Ақтауда алғаш рет банк картасымен жолақы төлеуге болатын электробустар жүре бастады

12 қазан, 2018, 17:04 3081 Маңғыстау облысы
Ақтауда алғаш рет банк картасымен жолақы төлеуге болатын электробустар жүре бастады

Жолаушылар тасымалы бағытындағы инновациялық бастама қазақ елінің үшінші қаласында жүзеге аса бастады. Осыған дейін мұндай мүмкіндікті тек Астана мен Алматы қалаларының тұрғындары ғана көріп келген болатын.

Ақтауда алғаш рет банк картасымен жолақы төлеуге болатын электробустар жүре бастады. Алайда, Маңғыстау өңірі тарихында тұңғыш рет халық игілігіне ұсынылған жаңа үлгідегі қызмет түрін көрсетудің үлкен айырмашылығы бар. Астана қаласының тұрғындары осы мақсатта арнайы шығарылған "Astra Bus" төлем картасын қолданса, алматылықтар үшін "Оңай" төлем картасы қолданыста. Ал Ақтау әуежайынан облыс орталығына қатынайтын электробустарда кез келген банктің төлем карталарынан төлемақы алынады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі. 

Тәуелсіздік жылдары тұңғыш рет Каспий жағалауында шаһар халқы жолақыны кез келген банк картасымен төлеуге болатын электр автобустарымен қалалық әуежайға қатынай бастады.

Электронды билет жүйесімен жабдықталған төрт қоғамдық көлік әуежай мен қала аралығында тәулік бойы әр екі сағат сайын жүріп тұрады. Жаңа автобустардың басты ерекшелігі – жанармаймен емес, электр қуатымен қозғалады.

Қостанай қаласында құрастырылған отандық көліктер қоршаған ортаға қауіпсіз әрі үнемді. Дизель отынымен қозғалатын көліктермен салыстырғанда төрт есе, ал газбен жүретін көліктерге қарағанда үш есе үнемді екені іс жүзінде дәлелденген.

Инновациялық үлгідегі қоғамдық көліктерін қолданысқа қосу шарасына аймақ басшысы Ералы Тоғжанов қатысты. Электробустардың алғашқы жолаушылары алдында құттықтау сөз сөйлеген өңір әкімі бұл автокөліктердің "жасыл теxнологияларға" сәйкес электр қуатымен, яғни атмосфераға зиянды шығаруларсыз жұмыс істеуіне айрықша тоқталды.

"Мұндай автобустар қолданысқа аса үнемді. мысалы, дизельді отынмен және газбен қозғалатын көліктермен салыстырғанда бірнеше есе үнемділігінің нәтижесінде электробустардың өтелімділігі 3-4 жыл болып табылады. "Сарыарқаавтопром" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұл автобустарға екі жылға кепілдік береді, бұл өз кезегінде қолданыстағы сенімділікті қамтамасыз етеді", - деді Ералы Тоғжанов.

"Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасының бағыттарын орындау мақсатында қолданысқа қосылған электробустар электронды билет алу жүйесімен жабдықталған. Жолаушылар енді ыңғайлы тарифтер арқылы жолақыны банктік және жолаушылық карталармен төлей алады.

Аталған жүйе "Ақылды қала" инфрақұрылымының бір бөлігі болып табылады және енгізілуі де халық үшін аса қиындыққа түспейді. Ол bpcbillet.com порталы және автобустарға орнатылған билеттерді басып шығаратын көпсалалы валидаторлардан тұрады.

"Ankai" маркалы жолаушыларға арналған электробусқа 47 адам мінеді. Қоғамдық көлік ауа салқындату жүйесімен жабдықталған және қала сырты жолдарына бейімделген.

Көлік салоныеда төрт бейнекамера, электронды автоxабарлаушы, сондай-ақ қол жүгіне арналған сөрелер бар. Орындық арқаларына ұялы телефондар мен өзге де электр құралдарын қуаттауға болатын USB тетіктері орналасқан.

Жаңа автобустардың ең басты ерекшелігі – электр қуатымен қозғалуында, бір рет толық қуат алғаннан кейінгі жұмыс істеу көлемі 160 шақырымға жетеді. Ал батареяларды толықтыру үшін ең кемі екі жарым сағат мөлшерінде уақыт қажет.

Айта кетейік, Ақтау әуежайында бірден екі электр автобусын қуат көзімен қамтамасыз ете алатын тұрақты электр қуаты тұрағы бар.

"Сарыарқаавтопром" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Михаилс Кветнистің айтуынша, компанияның инновациялық автокөліктерді құрастыруда тәжірибесі мол. Алдағы уақытта да экологиялық таза көліктерді құрастыруға іргелі кәсіпорын ұжымы толықтай дайын.

"Ankai" зауытының өндірістік қуаты жылына 35 мың қала іші және сырты, экскурсиялық бағыттарда газ және электр қуатында жүретін автобустарды шығаруға жетеді. Автобустардың мұндай жиынтығы бесінші Ақтау саммиті делегаттарының қолдануына және кейін Ақтау қаласында әлеуметтік маңыздағы бағыттарда қолданылу үшін шығарылды. Жаппай сұраныс болса, біздер электробустарды сериялы өндірісте жинақтауға дайынбыз", - дейді ол.

Ақтау қаласында әзірге экологиялық таза көліктердің 5 данасы сатып алынды. Болашақта қаладағы қоғамдық көліктердің барлығын электробустармен алмастыру жоспарланып отыр. Қуанышты жаңалықты естіген қала тұрғындары дән риза.

"Электробустардың төламақысы да халыққа өте тиімді, бар болғаны 350 теңге тұрады. Әуежайға таксимен келетін болса 2 мың теңгедей ақшаны жолға жұмсаймыз. Өз әдемі, жанармай тұтынуға үнемді қоғамдық көліктер біз секілді жолға көп шығатын қызметтегі адамдар үшін аса қолайлы деп есептеймін. Келешек барлық автобустар осындай көліктерге ауыстырылса, жақсылық қой халыққа", - дейді қала тұрғыны Боланбай Өтебаев.

Айта кеткен жөн, мұндай электробустар осыған дейін Жаңаөзен қаласына да жүрген болатын. Мұнайшылар шаһары көшелерімен бас-аяғы екі ай халық тасыған қоғамдық көліктер кейін қолданыстан алынып қалды.

"Жаңаөзен қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" мемлекеттік мекемесінің басышсы Жүсіп Көккөзовтің айтуынша, аймақ әкімдігі мен "Higer Quazar" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өзара келісімі бойынша Жаңаөзен қаласына тесттілеу режимде, екі ай мерзімге жүріп-тұруға екі электробус жеткізілген.

"Қазақстанда құрастырылған электробустар 55 адамдық. 12 орындығы отыруға арналған, қалған 43 адам түрегеліп тұрады. Бұл облыс әкімдігі мен аталған компания арасында жасалған келісім негізінде электробустар кәсіпкерлерге жеңілдетілген несиеге берілуі керек болатын. Кейін екі ай ішінде жолаушыларды тасымалдаумен шұғылданатын бизнес иелері таразылап, салмақтай келе электробустардан бас тартты", - дейді ол.

Мұндағы қолайсыздық электробустардың белгіленген маршрутта екі рейс жасауында. Ал үшінші айналымға жұмсайтын уақыт аккумуляторларды қуаттауға кетеді. Осы мақсатқан кемінде 1 сағат қажет екен. Яғни, күнделікті белгіленген уақыттың үштен бірі батареяларды қуаттандыруға жұмсалады деген сөз.

Осы аралықта жолаушылар аялдамада көлік күтіп уақытын жоғалтады. Бұдан бөлек, аккумуляторларды электр энергиясымен қуаттауға жұмсалатын ақша да аз емес. Келесі олқылық – электробустың бағасы кәдімгі автобусқа қарағанда әлдеқайда қымбат тұрады. Қазіргі нарықта бір электробустың құны шамамен 180 мың долларды құрайды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: