Каспий теңізінің жағасындағы шаһарда көрнекті орындар көбейіп келеді

10 тамыз, 2018, 11:15 661 Маңғыстау облысы
Каспий теңізінің жағасындағы шаһарда көрнекті орындар көбейіп келеді

Облыс орталығында биыл өлке тарихында болмаған тың бастамалар қысқа мерзімде жүзеге асты.

Каспий теңізінің жағасындағы шаһарда көрнекті орындар саны артып келеді. Облыс орталығында биыл өлке тарихында болмаған тың бастамалар қысқа мерзімде жүзеге асты. Алғашқысы, 4А шағынаудандағы жергілікті тұрғындар "Бор мүйісі" деп атап кеткен төңіректе "Жартасты соқпақ" жобасы бар-жоғы 3 айда қолданысқа берілді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Бұрын қараусыз болып келген жағажайдың бүгінгі келбеті тым өзгеше. Жергілікті кәсіпкер Марат Сюнников қолға алған қызықты жоба аясында жарқабақтағы үңгірлер іші тазаланып, жаяу жүргіншілерге арналған сүрлеу жол төселді. Мұндағы ең үлкен үңгір ішіне қазақтың ежелгі таңба, белгілері мен көне жазулары жазылған.

Сүрлеу жол бойы мен үңгірлерге электр қуатын аз тұтынатын түрлі-түсті көше шамдары жарықтандырып тұр. Мереке күндері мұнда проектордан жарқабаққа дыбысты бейне түсіріліп, қазақ халқының бай салт-дәстүрі мен өркениетке батыл қадам басып, өрлеу тарихы туралы деректі фильмдер көрсетіледі.

"Бастапқы кезде бұл жерде абаттандыру жұмыстары ғана жүргізіліп, тазалық шаралары өтеді деп ойлағанбыз. Күн өте келе жарқабақтың төменгі бөлігі мүлдем өзгеріп, әдемі орынға айналды. Енді осы аумақта балаларымызбен серуендеп, қонақтарымызды қыдыртатын жаңа көрнекті орынның пайда болғанына қуаныштымыз. Қала басшылығы осындай жаңа, қызықты жобаларды әр жыл сайын жүзеге асыруына тілектеспіз. Осылайша, Каспий жағасындағы қаламыз шын мәнісінде кісі қызығарлық келбетті шаһарға айналып келе жатқандығының куәгері бола берейік", - дейді қала тұрғыны Мейірлан Бекжанұлы.

Расында да, түрлі-түсті шамдардың кешкілік іске қосылуымен жартасты соқпақ өзгеше әлемге айналады. Әсіресе, қайыққа мініп серуендеуді ұнататын тұрғындар осы жердің теңізден қарағандағы көрінісі Ақтауды болашақтың қаласы ретінде көрсететіндігін қуанышпен айтып отыр.

"Күнделікті жұмыстан қолымыз босаған соң, бала-шағамызды ертіп осы жерге келуді әдетке айналдырдық. Әркез сайын үңгірдегі көне жазуларға таңданыспен қарап, аудармашы көмегімен терең мағынасын түсініп жатқан шетелдік туристерді жиі көреміз. Осы ретте қаламызда биылғы жазда пайда болған көрнекті орынның Маңғыстау өңіріне, қалаберді күллі қазақ жеріне әлемнің назарын тағы бір мәрте аударып, облыстың туристік әлеуетін жарнамалауға жаңа мүмкіндік ашылып отырғанына ризамыз. Қала аумағында теңізбен түйіскен барлық жерде әртүрлі қызықты жобалар жүзеге асса, Елбасы айтып жүргендей Ақтаудың түріктің Анталиясынан асып түсетіндей қауқары бар", - дейді зейнеткер қария Жаңабай Ырысханов.

Айта кетейік, Ақтауда көптен бері салынуы жоспарланып келген дала сахнасы 15-ші мөлтек аудандағы толықтай абаттандырылған теңіз жағалауында салынды. Бір мезгілде мыңға тарта өнерпаздар халыққа концерттік бағдарлама ұсынатын мәдени нысан ашық аспан астында тұр. Озық үлгідегі көпсалалы амфитеатр 19 бағанадан құралған.

Дала сахнасының жалпы 70 метр, ал биіктігі 9 метрді құрайды. Аумағы екі гақырымға жуықтайтын теңіз жағалауында салынған нысанның ашылу салтанатында аймақ басшысы халыққа жағымды жаңалықпен құттықтап, өлке туризмінің қарыштап дамуы басты назарға алынғанын жеткізген болатын.

"Бұл орынды Елбасымыздың "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында халықтың қалауымен еліміздің игілігіне арналып салынған, қазақ халқына келешек рухани жол көрсететін маңызы үлкен нысан деп санаймын. Бұл тұрғыдан абаттандыру, жөндеу жұмыстары қала аумағында кең көлемде жүргізілді. Мұндай шаралар одан әрі жалғасатын таба береді. Қазір, өздеріңіз көріп тұрғандай Каспий жағалауы көркейіп, жанындағы, орталық көшелердегі көлік жолдары жаңарып, шағын аудандар жиегімен заманауи үлгідегі шамдар орнатылды. Келбеті бір-бірінен өзгеше нысандардың көптеп салынуымен халықтың демалуына барлық жағдайы жасалған мәдени-көпшілік орындар қысқа мерзімде қолданысқа берілді. Осының айқын дәлелі - қазір өздеріңіз көріп тұрған, көптен бері жоспарда тұрған амфитеатрдың ашылуы деп айтуға негіз бар", - деген болатын өңір басшысы Ералы Тоғжанов.

Дала сахнасы заманауи үлгідегі жарық және дыбыс беру құралдарымен жарақтанған. Бір мезгілде мұнда 30 мыңға жуық көрермен жиналады. Осы тамыз айынан бастап қала шеңберінде өтетін барлық деңгейдегі мәдени іс-шара, концерттік бағдарламаларды осы жерде өткізу ұйғарылған.

Орталық бағана төбесінде жергілікті халық үшін мифологиялық кейіпкер – "Суын айғыр" - теңіз жылқысының мүсіні тұр. Әрбір жүл жылда Қамбар ата түлігі теңізден шығып, айналасын дүр сілкіндіре кісінейтіні туралы аңыз деректер бар. Суын айғырдың дауысын теңіз жағасынан бөлек, жүзедеген шақырым қашықтықта жайылып жүрген үйірдің ішінен бір бие ғана естиді деседі көнекөз қариялар.

Бұдан кейін сол бие дүниеге әкелетін құлын сымбаты мен шапқанда шабысы бөлек арғымақ болып өседі екен. Ерте замандары қазақ пен түркімен рулары көрші-қоралас бейбіт өмір сүрген уақытта суын айғырдан тараған жылқы түлігі бүгінде әлемге әйгілі Текежәуміт, Ахалтеке деп аталады деген пікірлер де жиі айтылады.

Соның ішінде, бүгінгі заманда халықаралық шабыстарда жүлделі оралып жүрген Адай жылқыларының теңіз суын еркін ішетінін ескерсек, бұл аңыздың растығына да көзіңіз бір мәрте жете түсері ақиқат.

Қақ ортадағы бағана төбесіне биіктігі төрт метр "Суын айғырдың" мүсіні қойылған дала сахнасының артқы бөлігінде түрлі-түсті жарық және дыбыс беру құралдары сақталатын қойма мен әртістердің киініп-боянатын бөлмелері бар. Амфитеатр жанында мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін қозғалуы үшін арнайы пандустар қойылған.

Бұл жердің тағы бір ерекшелігі, амфитеатр алдындағы 48 мың шаршы метр аймаққа кеспе тастар төселіп тасталған. Бұл жердің 3 мың шаршы метрі кешкі уақытта, әсіресе концерттік шара кезінде әуендердің ырғағына сәйкес сары, қызыл, көк түстерге еніп, айналасын түрлі-түсті әлемге бөлейді.

"Тамыз айы әсем қала Ақтау үшін, егеменді еліміз үшін аса маңызды, саяси тұрғыдан алғанда тарихи шараларға толы болғанына қуаныштымын. Ақтау саммиті жоғары деңгейде өтіп, Каспий теңізінің келешек тағдыры, құқықтық мәртебесі айқындалған стратегиялық құжатқа бес елдің Президенттері бірауыздан келісімге келе отырып, қол қойды. Мына ашылып жатқан жаңа нысандар қаламыздың байырғы тұрғындарынан бөлек шетелден арнайы осы өңірге демалуға келетін туристер үшін тосын жаңалық болғалы тұр. Бар-жоғы бірнеше айдың ішінде Маңғыстау өлкесі орталығының жаңа келбеті қалыптасқанына куәгер болып тұрмыз. Шынын айту керек, осы амфитеатрдың құрылысының басталуын біз ұзақ жылдар күттік. Халықтың тілегін орындап, сәулетті, көрнекті орындардың қатарына арттыруда жемісті еңбек етіп жатқан облыс, қала басшыларына зор алғысымызды айтамыз", - дейді ақтаулықтар.

Қазіргі таңда 15-ші мөлтек аудандағы жаңа теңіз жағалауында көпшілік тынығатын және көше спорты алаңдары бар. Балалар ойнайтын алаңқайларда күнұзақ адам көп жүреді. Мұнан бөлек, осы маңдағы теңіз жиегін бойлай қазақ мәдениеті мен тұрмысынан сыр шертетін сәулет ескерткіштері тұр. Осы күз айларының соңына дейін тағы 17 мың шаршы метр жерге кеспе тастар төсеу күн тәртібінде тұр.

Жаңа амфитеатр "Led-панель", заманауи жарық техникалармен қамтылған. Мұнда бір мезетте 1000 өнерпаз өнер көрсете алады. Олардың өнерін 25 мың көрермен тамашалайды. Амфитеатрда фестиваль, концерт пен түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, сахна төрінде тұрған орталық бағананың үстіне "Суын айғыр" мүсіні қойылған. Мүсіннің биіктігі 4 метр, 20 см. Сахна астында техникалық қызметкерлер мен әртістерге арналған бөлмелер бар. Сондай-ақ, мұнда арнайы пандустар орнатылған.

Жаңа жағалауға  48 мың шаршы метр кеспе тастар төселген. Оның сахна алдындағы 3 мың шаршы метр бөлігі қызыл, көк, сары түске еніп жарқырап тұрады.

"Бүгінгі ашылып жатқан нысандар Ақтау қаласының тұрғындары мен қонақтарына керемет тосын сый болып отыр. Жаңадан ашылған мәдени орындардың барлығы отбасымен келіп, демалуға таптырмас жер екен. Бүгінде қаланың жаңа келбеті қалыптасты. Біз мұны ұзақ күттік. Енді біздің амфитеатрымыз, жаңа теңіз жағалауымыз бен теңізбен туыс ландшафтағы алғашқы тың жоба - жартасты соқпағымыз бар", - дейді өлкетанушы Алқажан Еділхан.

Сондай-ақ, жаңа жағалауда 4 тынығатын орын, 6 алаң, 340 орындық 4 балалар алаңы бар. Оның біреуі воркаутпен айналысып, жаттығуға арналған орын болады. Сондай-ақ, 16 ескерткіш қойылған. Балалар алаңының жанына тұрғындардың тынығуына арналған орындықтар мен 4 шатыр қойылады. Құрылысқа 500 адам жұмылдырылды. Қыркүйек айының соңына дейін тағы 17 мың шаршы метр кеспе тастар төселеді деп жоспарлануда.

Айта кетейік, 10 тамыз күні салтанатты түрде ашылған амфитеатрда театрландырылған қойылым қойылып, аймақ өнерпаздары өнерсүйер көпшілікті өз өнерімен тәнті еткен еді. Ал 12 тамыз – Каспий күні Ақтау саммитінен соң бұл жерде үлкен концерттік бағдарлама өткізілді. 

Қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары, Маңғыстау өңірінің мақтаныштары Тамара Асар, Айгүл Қосанова сынды өнер саңлақтары маңғыстаулықтар мен өлке қонақтарына арнап әннен шашу шашты.

Концерттік шара соңында әйгілі "Сан-Ремо" фестивалінің жұлдыздары дала сахнасына көтеріліп, итальяндық әншілердің орындауында ретро әндер шырқалды. Жұлдызды бағдарлама соңы мерекелік отшашумен түйінделді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: