Ақтауда өтетін саммитке әзірлік жұмыстары жалғасуда

24 шілде, 2018, 10:08 1934 Маңғыстау облысы
Ақтауда өтетін саммитке әзірлік  жұмыстары жалғасуда

Маңғыстау облысының орталығында Каспий жағалауы мемлекеттері Президенттерінің саммитіне әзірлік қызу жүріп жатыр.

Жауапты мамандарға дайындық жұмыстарын тамыздың 5-не дейін аяқтау туралы тапсырма берілген. Жоспар бойынша әуежайдан бастап орталық көшелерге бес елдің жалаулары ілінеді. Көлік жолдарындағы жолақтар сырланып, 73 бағдаршам орнатылады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Сондай-ақ, саммит өтетін жаңа "Достық" үйінің жанында баспасөз орталығы бой көтереді. Ол жерге ғаламтор желісі тартылып, журналистерге қажет құралдар қойылады. Маңызды шара алдында жарқабақ-жартасты қала жағалауын абаттандыру жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталмақ деп күтілуде.

Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіровтың айтуынша, саммитке дайындық жұмыстарын 5-ші тамызға дейін аяқтау жөнінде аймақ басшысы Ералы Тоғжановтың тапсырмасы бар. Осы орайда әзірлік шаралары тәулік бойы үзіліссіз жүріп жатыр. Белгіленген мерзім аяқталған соң жасалған жұмыстарды мұқият тексеріліп, кем-кетігі тез арада түзететлетін болады.

Айта кетейік, биылғы тамыз айында Ақтауда өтетін халықаралық маңыздағы басқосуға Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Түрікменстан мен Иран президенттері бастаған бес елдің делегациясы қатысады деп күтілуде.

Мәртебелі меймандарды қарсы алу үшін қала басшылығы қызу дайындыққа кірісіп те кетті. Ондаған шақырым көлік жолдарын жағалай тал көшеттері мен түрлі-түсті гүлдер егіліп, Каспий жағасындағы шаһар жасыл желекпен көмкерілмек. Атап айтсақ, орталық көшелер мен жағажайларға барқытгүл, қырмызы гүл, түрік қалампыры секілді бес миллиондай гүл егіледі.

Қазіргі таңда Ақтауда кіреберіс жол жиегінде биіктігі 8-9 метр болатын гүлмен өрілген алып құмыра композициясы орнатылды. Көгалдандыру жұмыстарына ел қазынасынан 823 миллион теңге бөлінген. Сондай-ақ орталық көшелер күрделі жөндеуден өтіп, ескі жолдар тақтайдай тегістелді. Шетелдік қонақтарды қабылдауға бес жұлдызды 6 бірдей қонақ үй дайындалып жатыр.

"Қала ішінде жаңадан тал көшеттерін егу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.  Басты көшелер бойымен 7 мың дана суыққа төзімділігі 7Б сыныбына жататын ерік өсімдік - павлония ағаштары отырғызылатын болады. Ертең олардың биіктігі 20-25 метрге дейін жетеді" - дейді Ақтау қалалық ТКШ бөлімі басшысының орынбасары Қайрат Ақыбаев.

Естеріңізге сала кетейік, Маңғыстау облысының әкімі Каспий маңы мемлекеттері саммитінің маңыздылығына тоқталғаны туралы осыған дейін айтып кеткенбіз.

Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Ақтауға жұмыс сапарымен көршілес Түрікмен елінен арнайы келген делегациямен кездесті. Өлке меймандарын Түрікмен елінің төтенше және өкілетті елшісі Тойлы Көмеков бастап келді, 

Тараптар Ақтауда 2018 жылдың 8 тамызында өтеді деп жоспарланып отырған Каспий маңы мемлекеттері саммитінің маңыздылығына тоқталып, халықаралық жиын екі ел арасындағы байланысты одан әрі күшейте түсетінін атап өтті.

Кездесу барысында облыс әкімі Ералы Тоғжанов алдағы саммит аясында Қазақстан мен Түркіменстан үшін маңызды үш мәселені көтерді. Атап айтсақ, көлік дәлізі, әуе қатынасы және қазақ-түрікмен арасындағы визалық мәселелерді талқылауды ұсынды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: