"Айкөне" қазақи жаттығулары: омыртқаңызға жаңа өмір сыйлаңыз

26 қараша, 2018, 12:30 1764 Павлодар облысы

"Айкөне" деген ежелгі қазақ гимнастикасын жаңғыртумен айналысып жатқан Павлодар тұрғыны Дархан Назымбеков туралы өзінің әлеуметтік желілердегі парақшаларында танымал қазақстандық блогер Өркен Кенжебек айтып берген болатын.

"Айтайын дегенім, осы шет елдегінің бәрі таңсық қой бізге. Массаж дейікші, жапонда шиацу бар, тайдікі бөлек, балиліктердігі бір бөлек. Бізде ше? Жоқ. Гимнастика ше? Йога бар үндіде Бізде ше? Жоқ дерсіз. Жоқ, бар екен. Мысалы, Zhasproject жобасы арқылы Дархан Назымбеков (@aikunepavlodar ) грант алып, миллион теңгені қазақтың (!) айкөне деген ежелгі гимнастикасын жаңғыртуға жұмсаған", - деп жазған блогер өзінің Instagram парақшасында.

Павлодарлық жас жігіт Дархан Назымбеков омыртқаны емдеуді бекерден таңдамаған. Бірнеше жылдар бұрын оның өзінде дәрігерлер  омыртқа жарығын анықтаған. Бұл дерттен сауыққан соң, Дархан қазақтың ежелгі жаттығуына назар салған. Емдік шипасы мол «Айкөне» жаттығуы Қазақстанда 15 жыл бұрын пайда болды. Аламыш жаттығулар кешенін құраушы – Абай Баймағамбет. Ол қазақтың ежелгi малдас құруы, атқа отыруы және басқа да өзiне тән қасиеттерiнен өрбитiн дене қимылдарын топтастырып, ұлттық жаттығулар кешенiн жасаған.

Бұл жаттығулардың әр түрлi қалыпта – тұрып, отырып, жатып немесе жүрiп, жүгiрiп те жасау түрлерi бар. Алғашқы жаттығулар 1998 жылы Павлодарда пайда болып, барлығы 40-қа жуық жаттығуға көбейдi. Одан соң гимнастикалар түрi 1000-ға дейiн артты. Алайда, олар физикалық жаттығулар кешенiне кiредi. Сонымен қатар, әртүрлi жағдайдағы сана жаттығулары, яғни, ғылым тiлiмен айтқанда, транс күйдегi жатығулар да бар. Адамдар осындай жаттығулар жасау арқылы өзiнiң iшкi дене мүшелерiне өзгерiс енгiзе алады. Олардың аны 9000 асады.

Осы жаттығулар кешенін дұрыс орындауды үйренген Дархан Назымбеков Zhasproject жобасы аясында өзінің ойын жүзеге асыруға бел буған. Осылайша, ол бір миллион теңге көлемінде грант ұтып алып, "Айкөне" гимнастикасын өткізетін кабинет ашқан. Ұтып алған қаражатына ол қажетті жабдықтар сатып алған. Бір жыл бұрын бастаған жобасы қазіргі таңда сәтті жүзеге асып жатыр. Осы күнге дейін ол 100-ден астам науқастарды емдеп шығарған.

Бұл жаттығулар кешені омыртқа бойындағы бұлшықеттерді нығайтуға бағытталған. Қазақи гимнастиканың көмегімен омыртқаның скалиоз, остеохондроз, омыртқа жарығы, протрузия секілді дерттерін емдеуге болады. Дегенмен, ең бастысы – адамның сауығып кетуі бірінші кезекте оның ынтасына ғана байланысты болады. Біз жаттығуларды қалай дұрыс жасау керектігін көрсетеміз. Оларды тұрақты түрде орындап  отыру - тек науқастың қолында, - дейді Дархан Назымбеков.

Омыртқа дертінен сауығу үшін кем дегенде 10 күндік курстан өту қажет. Сонымен қатар, сауығу мерзімі адамның жас мөлшері, аурудың күрделілігіне де байланысты. Алайда, жаттығуды үнемі және дұрыс орындағандар емдеу орталығына алғыстарын жаудыруда.

Қазақ гимнастикасының тиімділігін тек елімізде ғана емес, көршілес Ресейдің де ғалымдары мен емделушілері мойындап отыр.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!