Абаев 5G ұялы байланысы қашан іске қосылатынын мәлімдеді - Жаңалықтар | BNews

Абаев 5G ұялы байланысы қашан іске қосылатынын мәлімдеді

14 тамыз, 2018, 15:32 2318 Астана
Абаев 5G ұялы байланысы қашан іске қосылатынын мәлімдеді

Министр жалпы, 5G стандарты не үшін қажет екеніне де тоқталып өтті.

Бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев 2019 жылдың 2 тоқсанында 5G ұялы байланыс технологиясының пилоттық тестілеуден өткізілетіні жоспарлап отырғанын мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

"Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ұялы байланыс стандарттарының жаңа буыны әр 10 жыл сайын әзірленіп отырады. 1981 жылы бірінші стандарт – 1G, 1992 жылы - 2G, 2001 жылы - 3G және 2010 жылдың аяғында - 4G енгізілді. 2020 жылға қарай 5G стандартын енгізу күтілуде. 5G ұялы байланысын Қазақстан Республикасының аумағына енгізу Халықаралық электробайланыс одағының 5G стандартын қабылданғаннан кейін мүмкін болады. 2019 жылы Египеттің Шарм-эш-Шейх қаласында өтетін Дүниежүзілік радиобайланыс конференциясында осы шешімді қабылдау жоспарланған", - деді ведомство басшысы.

Министрдің сөзінше, Халықаралық электробайланыс одағы 5G стандартын қабылдағаннан кейін ғана телекоммуникациялық жабдықтардың өндірушілер қабылданған стандарт бойынша жұмыс істейтін тиісті құрылғыларды жаппай өндіруді бастайды.

"Өз кезегінде Министрлік 2019 жылдың 2 тоқсанында 5G ұялы байланыс технологиясын пилоттық тестілеуден өткізуді жоспарлап отыр. 5G ұялы байланысын пилоттық тестілеу үшін Министрлік жиіліктерді іріктеу жұмысын Астана, Алматы қалаларында және Ақмола, Алматы облыстарында жүргізіп жатыр. Сонымен бірге, Қорғаныс министрлігімен келісілген жиілік ресурстары операторлардың біреуінде ғана 5G технологиясын тестілеуден өткізу жеткілікті. Яғни, Министрлік жуық арада 5G мобильді байланыс технологиясын пилоттық тестілеуден өткізу үшін байланыс операторын анықтауы қажет", - деп сөзін жалғастырды ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі.

Ведомство басшысы жалпы, 5G стандарты не үшін қажет екеніне де тоқталып өтті.

"Бұл ең алдымен жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етеді. Кейбір сарапшылар 5G қосылған жағдайда пилотсыз көліктер жүргізуге мүмкіндік пайда болатынын айтып отыр. Мысал үшін: бұл 4G мобильді байланыс технологиясымен салыстырғанда жылдамдығы 40 есе көп технологияны ұсынады. Интернет еш кедергісіз жұмыс істеген жағдайда көптеген артықшылықтарға қол жеткіземіз. Денсаулық сақтау саласында нақты уақыт режімінде қашықтықтан күрделі операциялар жүргізу үшін қолдануға болады", - деді министр. 

Сондай-ақ, ол 5G стандарты қауіпті аймақтарда, яғни кен орындарында немесе құрылыс барысында экскаваторды, кранды кабинетте немесе орталық басқару бөлмесінде отырып-ақ белгілі қашықтықтан басқаруға мүмкіндік беретінін айтып өтті.

Министр жалпы "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасының мақсатын түсіндіріп өтті.

"Цифрлық Қазақстан" бағдарламасының мақсаты – мемлекетіміздің экономикалық дамуының қарқынын ұлғайту және цифрлық технлогиялар арқылы ел тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін телекоммуникациялық инфрақұрылымды жақсарту қажет. Осыған орай Министрлік КЖҚ, ЛТЕ, 5G сынды бірқатар жобаларды жүзеге асырып жатыр. Яғни ауылдарға интернеттің кеңжолақты қолжетімділігін қамтамасыз ету, 5G және дата-орталықтар сияқты жобаларды дайындауды қолға алдық", - деді Дәурен Абаев.

Сонымен қатар, ведомство басшысы бір жыл бойы мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталықтарымен және жобаға қызығушылық танытқан мемлекеттік органдармен жұмыстар жүргізгендерін айтты.

"Осылайша "Қазақстан Республикасының ауылдық елді мекендерін талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету" мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша биылғы жылдың наурызында Білім және ғылым, Ұлттық экономика, Қаржы, Денсаулық сақтау министрліктері және "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіретін Конкурстық комиссия құрылды. Наурыз айында жарияланған жеке әріптестерді анықтау бойынша конкурс тұтыну кепілі сомасының артуына және Консорциумның құрамы конкурстық өтінішке сай келмеуіне байланысты өткізілген жоқ. Осыған орай, конкурс мамыр айында қайта жарияланды. Оның қорытындысы бойынша "Қазақтелеком" акционерлік қоғамы және "SilkNetCom" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және "Транстелеком" акционерлік қоғамы бар Консорциумның конкурстық өтініштері үздік деп танылды", - деп түсіндірді Ақпарат және коммуникациялар министрі.

Оның берген мәліметіне сәйкес, үздік деп танылған жеке әріптеспен мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жоспарлау және іске асыру қағидаларына сәйкес Конкурстық комиссия мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының талаптарын нақтылау бойынша келіссөз жүргізіп жатыр.

Министрлік бұл жобаның әлеуметтік маңызды, ұзақ мерзімді, республикада аналогы жоқ жоба екендігін ескере отырып Kazakhstan Project Preparation Fund компаниясын тартты Бұл компания шарттың 14 жыл ішінде мемлекеттің және көрсетілетін қызметті алушылардың тәуекелдерін барынша азайту мақсатында консультациялық қолдауды жүзеге асырады.

Сөз соңында Дәурен Абаев қазір Министрлік конкурстық комиссия мүшелерімен, жеке әріптестермен және Kazakhstan Project Preparation Fund компаниясымен бірге мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарының тәуекелдері бойынша қарқынды және жан-жақты талқылау жүргізіп жатқанын айтты.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: