Ақмола облысында қыс мезгілінде қызмет көрсететін туристік нысандар саны артуда

08 қаңтар, 2019, 10:05 2221
Ақмола облысында қыс мезгілінде қызмет көрсететін туристік нысандар саны артуда

Қазір аймақта осындай 200-ден астам нысан бар.

Туристік нысандардың басым бөлігі Бурабайда орналасқан. Туристердің бірі тарихи мекенді танып-білуге келсе, енді бірі Бурабайдың табиғатын тамашалауға келеді, деп хабарлады Хабар 24.kz.

"Осындай табиғатты басқа жақта көрмедім. Алматыда Шымбұлаққа, Алма-Арасанға бардық. Бірақ осы жерге жазда қайтадан келейік деген ойымыз бар", - деді турист Хусейн Демирел.

Жалпы Бурабайға қыста келген туристер алдымен Абылайхан алаңын тамашалайды. Мұнан соң "Қазақстандық Лапландия" атанып кеткен балалар ойын-сауық орталығы барады. Сонымен қатар Бурабайда қазір қысқы демалысқа қажетті құрал-жабдықтарды жалға беретін 7 бірдей орын жұмыс істеп тұр. Ал жақында тағы бірнеше нысан іске қосылмақ.

"Бурабайда биылдан бастап бұрын-соңды болмаған биіктігі 250 метрлік сырғанақ іске қосылады. Одан бөлек қысқы этноауыл бар. Сондықтан туристер демалыстарын қыста да қызықты өткізе алады", - деді "Бурабай даму" мекемесі бас директорының міндетін атқарушы Азамат Ербатыров.

Республикалық шаңғы базасы 125 гектар аумақты алып жатыр. Нысан биылдан бастап, спортшыларды жаттықтырудан бөлек, қарапайым халыққа да қызмет көрсетуді бастады. Мұнда енді кез келген адам, шаңғы теуіп, биіктіктен сырғанай алады.

"Бірінші рет келіп тұрмыз Астанадан. Үлкен бір топпен, 100-дей адам. Өте керемет, өте жақсы", - деді турист Шолпан Нұртазина.

"Спорт нысанының мүмкіндігі өте мол. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында Елбасымыздың тапсырмасын орындау үшін өз үлесімізді қосып, осы тапсырманы орындауға халықпен жұмыс істейміз",- деді Олимпиадалық даярлау орталығы директорының бірінші орынбасары Алмас Кекубаев.

Ақмола облысында бүгінде 16 мыңға жуық адам қысқы спорт түрлерімен айналысады. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ақмола облысы #ішкі туризм #Бурабай

Читайте также

Похожие новости