Ақтауда алғаш рет бокстан Қазақстан чемпионаты өтті

20 қараша, 2018, 09:13 1360 Маңғыстау облысы
Ақтауда алғаш рет бокстан Қазақстан чемпионаты өтті

Осы додада жүзден жүйрік танылғандар келер жылы өтетін Азия және әлем чемпионатында Қазақстан атынан шығатын болады.

Шалғай өңір тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылған бокстан ерлер арасындағы ел чемпионаты аяқталды. Байрақты бәсеке "Маңғыстау Арена" спорт кешенінде жеті күнге созылды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Қазақстанның 14 облысы және Астана, Алматы мен Шымкент қалаларынан келген 206 былғары қолғап шебері маңғыстаулық көрерменге өз өнерін көрсетті. Жарыс соңында боксшылары бір алтын, екі күміс және екі қола медаль алған Түркістан облысы командалық есепте топ жарды. Ал бір алтын, үш күміс және төрт қола медальмен Маңғыстау құрамасы екінші орыннан көрінді. Сондай-ақ Жамбыл облысы бір алтын, 2 күміс және үш қола медальмен үздік үштікті қорытындылады.

Бокстан ерлер арасындағы Қазақстан чемпионатына қатысушылар сапында әлемдік аренада ел намысын қорғап жүрген Қайрат Ералиев, Василий Левит, Әбілхан Аманқұл, Асланбек Шымбергенов, Бекдәулет Ибрагимов, Абылайхан Жүсіпов, Теміртас Жүсіпов, Ильяс Сүлейменов, Ерік Әлжанов пен ағайынды Төлтаевтар да бар.

Осы додада жүзден жүйрік танылғандар келер жылы өтетін Азия және әлем чемпионатында Қазақстан атынан шығатын болады.

Жарыстың жабылу рәсімінде сөз сөйлеген Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов турнирдің жоғары деңгейде өтуіне ат салысып, қолдау көрсеткен Қазақстан бокс федерациясының басшылығына алғысын айтты.

Чемпионаттың құрметті қонағы болған Ермахан Ыбрайымов, Бақтияр Артаев, Болат Жұмаділов, Бауыржан Оспанов, Мырзағали Айтжанов, Марат Мәзімбаев, Мерей Ақшалов, Біржан Жақып пен Нұржан Кәрімжановқа облыс халқының атынан ризашылығын жеткізді.

"Спорт саласы қашанда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының басты назарында. Қазақстан халқына арнаған әр Жолдауында отандық спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттауға басымдық бере отырып, алдымызға нақты тапсырмалар қойған болатын. Бүгінгі жас спортшылар - ертеңгі елдің мықты азаматтары мен ел мерейін асқақтататын чемпиондар. Тынымсыз тер төгіп, аянбай еңбек еткен еліміздің спортшыларының туған еліміздің даңқын асырып, жаңа биіктерді бағындыра берулеріңе шын жүректен тілектеспін", - деді Ералы Тоғжанов.

Салтанатты шарада екі бірдей Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Әділбек Ниязымбетов үлкен спорттағы мансабын аяқтаған көпшілікке мәлімдеді.

Боксүйер қауым алдында боксшыға сый-құрмет көрсетіліп, халық зор қошеметпен шығарып салды.

"Әділбек бауырымыздың отандық бокс алдында сіңірген еңбегі орасан зор. Екі бірдей Олимпиаданың жүлдегері атану кез-келген спортшының қолынан келе бермейді. Сондықтан Әділбектің алдағы уақытта тек жаңа белестерді бағындырады деп сенеміз және спорттық ғұмырындағы тәжірибесін өскелең ұрпаққа, тәуелсіз еліміздің өркендеуіне бағыттайтынына еш күмәніміз жоқ" - деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, Маңғыстау өңірінің тағы бір батыр ұлы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бокстан Азия чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері, бірнеше дүркін ел чемпионы Берік Абдрахманов та былғары қолғабын шегеге іліп, шаршы алаңдағы орнын кейінгі жастарға аманаттады.

Беріктің ендігі жоспары – өзін халыққа бапкер ретінде көрсетіп, шәкірт тәрбиелеп Маңғыстау бокс мектебінің дамуына үлесін қосу. Талантты боксшының бұл тілегін көпшілік қызу қолдап, қошамет білдірді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: