Ақтауда "Ақылды үй" жобасы таныстырылды

18 шілде, 2018, 11:47 2272 Маңғыстау облысы
Ақтауда 

"Ақылды үйдің" онлайн режимдегі бейнекамералары мен ғимараттың іші-сыртындағы қимыл-қозғалысты бақылайтын инновациялық құрылғылары бар.

Облыс орталығында тұрғын үйлердің қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге арналған инновациялық өнім - "Ақылды үй" жобасы таныстырылды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Аталған өнім нақты уақыт режимінде тұрғын үйде болып жатқан жағдайларды бақылауға, оқыс жағдайлар туралы жедел ақпарат алуға мүмкіндік береді. Электронды жаңа қызмет түрінің тұсаукесер рәсіміне аймақ басшысы Ералы Тоғжанов пен "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев қатысты, - деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.

Сонымен, Ақтау қаласының 15-ші мөлтек ауданындағы №35 көпқабатты тұрғын үй отандық телекомуникациялық компаниясы заманауи үлгідегі күзет және өрт қауіпсіздігінің зияткерлік тетіктерімен жабдықтаған Маңғыстау облысындағы ең алғашқы "Ақылды үй" болды.

"Ақылды үйдің" онлайн режимдегі бейнекамералары мен ғимараттың іші-сыртындағы қимыл-қозғалысты бақылайтын инновациялық құрылғылары бар. Кісі назарынан таса жерлерге орнатылған детекторлар есік немесе терезенің ашылғандығын, жалын шыққанын қас-қағым сәтте бағдарлай алады.

Бейнебақылау құралдары болса, болған оқиғаны лезде тіркеп, сурет түрінде есеп жібереді. Яғни, баспанада туындаған қиындық туралы пәтер иесіне смартфонға орнатылған ұтқыр қосымша арқылы жедел хабарлама беріледі.

Айта кетейік, пәтер иелерінің бұл жабдықты сатып алуының еш қажеті жоқ. Өтінім бойынша жауапты мамандары өздері әкеліп, орнатады. Оларды құрастыруға жұмсалатын уақыт 40 минуттан аспайды.

"Ақылды үй" пәтердің кешенді қорғалуын қамтамасыз етеді. Яғни, тұрғындар бұдан былай ұрылардың үйге кіруі немесе үй иесі болмаған кезде орын алуы мүмкін апат туралы алаңдамайтын болады. Сандық үлгідегі жүйе ұялы телефонға хабарлама жіберіп, кез-келген қиындық туралы тез арада ескертеді. Сәйкесінше, тұрғындар пәтер ішінде нақты не болып жатқанын және көмек шақырудың қаншалықты қажет екенін мобильді қосымша арқылы көріп отырады.

Сондай-ақ, ақылды үйдің тұрғындары қазақстандықтар арасында кең қолданысқа ие "Бұлтты бейнебақылау" қызметіне де қосыла алады. Электронды құрылғы пәтер иелерінің тұрғын үй жанында және кіреберіс подъезде болып жатқан оқиғаларды нақты уақыт режимінде смартфон немесе дербес компьютер көмегімен бақылауға мүмкіндік береді.

Инновациялық жобаның басты ерекшелігі ретінде ұялы телефонға хабарлама түрінде жіберілген суреттің сапасы өте жоғары екенін атауға болады. Яғни, үй ішіне кіріп-шыққан адамның бет-әлпетін дәл айырып көрсетуге мүмкіндігі зор.

Сондай-ақ, үй иесі қалауынша электронды мұрағат қорындағы бейнежазбаларды оңай ала алады. Барлық жазбалар жеті күнге дейін қолжетімді.

Бірыңғай бейнебақылау желісіне қосылған екі бейнекамера подъезге орнатылады, олар кіре беріс пен тұрғын үй алдындағы ауланы түсіреді.

Бұл бағыттағы жоба бойынша қазақстандық компания мамандары Ақтау мен Жаңаөзен қалаларындағы 200-ден аса үйге 1650 бейнекамера орнатып, көпқабатты тұрғын үй секторының 62 мыңнан аса тұрғынын "Бұлтты бейнебақылау" қызметіне қосуды жоспарлап қойған.

Кездесу барысында тағы бір жаңа өнім - "Ақылды тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы" жобасының қызметі таныстырылды.

Оның аясында пәтерлерге күн сайын тұтынылатын судың, газдың, электр мен жылудың көлемі туралы ресурстық компанияға хабар беріп отыратын ақылды құралдар орнатылмақ.  

Ақылды технология коммуналдық ресурстардың нақты қанша пайдаланылғаны, түрлі апаттық жағдайларда және тұрғындардың заңсыз қолдануы салдарынан компанияға келген шығынды дәл көрсетуге мүмкіндік береді.

Отандық өнім ресурстық компаниялардың техникалық ақаулар жиі анықталатын тұрғын үйлерді анықтауға және оларды жөндеу жұмыстарын жоспарлауға ықпал етеді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: