Әбдіқалықова: Сыбайлас жемқорлық қатерлерін азайтатын тиімді тетіктерді енгізу қажет

15 қараша, 2018, 09:41 1170 Астана
Әбдіқалықова: Сыбайлас жемқорлық қатерлерін азайтатын тиімді тетіктерді енгізу қажет

Ол сыбайлас жемқорлықты азайту үшін жергілікті жерлерде әрбір инвестициялық жобаның жүзеге асырылуын қамтамасыз етіп, электрондық ресурстар мүмкіндіктерін кеңінен қолдану маңызды екенін атап өтті.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті, деп хабарлайды BNews.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Басқосуда халықты жұмыспен қамту саласындағы заңдылықты сақтауға, сондай-ақ инфрақұрылымдық дамудың "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға бөлінген қаражатты пайдалану тиімділігіне қатысты қабылданып жатқан шаралар талқыланды.

Отырыста Бас прокуратура, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Инвестиция және даму, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері басшыларының баяндамалары тыңдалды.

Жиынды ашқан Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы 7 қарашада өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғаса беретінін, халық қаражаттың қайда және қандай мақсатқа жұмсалғанын білуге тиіс екенін айтқанын еске салды.

Халықты жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі – мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізі. Жұмыспен қамту ісіне қолдау көрсету мақсатымен қабылданған кешенді бағдарламалар еңбек нарығында тұрақтылықты сақтауға және дағдарыс кезеңдерінің келеңсіз салдарын жұмсартуға септігін тигізді.

Бағдарламаларды қаржыландыруға айтарлықтай мемлекет қаражаты бөлінуде. Сонымен бірге, 2016 жылдан бері антикоррупциялық қызмет 194 қылмысты тіркеп, 32 адам сотталды. Заң бұзу жайттары негізінен жұмысқа тұру фактілерінің жалғандығымен, бюджет қаражаты мен берілген шағын несиелердің мақсатына сай жұмсалмауымен байланысты болып отыр.

Гүлшара Әбдіқалықова сыбайлас жемқорлық қатерлерін азайтатын тиімді тетіктерді енгізу қажеттігін айтты.

Сондай-ақ, құқық қорғау және бақылау органдарының өкілдері Комиссия мүшелеріне қаржыландыру көлемі 3 триллион теңгеден асқан "Нұрлы жол" инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға байланысты көптеген заң бұзушылықтар анықталғаны жөнінде мәлімдеді. Бағдарлама жүзеге асырыла бастағалы сотқа дейінгі 120 тергеу амалы жүргізіліп, 48 адам сотталған. Мемлекеттік аудит органдары жалпы құны 48 миллиард теңге болатын заң бұзу жайттарын анықтаған.

Мемлекеттік хатшы сыбайлас жемқорлықты азайту үшін жергілікті жерлерде әрбір инвестициялық жобаның жүзеге асырылуын қамтамасыз етіп, электрондық ресурстар мүмкіндіктерін кеңінен қолдану маңызды екенін атап өтті.

Талқылау қорытындысы бойынша Комиссия өкілетті мемлекеттік органдарға анықталған заң бұзу жайттарын жою үшін нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма берді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар