Ақтауда мамандандырылған тергеу соты жұмысын бастады - Жаңалықтар | BNews

Ақтауда мамандандырылған тергеу соты жұмысын бастады

03 тамыз, 10:25 2721 Маңғыстау облысы
Ақтауда мамандандырылған тергеу соты жұмысын бастады

Осы мақсатта өңірлік сот ғимаратында арнайы кабинет жасақталған.

Ақтауда мамандандырылған тергеу соты жұмысын бастады. Көшеден өз алдына кіреберіс есігі бар кешенде екі тергеу судьясы мен алты сот қызметкері отырады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Осы жылдың 1 наурызынан бастап қолданысқа енген жаңа заңнамаға сәйкес өкілеттілігі артқан мамандар алғашқы жұмыс күні алты деректі талдау үстінде. Олар сотқа дейінгі тексеру өндірісіне қатысты қылмыстық істерді қарап, жасырын тергеу әрекеттеріне санкция береді. Сондай-ақ, лауазымды тұлғаға қатысты шағым бойынша тексеру жүргізуді бастаған.  

"Осыған дейін бұл саладағы деректер облысымызға қарасты бес аудандағы соттарда қаралып келді. Ендігі кезекте тек жасырын тергеу әрекеттеріне пәрмен тек облыс орталығында, дәлірек айтқанда Ақтау қалалық сотында беріледі. Бірақ, аудандық соттардағы судьялар да бұлтартпау шарасына қатысты санкцияларын бере береді", - дейді Ақтау қалалық мамандандырылған тергеу сотының төрағасы Бауыржан Елемесов.

Айта кетейік, Маңғыстау облысында бас-аяғы 42 сот мәжіліс залы бар. Барлығына бірдей бейнекамералар орнатылған. Сандық үлгідегі құрылғылар сот мамандарының істі қарау кезінде жіберген қателіктерін айғақтайды. Бейне және дыбыс жазу құралдары қолданысқа енгелі бірқатар заңбұзушылықтар анықталды.

Мәселен, Ақтау қаласының тұрғыны өзіне қатысты әкімшілік іс бойынша сот шешімімен келіспей, қарсы шағым түсіреді. Бейнежазба арқылы судьяның үкімді кеңес бөлмесіне бармастан бұрын шығарғаны дәлелденді.

Маңғыстау облысы бойынша өңірлік азаматтық істер жөніндегі апеллияциялық сот алқасының төрағасы Нұрсапа Примашевтің айтуынша, кейбір судьялардың қызметіне көңілі толмаған азаматтардан шағымдар келіп түскен.  

"Халықтан қабылданған арыз-шағымдарды талдау бөлімінен соң сот әдебі жөніндегі комиссия қарайды. Әрбір шағымды қарау кезінде міндетті түрде бейнежазбалар тексеріледі", - дейді құзырлы орган жетекшісі.

Бұған дейін де үш сатылы сот жүйесінің тараптар үшін тиімді екені туралы халыққа түсіндірме жұмыстары кеңінен жүргізіп келген еді. Ақтаулық заңгер Нұрсапа Примашев "100 нақты қадам: Ұлт жоспарының" 16-шы қадамы азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін арттырады дейді.

Қызмет өтілі Тәуелсіздікпен түйдей құрдас заңгер сот жүйесінің бес сатыдан үш сатыға қысқаруы судьялардың істі қарау уақытын үнемдеп, халыққа қызмет көрсету сапасын жақсартқанын айтады. Жаһандық тәжірибеде бар үрдістің басты тиімділігін сот жүйесіне сандық технологиялардың енуімен түсіндіреді.

Маңғыстау облыстық сот ғимаратының кіреберіс бұрыша қойылған "Сот кабинеті" электронды үстелі арқылы азаматтар арыз-шағымдарын сотқа жолдай алады. Кейін үйден ғаламторға кіріп, істің қаралуын бақылай алуына мүмкіндік бар. Демек, сот мамандарының құжаттарды қабылдау уақыты да мейлінше қысқарады деген сөз.

"Қазіргі кезде барлық арыздар электронды түрде қаралады. Яғни, тұрғындар үйден шықпай-ақ, компьютермен жолдау арқылы бізге беріп отырады. Оны алдағы уақытта жүз пайызға жеткізуге жұмыстанып келеміз. Мысал үшін, біз өткен алты айдың ішінде 4000 мыңға жуық іс қарап, бұйрық шығардық. Сол бұйрық шығару жұмыстары бастан-аяқ электронды түрде жасалды. Демек, ешқандай қағаз қолданылған жоқ. Сотқа қалай түсті, дәл солай судья компьютерде соттың бұйрығын қабылдап, бірден жолдайды", - дейді өңірлік азаматтық істер жөніндегі апеллияциялық сот алқасының төрағасы Нұрсапа Примашев.

"100 нақты қадам: Ұлт жоспары" сот отырысы хатшыларының да қызметін айтарлықтай жеңілдетті. Олар бұрын сотқа шақыру қағаздарын қолмен жазып, поштамен жолдайтын. Қазір SMS арқылы сотқа шақырылатын азаматтың ұялы телефонына хабарлама жібере салады. Бұл қадам бюджеттік шығынды азайтуға септігін тигізген. Ал, сот саласына енген реформаның халыққа пайдасы – судьялардың істі қарауын созбалаңға салынудан арылтады.

Ақтау қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Алтай Қонысовтың айтуынша, оның қазіргі атқарып жатқан судьялық қызметінде бірінші саты ретінде әкімшілік іс қаралады.

"Екінші, яғни апеллияциялық сатыға келіспеген жағдайда жолданады. Құқықтық бағаны беретін осы саты. Апеллияциялық сатыдағы қаралған сот актісіне тағы келіспеушілік білдіретін болса, қазір өзгеріс енгізілді, тікелей ҚР Жоғарғы сотына кассациялық тәртіппен шағым келтіре алады", - дейді судья.

Сот жүйесін жетілдіру жолдарын талдайтын дəстүрлі съезд әрбір төрт жыл сайын қазақ елінің бас қаласы Астанада өтіп тұрады. Демек, бұқараның 2020 жылға дейін сот сатыларын оңтайландыру жұмыстарының тиімділігімен толық танысуына уақыт бар.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: