Ақтауда Каспий маңы елдерінің V саммиті басталды

12 тамыз, 2018, 16:43 2439 Маңғыстау облысы
Ақтауда Каспий маңы елдерінің V саммиті басталды

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтау саммитін ашып, күн тәртібіне қойылған негізгі мәселелерді атап өтті.

Ақтау қаласында Каспий маңы елдерінің бесінші саммиті басталды. Қазақ мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтау саммитін ашып, күн тәртібіне қойылған негізгі мәселелерді атап өтті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

"Бүгін, 12 тамыз – Каспий теңізінің күні. Бұл тарихи шешімдер қабылдау үшін қолайлы жағдай тудырады", - деді Елбасы.

Халықаралық маңызы зор шараға қатысушы Каспий маңындағы бес мемлекет басшылары Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындап, тараптарға ортақ су айдынында ынтымақтастықты жандандыру және аймақтық, жаһандық деңгейдегі бірқатар мәселелердің оң шешімін табу жолдарын қарастырады деп күтілуде.

Халықаралық әріптестіктің жаңа дәуірі басталуы ықтимал бұл кездесудің қорытындысында Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындайтын конвенция қабылданады деп жоспарланып отыр.

Айта кетейік, бүгін жергілікті уақытпен таңғы 8-ден бастап Ақтау халықаралық әуежайына Ақтау саммитіне қатысушы Каспий аймағындағы төрт мемлекет басшылары ұшып жетті. Ең алдымен қазақ жеріне Әзербайжан президенті Ильхам Алиевтің ұшағы аялдады. Мұнан соң Иран Ислам Республикасының президенті Хасан Рухани мінген әуе көлігі келіп қонды.

Ақтауға қазақ елінің көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақырумен жеткен Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұxамедовті ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов күтіп алды.  

Каспий маңы елдерінің V саммитіне қатысу үшін Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин де Қазақстанға жұмыс сапарымен келді.

Қазақ елінің теңіз қақпасы болып табылатын портты қала Ақтауға осы апта күллі әлем жұртшылығының назары ауғаны мәлім. Өйткені, төрт бағыты бірдей құрлықпен түйісіп жатқан ұлан-ғайыр су айдыны бес мемлекет шекарасымен шектеседі. Алайда Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтайтын құжат әлі күнге бекітілмей келеді.

Кей мемлекеттерде тұйық көл деп аталуымен, жалпы көлеміне қарап Каспийді теңізі деген ұғым ертеден қалыптасқан. Жиырма жылдан астам талданып келе жатқан тақырыптың маңыздылығы аса жоғары. Қойнауы қара алтын мен газ қорына бай су айдыны маңында аймақтары шекаралас бес ел 12 тамыз - Каспий теңізі күні нақты бір шешімге келуі де ғажап емес.

Күні кеше Маңғыстау облысының орталығында Каспий маңындағы мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің кеңесі өткен еді. Тараптар "Каспий бестігі" кездесуіне дайындық жұмыстарын жан-жақты мұқият саралап шықты.

Маңызды кездесуден соң ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов бес ел Каспий теңізіндегі өзара ынтымақтастыққа қатысты барлық мәселелер бойынша консенсуске келе алғандарын айтты.

"Біз Каспий теңізіндегі өзара ынтымақтастыққа қатысты барлық мәселелер бойынша консенсуске келе алдық. Ол Президенттер қол қоятын Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның жобасы", - деп мәлімдеді Қайрат Әбдірахманов.

Сыртқы саясатқа жауапты ведомство басшысы осыған дейін атқарылған жұмыстардың Каспий маңындағы бес мемлекет басшыларының белсенді араласуымен нәтижелі жүзеге асырылғанын тілге тиек етті.  

Аталған кеңеске қатысқан бес мемлекеттік сыртқы істер министрлері Ақтау саммиті барысында қол қоюға жоспарланған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның ережелерін жүзеге асыру бойынша тараптардың келешек әрекеттерін бағамдайтын хаттама қабылдады.

Тоқтала кететін бір жайт, Ақтау саммиті алдында Каспий маңы елдерінің Сыртқы істер министрлері арнайы жұмыс тобы отырысын өткізген болатын. Бұл кездесуге Қазақстан, Ресей Федерациясы, Түрікменстан, Иран Ислам Республикасы және Әзербайжан елдерінің өкілдерінің тыңғылықты дайындықпен келгенін айтып өткен жөн.

Расында да, стратегиялық тұрғыдан алғанда тараптар үшін конвенция аса маңызды. Бүгін бес президенттің қолы қойылатын құжат өзара ынтымақтастықтың жаңа кезеңінің бастауы болады десек қателеспейміз. Яғни, ағымжағы жылдан бастап Каспий маңы елдерінің ынтымақтастықта әрекет етуі күшейіп, теңіз арқылы түйісетін аймақтары қарқынды даму үдерісіне көшеді деуге де толықтай негіз бар.

Сонымен, 10 тамызда Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтау бойынша бірлесе, нәтижелі еңбек еткен арнайы жұмыс тобының қорытынды отырысы өтті. Шара соңында тараптар өзара түсіністік туралы бірлескен коммюнике қабылдады.

Жалпы, қандай мазмұнда болмасын Конвенция мәтініне президенттер қол қоймас бұрын Үкімет басшылары жан-жақты шолу жасайды. Толыққанды пысықтап, соңғы өзгерістер мен түзетулерді енгізеді.

Бұл бағытта бірнеше жыл табанды тер төккен арнайы жұмыс тобының мүшелері кезекті кездесудің жоғары деңгейде өткенін айтып отыр. Каспий маңындағы бес мемлекет өкілдері келіссөздердің нәтижелі болып, саммиттің жемісті өтуіне атсалысқан мемлекетке ризашылық білдірді.

ҚР тұңғыш Президенті - Елбасы қоры жанындағы әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабековтің айтуынша, Конвенция - саяси-экономикалық маңыздағы құжат. Себебі, қазіргі таңда барлық Каспий жағалауында орналасқан мемлекеттер үшін бұл теңіздің тұрақты және қауіпсіз сипатта дамығандығына барлығы да мүдделі.

"Осы тұрғыдан, Конвенцияға қол қойылуы аса маңызды. Жалпы, бұл Конвенция қазақ еліне не береді? Біріншіден, ол Қазақстан үшін Каспий арқылы транзиттік коридорды ретке келтіру және Қазақстанның транзиттік әлеуетін жүзеге асыруға бірден-бір алғышарт. Өйткені, бүгінгі кездесуде Конвенциядан бөлек экономика және транспорт саласындағы келісімдерге де қол қойылады жоспарланған", - дейді сарапшы.

Жұмабек Сарабеков тілге тиек еткен бұл келісімдер бірінші кезекте Маңғыстау өңірінің дамуына қарқын қосып, теңіз арқылы жүк қабылдау-өткізу әлеуетін арттырары сөзсіз. Қазақстан үшін Каспий маңындағы аймақтың тарихи, мәдени, рухани-идеологиялық, геосаяси маңызы ерекше.

Шалғай өңір "Нұрлы жол" бағдарламасының нәтижелі жүзеге асуына орай ірі көлік-логистикалық орталыққа айналды. Ақтауда әуе, көлік, темір жолдары, паром және теңіз қатынастарының желілері тоғысқан. Ал Маңғыстау облысының жалпы өңірлік өнім көлемі бір жылда 99,2 пайыздан 104,4 пайызға өсті. Өнеркәсіптің негізгі индексі 101,2 пайыз. Негізгі капиталға салынған инвестиция үлесі соңғы жылдары бірден 6 пайызға артып, 256 миллиард теңгеге жетті. Индустрияландыру картасы аясында 42 жоба іске қосылып, 392 миллиард теңге тікелей инвестиция тартылды. Сонымен қатар, қазіргі таңда жалпы құны 418 миллиард теңгені құрайтын 89 жаңа жоба жүзеге асып жатыр.

ҚР Сыртқы істер министрлігі халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Талғат Жұмағұлов Бесінші Каспий саммитін 400-ге жуық БАҚ әлемге жариялайтынын айтып өтті.

"Ақтау - қазақ елінің теңіз қақпасы. Осы ретте Маңғыстау өңірі Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындау жолында маңызды роль атқарады. Тарихи келісімдер бекіген соң мұнайлы аймақтың келбеті өзгеріп, әлеуеті артады. Тағы бір басым бағыт – саммитті 400-ге тарта бұқаралық ақпарат құралдары әлемге жариялайды. Олардың қатарында беделді басылымдар бар. Бұл, өз кезегінде өлкенің туристік әлеуетін жаһанға жарнамалап, экономикасының өрлеуіне жол ашарына сенемін", - дейді Талғат Жұмағұлов.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: