніне назар аударылуы соның тағы бір жарқын дәлелі»,- деп жазады А. Әшімов.

Қазақстан театрлар қауымдастығының төрағасы, М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театрының көркемдік жетекшісі қызметін атқаратын Асанәлі ағамыз ұлттық өнердің қара шаңырағы болып саналатын үлкен ұжымның ел болашағы үшін қабылданатын маңызды шешімге қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізген. Ол өз хатын «Латын әліпбиі – әлемдік кеңістікке енуге апаратын жол»,- деген жүрекжарды лебізімен түйіндепті.