Үкіметтік емес ұйым өкілдері латын әрпіне көшуді қолдайды

Үкіметтік емес ұйым өкілдері латын әрпіне көшуді қолдайды

13 қыркүйек, 15:15 7463 Астана
 Үкіметтік емес ұйым өкілдері латын әрпіне көшуді қолдайды

Еліміздегі үкіметтік емес ұйым өкілдері латын қарпіне көшуді қолдайды. Бұл туралы Халықаралық «Жанашыр» қорының президенті Жаңыл Әпетова мәлімдеді, деп хабарлайды Вnews.kz.

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін және болашақта барлық саладағы іс-қағаздар мен оқулықтар да осы қаріппен жазылуы тиіс екенін қадап айтты.

Президентіміз латын әліпбиіне көшудің нақты жолдарын айтып, осы мәселе зиялы қауым арасында кеңінен талқылануы қажет екенін алға тартты. Сондықтан, күн тақырыбында өткір тұрған, бүгінде қоғамда қызу талқыланып жатқан латын әліпбиіне көшу мәселесіне байланысты ой қозғау үшін ғалымдарды, көпті көрген көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың қатысуымен Халықаралық «Жанашыр» қоры кешенді шараларды жүзеге асырып келеді.

«Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының гранттық бағдарламасының аясында «Халықтың ұлттық-мәдени бірлігін сақтаудағы зиялылардың рөлі» тақырыбындағы жобасы аясында өтіп жатқан дөңгелек үстелдер мен конференцияларда, колледждер мен мектептердегі кездесулерде халықтың латын қарпіне көшу жөніндегі пікірлерін білудеміз» - деп атап өтті ұйым басшысы Жаңыл Әпетова.

Шаралардың қатысушыларына арналған сауалнамаларда да осы тақырыптардағы пікірлерін білдіру сұралған. Өткізілген шаралардың нәтижесі көрсеткендей, қатысушылардың 80-90 пайызы латын әрпіне көшуді қолдайтындықтарын білдіруде.

Жаңыл Әпетованың айтуынша, бүгінгі таңда кириллица жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланады екен. Ал қалған мемлекеттердің көбі латын әліпбиін қолданады. Демек, бұл кең таралған жазу. Бүгінде әлемнің әр түкпірінде 5 миллионға жақын қазақ тұрады. Оның 80 пайызы латын әліпбиін қолданады. Яғни, біз болашақта латын әліпбиіне көшсек, сол қазақтармен жақындаса түсеміз. Бұл – сырттағы ағайынның көптен күткен арманы.

«Біз, қазақстандықтар көпшілік болып латын қарпіне көшуге әзір екенімізді көрсетіп, осындай маңызды қадамға баруға ауызбіршілік танытқанымыз жөн деп білеміз» - сөзін түйіндеді «Жанашыр» қорының президенті Жаңыл Әпетова.