Ақан Сатаев "Томирис" фильмі кейіпкерлерінің костюмдерін көрсетті - Жаңалықтар | BNews

Ақан Сатаев "Томирис" фильмі кейіпкерлерінің костюмдерін көрсетті

20 ақпан, 20:05 857
Ақан Сатаев

Фильмнің негізгі түсірілімі наурыз айында басталады, деп хабарлайды BNews.kz Қазақфильмнің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қазақфильм" киностудиясының сараптық кеңесі алдында "Томирис" фильмінің қорғалымы өтті. Фильмнің өндірісін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы "Сатайфильм" кинокомпаниясының қатысуымен іске асырады. Түсіру тобы қорғалым барысында дайындық кезеңінде атқарған жұмыстары туралы айтып беріп, өтпелі кезең түсірілімдері, тігілген костюмдер, дайындалған реквизиттер және түсірілім алаңдары туралы баяндады. Наурыз айында фильмнің негізгі түсіру жұмыстары басталады.

Картинаның Бас продюсері Әлия Назарбаева фильмнің түсіру тобы түсірілім жұмыстарына дайын екенін жеткізді.

"Бұл еліміздің кино тарихындағы ең ірі тарихи киножобалардың бірі. Барлығымыз да осы жобаға үлкен жауапкершілікпен бар күшімізді салып отырмыз. Фильм арқылы тарихымыз тереңнен тартатынын және ата-бабаларымыз қалыптастырған салт-дәстүрімізді, мәдениетіміз без Ұлы дала рухын көрсетіп, дүйім көрерменнің көңілінен шығатын туынды түсіреміз деп үміттенемін", - деді ол.

Фильмның режиссері Ақан Сатаев фильм Томиристің  дүниеге келуімен басталып, парсының әйгілі патшасы Кирдің әскерімен болған, аңызға айналған шайқаспен аяқталатынын айтты.

"Біздің басты мақсатымыз - б.з.д. V-VI ғасырларда Орта Азияны мекендеген, күнделікті тұрмыс-тіршілігімен, соғыс саясаты және өнерімен әлем тарихында өз орнын алған, сақ, массагеттер сынды тайпалар қазақ халқының арғы ата-бабасы екенін дәлелдеу. Бұл фильм қазақ халқының мәдениеті мен дүниетанымының тамыры тым тереңде жатқанын дәлелдей түседі", - деді Ақан Сатаев.

Сонымен қатар танымал кинорежиссер жиналғандарға түсірілген кейбір сахналарды көрсетті. Ол түсірілімдердің ерекшелігі және фильмдегі шайқас көріністерінің түсірілімдері оңайға соқпайтынын айтты.

"Фильмнің өтпелі кезең түсірілімдері былтыр желтоқсан айында Алматы облысының Заречный ауылының маңында жүргізілді. Наурыз айының басында "Қазақфильмнің" павильондарында түсіру жұмыстарын жалғастырып, Томиристің дүниеге келгенін түсіреміз", - деді режиссер.

Фильмнің түсіру жұмыстары Қазақстанның басқа да көркем жерлерінде, атап айтсақ, Жаркент, Шонжа, Бурабай мен Баянауылда түсіріледі. Жалпы түсіру жұмыстары төрт айға созылмақ.

"Дайындық кезеңі сегіз айға созылды. Осы уақыт аралығында біз түсірілім орындарын анықтап, өтпелі кезең түсірілімдерін жүргіздік. Сонымен қатар, Қазақстанның ірі 15 қалаларында республикалық деңгейде кастинг өткіздік. Жалпы кастингке 15000-нан астам адам қатысты. Басты рөлге фотосуреттер бойынша 1500 үміткер болды. Кейін бұл сан 200-ге дейін қысқартылды. Іріктеу нәтижесінде массагеттердің патшайымы рөліне Альмира Тұрсын есімді бойжеткен бекітілді. Айта кетсек, бұл оның кинодағы алғашқы рөлі", - деді фильм продюсері Анна Чакиртова

Костюмдер бойынша суретші Әсел Шалабаева "Томирис" фильмі үшін 1000-ға жуық киім жиынтықтарын және реквизиттер (қару, әшекей бұйымдары және т.б) дайындағанын айтты. Фильмнің басты кейіпкері – Томирис үшін ғана жиырма костюм тігілген екен.

Одан бөлек, продюсер Анна Чакиртова аталған фильм үшін арнайы екі декорацияның тұрғызылатынын хабарлады, бірі Қапшығай қаласының маңында тұрғызылатын "Спаргапистың ордасы" декорациясы болса, екіншісі – "Қазақфильм" аумағындағы "Вавилон" қаласы.

Еске сала кетейік, "Қазақфильм" киностудиясы "Томирис" тарихи картинасына 3 пен 10 жас аралығындағы қыздарға кастинг жариялады. Қыздардың түр-әлпеті басты рөлді ойнайтын Альмира Тұрсынға ұқсауы тиіс.  Кастингке барлық ұлт өкілі шақырылған.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары