Ақтауда "ақылды мектеп" жобасы іске асырылып жатыр

16 шілде, 2018, 15:04 1890 Маңғыстау облысы
Ақтауда

Аймақтағы орта білім беру мекемелеріне цифрлық бақылау-өткізу құрылғылары орнатылуда.

Ақтауда "ақылды мектеп" жобасы аясында орта білім беру мекемелеріне цифрлық бақылау-өткізу құрылғылары орнатылып жатыр. "Цифрлық қазақстан" бағдарламасы аясындағы аймақтық жоба қаладағы барлық мектепте жүзеге асады деп жоспарланған, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Автономды құрал арнайы бейджик таққан оқушылар мен ұстаздардың ғимаратқа кіріп-шыққан уақытын монитордан көрсетеді. Осы арқылы мектеп басшылығы сабаққа себепсіз келмей қалған балаларды, сондай-ақ қызметіне кешіккен мұғалімдерді біліп отырады. Ұялы телефонға перзентінің сыныпқа кіргені және ғимараттан шыққаны туралы смс-хабарламаның келуі ата-аналарды да қуантып отыр.

Аймақтық жоба "Ақылды мектеп" деп аталады. Маңғыстау облысының орталығында алғаш рет №23 орта мектепте жүзеге асып отыр. Қысқа мерзімде тиімділігін көрсете білген заманауи үлгідегі құрылғыға мектеп басшылығы дән риза. Цифрлық бағдарлама ғимаратқа кіріп-шыққан оқушы мен ұстаздың фотосуретін, аты-жөні мен қай сыныпқа бағыт алғанын монитор бетіне шығарып отырады.

"Мәселен, мен өз кабинетімде отырып, дәл қазіргі уақытта түстен кейін оқитын 20-дан аса оқушының бірінші сабаққа кешіккенін көріп отырмын. Сынып жетекшісінен себебін сұрағанымда, олардың далада өтетін дене шынықтыру сабағына қатысып жатқанын жеткізді. Басқаша жағдайда, олардың себепсіз кешіккені анықталса, шұғыл шара қолданамыз. Баласының мектепке барғаны немесе бармағаны туралы смс алмаған ата-аналар сабақ уақыты кезінде мұғалімдерге хабарласып, мән-жайды анықтай алады", - дейді №23 орта мектептің директоры Зарифа Казиева.

Зер салып қарамаса, көзге шалына қоймайтын чип бар бейджик алғалы оқушылардың тәртібі жақсарып, мұғалімдердің мектепке кешігіп келуі азайыпты. Іргелі білім ордасы цифрлық құрылғылармен жарақтанудан бөлек, жасыл желекке көмкерілген ауласымен өзгелерге үлгі. Жуырда мектеп бағбаны бір мың раушан гүлін отырғызып, оқушылардың биология пәнін далада өткізуіне жағдай жасап берді.  

"Мұғалімдер, оқушылар мектеп ауласында шағын жасыл бақтың гүлденуіне елеулі үлес қосуда. Сабақ күндерінен бөлек демалыста сенбіліктер ұйымдастырамыз. Бұл, балалардың табиғатты аялауға, еңбекке деген жақсы қарым-қатынастың орнауына, мектептің одан әрі көркеюіне көмектеседі деп ойлаймыз. Аула ортасына жомарт жанды кәсіпкердің сыйлығы ретінде су бұрқақ орнатылуда. Ол қолданысқа берілген соң білім беру ғимаратына өзінше сән беріп, ажарының артуына септігін тигізері сөзсіз", - дейді оқу ісінің меңгерушісі Рабиға Бегеева.

Инновациялық жоба аясында келешек осы білім ордасының барлық жиһаздары мен оқулықтарына да чип салу жоспарда бар. Яғни, мектеп мүлкі үнемі бақылауда ұсталады. Ал оқушылар қауіпсіздігі ғимараттың іші-сыртына орнатылған 63 бейнекамералар арқылы қадағаланады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: