"7-20-25" бағдарламасы бекітілді

19 маусым, 2018, 12:14 2209

Арзандатылған ипотекаға тек жеке баспанасы жоқ қазақстандықтар ғана үміткер бола алады.

ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 31 мамырдағы №107 қаулысымен "7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру" ипотекалық тұрғын үй несиелеу бағдарламасы бекітілді, деп хабарлайды BNews.kz Басқарманың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бағдарлама Мемлекет басшысының 2018 жылғы 5 наурыздағы халыққа арналған "Президенттің бес әлеуметтік бастамасы" үндеуінде айтылған бірінші әлеуметтік бастаманы іске асыру аясында әзірленді. Атап айтқанда, ипотекалық қарыздарды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 7%, бастапқы жарна – 20%, қарыз мерзімі – 25 жылға дейін болатын талаптармен беруді көздейтін "7-20-25" бағдарламасын іске қосу тапсырылды.

Аталмыш бағдарлама ипотекалық тұрғын үй қарыздарын берудің негізгі талаптарын, қарыз алушылар мен банктерге бағдарламаға қатысу үшін өлшемшарттарды, банктердің оператормен өзара іс-әрекет жасау тәртібін, сондай-ақ Бағдарламаны ойдағыдай іске асыру үшін заңнамалық актілер деңгейінде қабылдануға тиіс шараларды айқындайды.

Бағдарламаға Қазақстан Республикасының еңбек және/немесе кәсіпкерлік қызметтен алатын табысы бар, сондай-ақ меншік құқығында тұрғын үйі жоқ кез келген азаматы қатыса алады.

Бағдарламада Қазақстан Республикасының кез келген өңірінде бастапқы нарықта тұрғын үй сатып алу үшін мынадай құн шегінде ипотекалық тұрғын үй қарызын алу мүмкіндігі қаралады:

25 млн теңге – Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалаларында;

15 млн теңге – басқа өңірлерде.

Бағдарламаның операторы ҚР Ұлттық Банкінің еншілес ұйымы – "Баспана" ипотекалық ұйымы" АҚ болып табылады. Оператор облигацияларды шығару және орналастыру есебінен қаржыландырудың нарықтық тетіктерін пайдалана отырып, Қазақстан қор биржасына (KASE) кемінде 1 трлн теңгені тартады және алынған қаражатты Бағдарламаның талаптары бойынша қатысушы банктер берген ипотекалық тұрғын үй қарыздарын сатып алуға жібереді.

Бағдарлама аясында қатысушы банктерге қатысты өлшемшарттар айқындалатын болады. Қатысушы банктердің тізімі "Баспана" ипотекалық ұйымы" АҚ-мен тиісті шарттар жасасқан соң ҚР Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсында жарияланады. Бағдарламаның талаптарына сәйкес, қатысушы банктердің қарыздар беру және қызмет көрсету үшін қарыз алушылардан комиссия алуға құқығы жоқ.

Қатысушы банктердің қарыздарды беру рәсімдерінің басталғаны туралы ақпарат Қазақстан Ұлттық Банкінің интернет-ресурсында да орналастырылатын болады. "7-20-25" бағдарламасы 2018 жылдың екінші жартысында іске асырыла бастайды.

"7-20-25" бағдарламаның талаптарын түсіндіру үшін Қазақстан Ұлттық Банкінің "ҚҰБ "Online" мобильдік қосымшасында 2018 жылғы 19 маусымнан бастап "7-20-25" жаңа бөлімі іске қосылды, онда осы бағдарламаға қатысты қызығушылық тудыратын сұрақтарға жедел жауап алуға болады.

"ҚҰБ "Online" мобильді қосымшасы AppStore және PlayMarket интернет дүкендерінен қазақ және орыс тілдерінде көшіріп алуға болады.

"7-20-25" бағдарламасымен мына сілтеме бойынша ҚР Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсында танысуға болады.

Біздің Telegram-парақшамыздаҚазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

#тұрғын үй #мемлекеттік бағдарлама #Ұлттық банк

Читайте также

Похожие новости