Ақтауда тұрмыстық зорлық көргендерді қолдау орталығының қызметі қайта жанданды

19 шілде, 2018, 19:52 3054 Маңғыстау облысы
Ақтауда тұрмыстық зорлық көргендерді қолдау орталығының қызметі қайта жанданды

Әлеуметтік сала мамандары ағымдағы ай басынан бері 30-ға тарта тұрғынға қол ұшын берді.

Маңғыстау облысындағы осы санаттағы бірегей әлеуметтік кешен жаңа ғимаратқа көшуіне орай жарты жылға жабылып қалған еді, қазір жаңа орталық есігі қайта ашылды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Әлеуметтік сала мамандары ағымдағы ай басынан бері 30-ға тарта тұрғынға қол ұшын беріпті. Олардың басым көпшілігі кәмелеттік  жасқа толмаған балалар. Мұнда жатын орны мен азық-түлік, заңгерлік және психологиялық қызмет түрлері тегін көрсетіледі.

Алты баланың анасы Айман Нәрікбаева орталық психолог-маманының қабылдауында отыр. Ішімдікке сылқия тойып келіп, үй ішін сабайтын жұбайын тастап осы орталықты паналап жүргеніне бір аптадан асқан. Мектеп жасындағы ұл-қыздарына ас-суды өзі әзірлеп, үнемі көз алдында ұстайды. Қатыгез күйеуінен ажырасу үшін сотқа арыз жазып та қойған.

"Баратын жерім болмаған соң, амалсыздан балаларымды уақытша жатқыза тұратын орын іздедім. Ғаламтор арқылы осы жердің мекенжайын таптым. Мұндағы мамандардың маған берген басты көмегі - балаларыма жатын орын ұсынып, тегін тамақтандыруы деп білемін. Өзімде олармен біргемін. Орталық ұжымында педагог-психолог бар, ұл-қыздарыма арнайы сабақ өткізеді. Мұндай қиын жағдай әр отбасыда болуы мүмкін. Жолдасымен жүз жыртысып, далада қалып жатқандарға айтарым Үкіметтен қолдау-көмек бар. Осы жердегі басшыларға айтар алғысым шексіз" - дейді ол.

Айман Нәрікбаеваның ендігі мақсаты - орталық мамандары ұсынған тегін кәсіптік курсты оқып алу. Одан әрі тігіншілікпен айналысып, ел қатарлы күн көруді армандайды. Көпбалалы ана мұнда жарты жыл тұра алады. Перзенттерінің құжаттарын рәсімдеу үшін сыртқа шыққан жағдайда балалары психолог бақылауында болады.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналған балалар сырт көзден бой тасалап, томаға-тұйық жүреді. Олардың қоғамға бой үйретіп, өзіне сенімінің қайта қалыптасуына педагог-психолог қана көмектесе алады. Олар сурет сабағы немесе ойын кезінде еркін әңгімеге тарту арқылы жеткіншектің ішкі сезімімен танысады.

Мәселен, ермексаздан түрлі бұйым жасау немесе бейнелеу сабағы кезінде педагог психолог жеткіншек таңдаған түстерге басты назар аударады. Күлгі, қоңыр, қара түстерге құмар бала ішінде айтылмаған терең мұң бар екенін түсініп, қызыл, көк не ақ түстердің таңдауға кеңес береді. Осы арқылы жеткіншек көңіл-күйінің көтерілуіне ықпал етеді.

"Біздің бұл жердегі негізгі іс-әрекетіміз тек ойын ойнату түрінде өтеді. Атап айтсақ, сурет салдырамыз. Осы арқылы қол моторикасының дамуына септігімізді тигіземіз. Сазбалшықпен де жұмыс жасайды. Әртүрлі бұйымдарды жасағанда әр бала қалаған түстерді таңдайды. Әр түстің өзіндік сыры бар. Бейнелеу сабағы кезінде балалар ішіне жиған сезімін шығарады, сол суретпен. Біздің бірінші кезектегі міндетіміз - жақынынан зәбір көрген балалардың сана-сезімінің дұрыс қалыптасуына көмек беру" - дейді орталық маманы Перизат Асилова.

20 орынға есептелген бұл орталық тәулік бойы үзіліссіз жұмыс жасайды. Ғимараттың іші-сыртына бірдей 360 градус кеңістікті бағдарлай алатын бейнебақылау камералары орнатылған. Ішке кіретін жалғыз есікті күзетшілер бақылайды. Мұнда тек қазақ елі азаматтарынан бөлек, шетелдіктерге де түрлі қызмет көрсетіледі. 

"Табыс көзін іздеп не көшіп келіп, түрлі кедергілерге ұшыраған шетелдік азаматтарды да қабылдап, кеңес береміз. Жаңа ғимаратқа ауысқалы жұмысымыз тың қарқын алды. Қазір 30-ға тарта әйелді қамқорлығымызға алдық" - дейді тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қолдау орталығының заңгері Александр Фокин.

Заңгердің айтуынша, тұрмыстық зорлық көрген қыз-келіншектер әлеуметтік сала мамандары мен психологтардан қолы босаған сәтте сұлулық салонына жазып, мәдени-көпшілік орындарға жіберіледі. Осылайша, көмекке мұқтаж адам үшін жаңа өмір басталады.  

Былтыр орталыққа хабарласқан 300-ге тарта адамға көмек берілген. Осыған дейінгі ескі кешенде 66 әйел мен 112 бала тұрыпты. Қазіргі таңда жаңа ғимаратта кереует санын ұлғайту қолға алынған. Құрылысы аяқталуға жақын қосалқы ғимаратта  орталық мамандары орналасады. Ал олардан босаған бөлмелер жатын орынға айналмақ. Сондай-ақ, келешек әлеуметтік кешен алдында бос жатқан жерлерге балаларға арналған ойын алаңдары салынады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: