Аймақтарда азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорлары құрылуда – АШМ

26 қараша, 2018, 15:41 1679 Астана
Аймақтарда азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорлары құрылуда – АШМ

Қорларда 35 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері сақталған.

Бүгін Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметі отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің баға тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қаралды, деп хабарлайды BNews.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне ЕАЭО нарығындағы бағаның өсуі мен өзіндік құн құрылымында шығындардың артуы басты себеп болып отыр дейді.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыруды қамтамасыз ету мақсатында өңір әкімдіктері мен республикалық маңызы бар қалалар азық-түлік тұрақтандыру қорларын құруда. Тұрақтандыру қорының жұмысы мен қазіргі жағдайы туралы ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Арман Евниев баяндады.

Жалпы алғанда жыл басынан бері республика бойынша барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының шамалы өскені байқалады. Алайда, кейбір тауар түрлерінің бағасы төмендеген. Бұл қарақұмық жармасы – 27,6%-ға, картоп – 28,5%, пияз – 25,4% және сәбіз бағасы 18,2%-ға арзандаған.  

Министрліктің айтуынша, көкөніс өнімдері бағасының ауытқуына өндіріс маусымдылығы әсер етіп отыр. Онымен қоса, ұлттық теңгенің құнсыздануы да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне себеп болуда.  Оған қоса өнімнің өзіндік құнына тікелей әсер ететін тауарлар мен қызмет көрсету құнының өсуі де бар. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктерімен бірге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру мақсатында бірқатар шараларды қолға алды.

"Аймақтарда азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорлары құрылуда. 2018 жылдың қаңтар-қарашасында аймақтардағы  тұрақтандыру қорлары барлығы 25,4 мың тонна азық-түлік тауарын сатып алды, оның ішінде: картоп – 11 мың тонна, қант – 5 мың тонна, пияз – 2,4 мың тонна, сәбіз – 8 мың тонна, күріш – 0,6 мың тонна, қырыққабат – 0,38 мың тонна, күнбағыс майы – 240 тонна", - дейді Евниев.

Аталған мерзім аралығында барлығы 29 мың тонна сатылған. Биылғы жылдың қазан айынан бастап аймақтар тұрақтандыру қорларына 9 мың тонна азық-түлік тауарын сатып алған, оның ішінде: Ақтөбе обл. – 1,7 мың тонна, Атырау обл. – 1,2 мың тонна, Қостанай обл. – 1,4 мың тонна, СҚО – 0,7 мың тонна, Түркістан обл. – 1,0 мың тонна, Қарағанды обл. – 15,4 тонна, Павлодар облысы – 85,0 тонна, Алматы қаласы – 1,5 мың тонна және Астана қаласы – 0,35 мың тонна.  

"Биылғы жылдың 20 қарашасындағы жағдай бойынша, тұрақтандыру қорларындағы тауарлық интервенциялар жүргізуге арналған қор 12,2 мың тоннаны құрады, ал алмастыруға және жауапты сақтауға берілгендер – 22,7 мың тонна болды. Қолда бар 12,2 мың тоннаның 3 мың тоннасы қант, 0,83 мың тоннасы – күнбағыс майы, 1,3 мың тоннасы – 1 сұрыптағы бидай ұны, 0,497 мың тоннасы – қарақұмық жармасы және 0,355 мың тоннасы – макарон өнімдері", - деп хабарлады  ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Арман Евниев.

Сондай-ақ,  қолда бар азық-түлік тауарларының өңірлер бойынша тізімі мынадай: Қостанай обл. – 4,2 мың тонна, Атырау обл. – 1,5 мың тонна, СҚО – 1,0 мың тонна, Алматы қаласы – 3,2 мың тонна және Астана қаласы – 0,7 мың тонна. Кейбір облыстарда қолда бар азық-түлік тауарлары аз, бірақ олардың көп бөлігі жауапты сақтауға берілген. Тауарлық интервенцияларды жүргізу үшін ӘКК есебінде 4 млрд теңге қаражат бар. Қаражаттың ең көп мөлшері Астана қаласында – 1536 млн теңге,  Түркістан облысында – 587 млн теңге және Жамбыл облысында – 392 млн теңге.

"Ақтөбе, Атырау, Қостанай, СҚО, Түркістан облыстары мен Астана, Алматы қалаларында тұрақтандыру қорларын қалыптстыру бойынша штаб жұмысының жанданғаны байқалады, ал Ақмола, Қарағанды, Маңғыстау облыстарында соңғы екі айда тұрақтандыру қорына азық-түлік тауарлары сатып алынбаған", - деді Арман Евниев.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар