Абаев аймақтық БАҚ форумының ұйымдастырылу мақсатын атап өтті

27 Сентября, 2018, 15:17 3371
Абаев аймақтық БАҚ форумының ұйымдастырылу мақсатын атап өтті |  | BNews.kz

Аталған форум Astana Media Week апталығы аясында өтіп жатыр.

Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Astana Media Week апталығы аясында жұмысын бастаған аймақтық БАҚ форумының ұйымдастырылу мақсатын атап өтті. Министрдің сөзінше, мұндағы негізгі мақсаттардың бірі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бір-бірлерін танып, пікір алмассын деген ниет, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі. 

"Биыл үшінші жыл өңірлік масс-медиа өкілдерінің басын қосып отырған форум Astana Media Week аясында өтіп жатқаны баршаңызға мәлім. Журналистер үшін баспасөз қызметі мен ақпарат саласының басқа да қызметкерлері үшін семинар, тренингтер өтті. Мемлекеттік мүддені халыққа жеткізуде, қоғамдық өзгерістерге сай көзқарас қалыптастыруда аймақтық медианың атқарар маңызы зор", - деді министр.

Дәурен Абаев осы орайда қазіргі күні өңірлік ақпарат құралдарының алдында үлкен мақсат-міндеттер тұрғанын атап өтті. Ол – Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан саяси, экономикалық және "Рухани жаңғыру" жөніндегі кешенді реформаларға жұмыс жасауға жұмылдыру.

"Маңызды шаралар дәстүрлі аймақтық БАҚ форумында жалғасын тауып отыр. "Бір ауылдан мың туысың болғанша, әр ауылда бір туысың болсын" деген сөз бар. Мұндағы негізгі мақсаттардың бірі сіздер бір-бірлеріңізді танып, пікір алмассын деген ниет. Осылайша еліміздің медиа саласын әр тараптан емес, ортақ мүдде аясында дамысын деген тілек", - деп мәлімдеді министр.

Оның айтуынша, өткен жылы аймақтық БАҚ тарапынан бірқатар мәселелер көтерілген болатын. Сол уақыттан бері Ақпарат және коммуникациялар министрлігі ұсыныстарыңызды зерделеп, аймақтық медиа қызметінің сапасын арттыру бойынша бірқатар шараларды іске қосты. Атап айтқанда, қазір министрлік эфирде цифрлық форматта телехабар таратуға ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

"Аймақтық форумның көздеген тағы бір мақсаты – ел тұрғындардың медиа сауаттылығын арттыру, медиа мәдениетін қалыптастыру. Аймақтық журналистер тарапынан осындай мәселелер көтеріліп, оның белгілі бір деңгейде шешімін табуы форумның пайдалы тұсын аңғартады. Алдағы уақытта аймақтық медиа форум өзара пікір мен тәжірибе алмасудың тұрақты алаңына айналады деп сенемін. Министрлік өңірлік мас-медианың сапасын арттыратын кез келген бастаманы қолдауға әзір", - деп сөзін қорытындылады Дәурен Абаев.

Сондай-ақ, Аймақтық БАҚ форумы аясында өңірлік мерейтой иелері Шығыс Қазақстан облысы "Рудный Алтай" басылымы, "Атырау" газеті, Ақмола облысының "Есіл-Нұра", Қызылорда облысы"Жаңақорған тынысы" газеті, Алматы облысы "Заман" газеті, Павлодар облсының "Ақ жол" газеті мен "Халық" радиосы, Қарағанды облысы "Жаңаарқа" газеті, "Вечерний Алматы" газеті, "Маңғыстау" газеті, Қарағанды облысы "Сарыарқа" газеті, "Алматы Ақшамы" газеті, Қостанай облысының "Алау ТВ" телекомпаниясын марапаттау рәсімі өтті.

Бұған дейін кеше, яғни 26 қыркүйекте Астанадағы "Қазмедиа орталығында" отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары мен басқа да сала өкілдерінің басын қосатын Astana Media Week апталығы басталғанын хабарлаған болатынбыз. Astana Media Week апталығы 26-28 қыркүйек аралығында өтеді. Жиынға 2 мыңнан астам қонақ келеді деп жоспарланған.

Рекомендуем
Димаш Құдайберген "The World's Best" шоуында америкалық тыңдармандарды таңдандырды 13934

Похожие новости