Ақтау мен Жаңаөзеннің қауіпсіздігі цифрлық құралдармен бақыланады

Написать нам
22 шілде, 2018, 16:12 4288 Маңғыстау облысы
Ақтау мен Жаңаөзеннің қауіпсіздігі цифрлық құралдармен бақыланады

Сандық үлгідегі бейнебақылау камераларының көмегімен полицейлер өңірдегі қос қала тыныштығын тәулік бойы қадағалайды.

Ақтау мен Жаңаөзеннің қауіпсіздігі цифрлық құралдар арқылы бақыланады. Цифрлық технология кез келген деңгейдегі заңбұзушылыққа онлайн режимде қарсы тұруға, ең бастысы қылмысты болдырмауға оң ықпал етеді. Тәртіп сақшылары "Көреген көз" деп атайтын ақылды жүйе арқылы соңғы жарты жылдықта жиырма мыңға тарта әкімшілік құқықбұзушылық дерегі тіркелген, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.  

Әлбетте, Ақтаудағы жедел басқару орталығы саяхат жасауға арналған орын емес. Мұнда кіру үшін арнайы рұқсат алуыңыз керек. Алайда, бүгін ақтаулық тілшілер үшін орталық есігі ашық. БАҚ өкілдері мұндағы мамандардың жауапты қызметімен етене танысты.

Ғимарат ішіне алғаш кірген адам назарына алдымен "Көреген көз" деп аталатын ақылды жүйе түседі. Үш бөліктен тұратын үлкен зал ортасында 32 монитордан құралған плазмалы экран тұр. Оларға көз салып отырған операторлар бейнекамералардың көмегімен қала аумағын онлайн режимде тәулік бойы бақылап отырады.

Атап айтар болсақ, көпшілік жиі жүретін орындар, автокөлік жолдары мен теңіз жағажайларындағы тыныштық сандық үлгідегі бақылау құралдары арқылы әрдайым назарда ұсталады.

Маңғыстау облыстық ІІД жедел жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Сұланбек Арапиевтің айтуынша, қазіргі таңда Маңғыстау өңірінде екі бірдей жедел басқару орталығы жұмыс істейді. Ақтау мен Жаңаөзенді қоса алғанда барлық бейнекамералар саны - 164. Жедел басқару орталықтарының атқаратын басты міндеті - қоғам тыныштығын күзету. Жазатайым оқыс оқиға болған жағдайда сол мекенжайға шұғыл көмек жіберу.

"Мәселен, мынау 2-ші және 4-ші шағын аудан аралығындағы жол қиылысында тұрған бейнекамера. Оның көмегімен жолда жүру ережесінің бұзылмауын 360 градуста бақылап, сол жердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ете аламын. Жалпы, Ақтау қаласы аумағында бас-аяғы 128 бейнекамера орнатылған. Осы орталық 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Шаһар көлемінде анықталған барлық ақпарат осы жерге жедел келіп түседі. Одан әрі тиісті шаралар қолданылады", - дейді Маңғыстау облыстық ІІД жедел басқару орталығының инспекторы Абай Ілесбаев.

Айта кетейік, облыс тұрғындарының "102" нөміріне шалған телефон қоңыраулары осы орталықта қабылданады. Көпшілікке жан-жақты мәлімет беріп, дер кезінде шұғыл көмек жіберуге осында үш ауысымда  жұмыс істейтін 12 оператор жауапты.

Кез келген сәтте адам өміріне қатер төнуі мүмкін. Осыған байланысты жедел басқару орталығы маманының өз бетімен жұмыс орнын тастап кетуге қақысы жоқ. Ережеге сәйкес, алдымен басшылықтан рұқсат алуы керек.  

"Тәулігіне орта есеппен 700-дей телефон қоңырауы келіп түседі. Орталыққа жанұядағы түсініспеушіліктен бастап аса ауыр қылмысқа дейін ақпарат қабылданады. Әріптестерімнің адам өмірін құтқарған жайттары да жиі болып тұрады. Бірде бір азамат бізге қоңырау шалып, көмек сұраған болатын. Оның айтқанын еш түсіне алмадық. Телефон қоңырауы арқылы мекенжайын шұғыл анықтап, сол жерге жол-патруль жібердік. Сөйтсек, ол жер нашақорлар жиналатын орын екен. Телефон шалған адамның жаны қысылса керек, "102" арқылы бізден көмек сұрады. Біз аталған мекенжайға жедел-жәрдем жіберіп, оған қол ұшын бердік. Кейін ол кісі бізге хабарласып,  алғысын білдірді", - дейді АҚІІБ жедел басқару орталығының операторы Нұрпейіс Жоламан.

Мұндағы плазмалы үлкен экраннан Ақтаудың электронды картасы көрсетілген. Цифрлық табло бетінен жылжып жүрген түрлі-түсті дөңгелек белгілерді байқадық. Орталық мамандары жасыл түсті белгіні - полиция жасағының өзіне бекітілген аумақты бақылауға алғанын білдіреді деп түсіндірді.

Ал, сұр түсті дөңгелек белгілер өз кезегін аяқтаған патруль жасақтарының соңғы сағатта қай жерде жүргенін көрсетіп тұр. Сондай-ақ, бір-екілі қызыл түсті белгілер де байқалып қалды. Мұндай сәтте орталық ішінде телефон қоңырау толассыз шырылдап, мамандар шұғыл қимылдады.

Өңірлік ішкі істер департаментіне қарасты жедел жоспарлау басқарма басшысының орынбасары Сұланбек Арапиевтың айтуынша, қызыл түстегі белгі бұл орында оқыс оқиға болып, сол жерге жедел жеткен полицейлердің мән-жайды анықтауға кіріскенін білдіреді екен.

"Жалпы, біздің орталық мамандары көшелерде жүрген жаяу немесе автопатрульдердің қозғалысын осы картадан онлайн режимде көріп отырады. Әр жасақ GPS-бағдарлау құралымен жарақтанған. Олармен радио арқылы байланысамыз. Цифрлық технология кез келген заңбұзушылық тіркелген жерге шұғыл патруль жіберуге мүмкіндік береді. Яғни, қылмысты болдырмауға оң ықпал етуде", - дейді "Көреген көзді" орталыққа жауапты полицей.   

Маңғыстау облысы бойынша өткен алты айда цифрлық бейнекамералар көмегімен 16 892 заңбұзушылық дерегі тіркеліпті. Сонымен қатар, түрлі деңгейдегі 110 қылмыстың ізі суымай ашылған. Ал "102" кезекші бөлімінің операторлары бүгінге дейін 200 мыңға жуық телефон қоңырауын қабылдап, халыққа шұғыл қызмет көрсеткен.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Материалды әзірлегендер: