Ақтауда Каспий конвенциясын ратификациялау мәселесі талданды

12 қараша, 2018, 15:52 1672 Маңғыстау облысы
Ақтауда Каспий конвенциясын ратификациялау мәселесі талданды

Халықаралық маңыздағы жиынға Парламент Сенатының депутаттары мен Ресей Федерациясы және Иран Ислам Республикасынан келген делегация қатысты.

Каспий жағасындағы шаһарда Қазақстан Республикасының Парламент Сенаты мен Ресей Федерациясы федеральды кеңесінің ынтымақтастық жөніндегі комиссияның 13-ші отырысы өтті. Жиынға Иран Ислам Республикасының делегациясы да қатысты, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.

Тараптар Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау мәселелерін талқылады. Басқосуды Қазақстан Республикасының Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Сергей Громов ашты. Ол өз сөзінде Каспий теңізінің конституциясына қол қою жөніндегі келісімге келуде Ресей мен Иранның қосқан үлесін жоғары бағалады.

"Каспий Конвенциясын ратификациялау жөніндегі құжаттар топтамасы 6 қарашада Үкімет отырысында қаралды. Бұл заң жобасы алдағы уақытта Парламент Мәжілісіне жіберіледі. Жиында Маңғыстау облысы мен Ресейдің Дағыстан Республикасы арасындағы ынтымақтастық мысалға алынды. Тараптар шекаралық аймақтарды дамыту, Каспийдегі туризм, экология мен биоресурстарды қорғау саласында әріптестікті арттыруға зор қызығушылық танытып отыр", - деді Сергей Громов.

Ал Ресей Федерациясы кеңесі мен Иран Ислам консультативтік кеңесінің мүшелері конвенцияны уақытында ратификациялаудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, бұл бағытта бірлесе жұмыстануға әзір екендіктерін жеткізді.

Ресей Федерациясы Федеральды кеңесінің мүшесі Елена Мизулинаның айтуынша, Ресейде Каспий конвенциясын ратификациялауға дайындық қызу жүріп жатыр. Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссияның кезекті отырысында айтылған ұсыныс-пікірлер міндетті түрде ескеріледі.

"Ақтауда өткен маңызды басқосуға Иран Ислам Республикасы делегациясының қатысуы шара маңыздылығын көтере түскені анық. Біз бүгінгі басқосуда бес ел басшылары тілегін өмірге енгізуге бір қадам жақындай түстік", - дейді Елена Мизулина.

Айта кетейік, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, Конвенция теңіздің суын, түбін, қойнауын, табиғи ресурстары мен әуе кеңістігін қоса алғанда осы су айдынына қатысты тараптардың барлық құқықтары мен міндеттемелері айқындалған және реттелген "Каспий теңізінің конституциясы" болып табылады.

Бұл құжат теңіздегі құқықтар мен егемендіктің аражігін ажыратуға, қойнауын пайдалану, транзит пен тасымалдау құқықтарын жүзеге асыруға, су асты құбырлары мен желілерді жүргізуге, табиғи орта мен биологиялық ресурстарды қорғауға байланысты ауқымды мәселелерді қамтиды.

Қазақстан Республикасының Парламент Сенаты мен Ресей Федерациясы федеральды кеңесінің ынтымақтастық жөніндегі комиссияның 13-ші отырысына қатысушылар Каспий Конвенциясына қол қойылуын осынау ерекше су айдынына екіжақты деңгейде де, көптарапты сипатта да бейбітшілік пен өзара тиімді ынтымақтастық аймағы мәртебесін бекітуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Жиында сөз алған Ресей Федерациясы Федералдық жиналысы Федерация кеңесі аграрлық-азық-түлік саясаты және табиғатты пайдалану комитеті төрағасының орынбасары Сергей Белоусов және Иран Ислам Консультативтік кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Масуд Пезешкиан Каспий Конвенциясын уақытында ратификациялаудың маңызы туралы айтты.

Отырыс барысында екі ел сенаторлары бірыңғай экономикалық кеңістік аясында Маңғыстау облысы мен Ресейдің Дағыстан Республикасын мысал ете отырып, шекаралық аймақтарды дамытуды, Каспийдегі туризм, экология мен биоресурстарды қорғау саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ Сергей Громов пен Иран Ислам Консультативтік кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Масуд Пезешкианның жеке кездесуінде парламентаралық ынтымақтастық және екіжақты қатынастарды, оның ішінде парламентаралық үнқатысуларды одан әрі нығайту мәселелері кеңінен талқылады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: