Абай ауылындағы баланы зорлау туралы іс бойынша жасөспірім 7 жылға сотталды

10 қаңтар, 2019, 20:03 770
Абай ауылындағы баланы зорлау туралы іс бойынша жасөспірім 7 жылға сотталды

16 жастағы айыпталушы сот залынан күзетпен қамауға алынды.

Түркістан облысы, Абай ауылындағы 7 жасар баланы зорлау дерегі бойынша атышулы іске нүкте қойылды. Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты айыпталушы ретінде танылған  8-сынып оқушысын 7 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлады ҚазАқпарат.

"16 жастағы айыпталушы Қылмыстық кодекстің 121-бабының 4-бөлігінде ("Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер") қарастырылған қылмыс белгісімен кінәлі деп танылсын. Оған осы баппен педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу құқығынан екі жыл мерзімге айыра отырып, жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Сот залынан күзетпен қамауға алынсын",- деді судья Саммедин Темірәлиев.

Айта кетейік, осы жылдың 26 қыркүйегінде басталған сот процесі жабық өтті. Бұған дейін осы істі тергеген ҚР Бас прокуратурасының тергеу тобы 14 кешенді сот сараптамасы мен төрт түрлі зерттеу жүргізілгенін мәлімдеген болатын. Осы қылмысқа қатысы бар деген күдіктінің үшеуі 14 жасқа толмауына байланысты жазадан босатылған болатын. Тек 16 жастағы балаға қатысты іс қаралды.

Еске салайық, ағымдағы жылдың наурыз айында Түркістан облысында 7 жасар баланы зорлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сол аймаққа бала жөніндегі бұрынғы уәкіл Зағипа Балиева арнайы келіп, "жоғары сынып оқушылары тарапынан зорлық көрді" делінген баланың жай-күйімен танысқан.

Әлеуметтік желіде "Абай ауылындағы мектептердің бірінде 7 жасар баланы жоғары сынып оқушылары бірнеше рет зорлап келген" деген ақпарат тараған болатын. Жеткіншектің әжесі құзырлы органдарға арызданғанымен, бұл жайтқа қатысты тергеу шаралары жүргізілмегенін айтып шағымданған. 20 наурыз күні аймақ әкімі Жансейіт Түймебаев келеңсіз жағдайға байланысты жауапты тұлғаларға ескерту мен сөгіс жариялап, бірқатар полиция қызметкерін жұмыстан шеттеткен еді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар