Агросаланы цифрландыру аясында Қарағанды облысындағы өнімділік 50%-ға артты

08 қараша, 2018, 10:33 3366 Қарағанды облысы
Агросаланы цифрландыру аясында Қарағанды облысындағы өнімділік 50%-ға артты

Сынақ түрінде егілген алқаптан әр гектарынан 40-50 центнерден астық жиналған.

Биыл Қарағанды облысының егін алқаптарына алғаш рет цифрландыру жүйесі бойынша нақты егіншілік технологиясы енгізілді. Сынақ түрінде егілген алқаптан әр гектарынан 40-50 центнерден астық жиналған. Бұл басқа алқаптардағы өнімнен екі есеге көп, деп хабарлады BAQ.KZ.

"Ауыл шаруашылығын цифрландыру" бағдарламасы бойынша нақты егіншілік әдістері Қазақстанның төрт аймағындағы тоғыз шаруа қожалықтың егіс алқаптарына пилоттық режимде қолданылды. Қарағандыда заманауи сандық технология Осакаров ауданындағы "Найдоровское" ЖШС мен Нұра ауданының "Шахтерское" ЖШС-да жүзеге асырылып, егістік алқаптарын озық технологиямен цифрландыру жүйесі өзінің тиімділігін көрсетті. Күзде диқандар әр гектардан 40-60 центнерден бидай жинаған. Бұл дегеніңіз - өнімділік елу пайызға артты деген сөз.

"Біздің шаруа қожалықтың егіс алқаптарына Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ғалымдары нақты егіншілік технологиясын қолданып жатыр. Бұл - оңай шаруа емес. Биылғы жылы алғашқы қадамдар жасалды. Ғалымдар жерден сынама алып, бізге қай жерге қандай өнім егуге болатынын және тағы да басқа ұсыныстарын айтты. Сынақ түрінде өсірілген алқаптарда бидай жақсы өсті. Әр гектардан шамамен 50 центнерден өнім алдық. Ал басқа алқаптардан біз бір гектардан 20-25 центнер өнім жинаймыз", - дейді "Найдоровское" ЖШС директоры Павел Лущак.

Осакаров ауданындағы "Найдоровское" алқаптарында бидайдың қатты және жұмсақ сорттарынан басқа зығыр, жасымық, күнбағыс, арпа, бөрібұршақ және басқа да дақылдар өсіріледі. Бұрын барлық алқаптан бір ғана сынама алынып, зертханаға жіберіліп, қорытындысы алынатын. Ал нақты егіншілік технологиясы бойынша сынама әрбір гектардан алынады. Ғалымдар осы сынамалардың қорытындысы бойынша қай жердің аумағы қанша тыңайтқышты қажет ететінін, қандай дақылдар қай жерде жақсы өсетінін және өнімді көбірек беретінін анықтайды. Нақты бір алқапқа қажетті тыңайтқыштардың, тұқымның және басқа ресурстардың көлемі дәл есептеледі. Осылайша, спутниктік және компьютерлік технологияларды пайдалану арқылы артық шығын жұмсалынбай, егіннің өнімділігін арттыруға мүмкіндік бар.

"Егіс алқаптарының 550 гектар жерін нақты егіншілік технологиясына бөліп, алқаптарға "австриялық дурум" сұрыпты бидай тұқымы егілді. Сараптамалар "Ауыл шаруашылығын цифрландыру" бағдарламасы аясында тегін жасалды. Алқаптарда ауа температурасы мен желдің жылдамдығын, топырақтың температурасы мен ылғалдылығын көрсетіп тұратын метеостанциялар орнатылды. Осы шаралар өсімдіктердің дертке шалдыққанын, арамшөптердің өсуі сияқты жағдайларды да қадағалауға мүмкіндік береді", - дейді Павел Лущак.

Сандық технология еңбек өнімділігін арттырып ғана қоймай, шаруа қожалығының басшысына жанармай мен тыңайтқыштарға кететін қаржыны үнемдеуге мүмкіндік берген.

"Осы тәсіл арқылы өнімнің өзіндік құнын жоғалтпай, материалдық шығындарға қаржы аз жұмсау арқылы өнімділікті ұлғайтуға мүмкіндік туды. Астықты Италия мен Австрия елдеріне, яғни Еуропаға экспорттауды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта бидайға осы елдерден сұраныс бар. "Австриялық дурум" сорты жұмсақ сортты бидай тұқымдарына қарағанда қымбатырақ. Жалпы бидайдың қатты сортын өсіру барлығымызға да тиімді. Еліміздің солтүстік аймақтарымен бәсекеге түспейміз", - дейді "Найдоровское" ЖШС директоры.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар