Ақтауда 300 келіден астам бекірені заңсыз тасыған зейнеттегі полиция қызметкері ұсталды

Написать нам
22 қазан, 2018, 19:36 1549 Маңғыстау облысы
Ақтауда 300 келіден астам бекірені заңсыз тасыған зейнеттегі полиция қызметкері ұсталды

Каспий теңізі жанында қоныстанған өлкеде бекіре балығын заңсыз тасымалдау дерегі азаяр емес.

Маңғыстау облысында салмағы 300 келіден астам бекірені заңсыз тасымалдаған зейнеттегі полиция қызметкері ұсталды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Маңғыстау облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, Табиғат қорғау және жергілікті полиция қызметі мамандары бірлесе өткізген рейд кезінде Ақтау - Форт Шевченко бағытындағы тас жолда Toyota Camry маркалы жеңіл көлік тоқтатылады. Жол сақшылары машинаның жүк салғыш қорабын тексеру кезінде салмағы 320 келіге жуық аулауға тыйым салынған балықты тауып алды.

Ең қызығы жеңіл көлікті тізгіндеген азамат зейнетке шыққан полиция майоры болып шықты. Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр. Күдікті қолданыстағы заңның 339-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

"Тағы бір қылмыстық дерек Ақтау қаласының аумағында тіркелді. "Броконьер" шұғыл-алдын алу шарасы кезінде тәртіп сақшылары мен табиғат қорғау инспекторлары 22 шағын аудандағы 6 үй жанынан Lada маркалы автокөлігін тоқтатқан. Жеңіл көліктің жүк салғышынан 79 дана бекіре тұқымдас балық табылып, тәркіленіп алынды. Аулауға заңмен тыйым салынған теңіз маржандарының жалпы салмағы 223 келіні құрайды", - деп хабарлады Маңғыстау облыстық ІІД-де.

Аталған дерек Ақтау қалалық ішкі істер басқармасының сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Бекіре тұқымдас балықты заңсыз тасыған қала тұрғыны ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы бойынша заң алдында жауап беретін болды.

Айта кетейік, аталған бап негізінде өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен заңсыз айналысқан тұлғаға үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынып немесе үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде қылмыстық жаза қолданылады.

Бұл дерек бойынша анықтау шаралары жалғасып жатыр.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: