Ақтауда ана мен бала орталығы ашылды

Написать нам
03 қараша, 2018, 10:39 3253 Маңғыстау облысы
Ақтауда ана мен бала орталығы ашылды

Маңғыстау облысының орталығында заман талабына сай салынған ана мен бала орталығы пайдалануға берілді.

Шалғай өңір тұрғындары осы күнге дейін кейбір медициналық көмекті басқа аймақтар мен шет мемлекеттерге барып алып келген еді. Енді осы мәселе түбегейлі шешімін тапты,  деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.

Құрылыс жұмыстарына республикалық бюджеттен 6 млрд теңге бөлінген. Жаңа ғимарат тұрған аумақ 20 мың шаршы метрді құрайды. Яғни бұл кешен облыстық перинаталдық орталыққа қарағанда үш есе үлкен. Орталық ұжымының құрамы акушер-гинеколог дәрігерлермен жүз пайыз қамтылған.

Енді маңғыстаулықтардың Ақтауда ашылған ана мен бала орталығына барып қаралып, қажетті емдік шараларды алуына мүмкіндік туды. Соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен жарақтанған кешенде күрделігі жоғары деп бағаланған операциялар жасалады.

Қарашаның екінші күні жұмысын бастаған орталықта ең алғашқы болып ер бала дүниеге келді. Сәбидің салмағы 3 келі 650 грамм, ал бойы 50 см-ден сәл асады. Анасы мен оның перзентінің жағдайы бір қалыпты.

Ана мен бала орталығына шұғыл медициналық көмекке зәру әйелдер жеткізіледі. Алты қабаттан тұратын медициналық кешенде науқастар үшін барлық жағдай жасалған. Әрбір бөлмеде үлкен терезе, жуынатын бөлме және дәретхана бар.

Ғимараттың бірінші қабаты тұтас кеңес беруге арналған. Мұнда акушер-гинекологтан бастап, неонтолог, педиатр сияқты түрлі мамандар жүкті әйелдер мен жаңа босанған аналарға жан-жақты кеңес береді. Орталықтың өзге перзентханалардан басты артықшылығы да осында.

"Дәл осы кешенде жуық арада катамнез кабинеті ашылады. Яғни, шала туылған немесе түрлі сырқаттармен дүниеге келген сәбилер 3 жасқа дейін осы кабинетке келіп ем алып, дәрігерлердің ұдайы бақылауында болады" - дейді Ана мен бала орталығының директоры Жамал Жаманбаева.

Мұндай орталықтың табиғи жолмен бала туу бойынша елімізде бірінші орында тұрған Маңғыстау өңірі үшін маңызы зор. Себебі, халқы 700 мыңға шамалас өңірде күніне 60 балаға дейін дүниеге келеді.

Ақ халатты мамандардың мәлімдеуінше, тек өткен 9 айда 14 мыңнан аса сәби туылған. Бұл, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 400 балаға көп.

Аймақ медицинасы үшін тың бастама - келер айдан бастап Ана мен бала орталығында суда жатып босану әдісі қолданылатын болады.

"Суда босану толғақты жеңілдетіп, ауырсынуды басуға көмектеседі", - дейді дәрігерлер.

Ақтауда тұратын Эльмира Бөрібаева осы орталықта алғашқы болып босанды. Өмірге дені сау сәби әкелген жас әйелдің қуанышында шек жоқ.

"Баламның салмағы 4 келіге жақын. Мұнда келген сәттен бері дәрігерлер барлық көмекті беріп жатыр. Жаңа орталықтың ең алғашқы қаралушысы болғаныма қуаныштымын. Осы жерде сәбилер аман-есен дүниеге келе берсін. Халыққа қажетті кешеннің салынуына тікелей араласқан аймақ басшыларына алғысымды айтамын" - дейді ол.

Ана мен бала орталығының мамандары келешек неонаталды хирургияны дамытуды күн тәртібіне қойып отыр. Сондай, кардиохирургиялық операциялар жасау қолға алынбақ. Әдетте, мұндай опреациялар шала туылған нәрестелерде ашық артериялық  жағдай байқалған кезде жасалады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: