Ақтауда шахматтан республикалық ашық турнир өтті - Жаңалықтар | BNews

Ақтауда шахматтан республикалық ашық турнир өтті

13 шілде, 19:41 2838 Маңғыстау облысы
Ақтауда шахматтан республикалық ашық турнир өтті

Турнир жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қазақстандық гроссмейстер Динара Сәдуақасова қатысты.

Ақтауда шахматтан "Лазар Елмұханбетов мемориалы" атындағы республикалық ашық турнир өтті. Астананың 20 жылдығына арналған жарыс 6-12 шілде аралығында "А", "В" және "С" классикалық шахматтан өткізілді. Маңғыстау өңірінде алғаш рет ұйымдастырылған республикалық жарысқа қазақ елінің барлық өңірінен келген 160-тан аса жеткіншек бағын сынады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Жалпыкомандалық есеп бойынша 1-орынды астаналық оқушылар еншіледі. 2-орын ақтөбеліктерге бұйырды. Ал маңғыстаулық жеткіншектер 3-орынды қанағат тұтты.

Лазар Елмұханбетовтың ұлы, балалар арасындағы шахмат жарысын ұйымдастыру комитетінің басшысы Нұрлан Лазарұлының айтуынша, Қазақстан Кубогы деңгейіндегі турнирлер Ақтауда соңғы 30 жылда бірде-бір рет өткізілмеген. Осы спорт түрін көпшілікке насихаттаушылардың өмірден озуы облыста шахматтың тоқырауына әкеліп соқты. Лазарь Елмұханбетов интеллектуалды ойынды танытуға кең көлемде атсалысқан тұлғалардың бірі. Марқұмның туыстары, отбасы мүшелері, сонымен қатар жас ұрпақтың қолдауымен бүгінгі игі бастама қолға алынып отыр.

"Бұл турнирдің басты ерекшелігі - ақтаулық оқушылардың Әзірбайжан елінің Кусары қаласының балаларымен онлайн кездесуі болды. 6х6 үлгіде өткен сайыста жас шахматшылар тең түсті. Келешек ғаламтор арқылы жүретін мұндай сайыстарды жиі өткізуді жоспарлап отырмыз", - дейді турнир директоры Анвар Шайхымов.

Өзгелерден дара шығып, есімі жеңімпаздар тізіміне жазылған балаларды марапаттау рәсіміне қазақстандық гроссмейстер Динара Сәдуақасова қатысты.

"Шахматтан балалар арасындағы республикалық турнир Ақтауда алғаш рет өтті. Ақыл-ойды ұштайтын спорт жарысына мектеп оқушыларының жоғары дайындықпен келгені байқалып тұрды. Олардың қатарында жас ерекшелігіне қарай әлем, Азия чемпиондарының көптігі қуантады. Каспий жағасындағы қалада мұндай жарыстардың жалғаса беруіне тілектеспін", - дейді әйелдер арасындағы шахматтан халықаралық гроссмейстері.

Айта кетейік, шахматтан әлем чемпионы жарыс алдында қатысушылар үшін бір ойын сессиясын және шеберлік сабағын өткізген еді.

Сондай-ақ, өлке мейманы аймақ басшысы Ералы Тоғжановтың қабылдауында болды. Гроссмейстер Маңғыстау облысындағы шахматқа қатысушы жас жеткіншектерге қызығушылық танытып, осы спортты дамытуға қолдау көрсеткені үшін облыс әкіміне шексіз алғысын білдірді.  

Өңір басшысымен кездесуде әлемге әйгілі шахматшы қазақ қызы Маңғыстау облысында алдағы уақытта өтетін турнирлерге қатысуға дайын екендігін жеткізді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: