"Абу-Даби Плазадан" жұмыстан босатылғандарға өтемақы төленеді – Дүйсенова - Жаңалықтар | BNews

"Абу-Даби Плазадан" жұмыстан босатылғандарға өтемақы төленеді – Дүйсенова

06 ақпан, 15:34 875 Астана

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің сөзіне қарағанда, 62 жұмысшымен келісімшарт іс жүзінде тоқтатылады.

Астанадағы "Абу-Даби Плаза" құрылыс кешенінен 400-ге жуық құрылысшының жұмыстан шығарылуына қатысты жағдайға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова пікірін білдірді, деп хабарлайды BNews.kz.

"Әрбір кәсіпорын жұмысшы алар кезде жұмыс ауқымын анықтайды. "Абу-Даби Плаза" кешенінде жұмыс жасап жатқан төрт мекемеге де құрылыс және әрлеу жұмыстарының ауқымы белгіленіп берілген. Қазіргі кезде жұмыстар аяқталған. Жұмыс берушілер жұмысшылармен келісімшартқа отырған кезде қай уақыт аралығында жұмыс атқарылатыны белгіленген", - деді министр Үкімет отырысынан кейін журналистерге.

Сондай-ақ, Тамара Дүйсенованың айтуынша, жұмыс ауқымының азайып, аяқталғанын қызметкерлерге ескерткендерін жұмысшыларды жалдаған компания басшылығы еңбек инспекторларына айтқан.

"Қазір Еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті орган өкілдері сол жаққа барып, жұмысшылармен сөйлесті. Ең алдымен, жұмысшылар келісімшартқа сәйкес, жұмыс аяқталғаны туралы жазбаша ескерту қағаз алады. Оларға жарты айлық еңбекақы көлемінде өтемақы төленеді. Қазір ондай келісім бар", - деп атап өтті министр.

Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, "Абу-Даби Плаза" кешенінің 62 жұмысшысы келісімшарт мерзімінің аяқталғаны туралы ескерту алады.

"Бұл жерде төрт компания туралы айтылып жатыр, ал онда 11-ден де астам компания жұмыс жасап жатыр. Әр компанияның өз жұмыс ауқымы бар. Бір компания жұмысын аяқтаған кезде, орнына екіншісі келеді. Жергілікті еңбек инспекциясы берген мәліметке сәйкес, қазіргі кезде мұндай ескерту 62 адамға берілуі керек", - деді Тамара Дүйсенова.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 5 қаңтарда елордадағы ең биік ғимарат "Абу-Даби Плаза" кешенін салып жатқан 400-ге жуық адам бір күнде жұмыссыз қалғанын хабарлаған. Құрылыс компаниялары алдын ала ескерту жасамаған. Және өтемақы төлемейтіндерін ашық айтқан. Бір-бір үйді асырап жүрген азаматтар Еңбек кодексі бойынша өз құқықтарын талап етуге кірісті.

"Абу-Даби Плаза" құрылысшыларының жұмыстан босатылуына қатысты жағдайды "Нұр Отан" партиясы өз бақылауына алды. Партия Астана қалалық прокуратурасынан бұл шешімнің қаншалықты заңды екенін тексеруді сұрады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары