Ақтауда Бесінші Каспий саммитіне әзірлік қызу жүріп жатыр - Жаңалықтар | BNews

Ақтауда Бесінші Каспий саммитіне әзірлік қызу жүріп жатыр

10 тамыз, 20:21 3056 Маңғыстау облысы
Ақтауда Бесінші Каспий саммитіне әзірлік қызу жүріп жатыр

12 тамыз күні Маңғыстау облысының орталығы Ақтауда Каспий маңындағы бес мемлекет президенттері бас қосады.

12 тамыз күні Маңғыстау облысының орталығы Ақтауда Каспий маңындағы бес мемлекет президенттері бас қосатын саммитке дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Жаһандық маңыздағы шара барысында көлік транзиті, экономика және экология, биоресурстарды қорғау және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық мәселелері кеңінен талданады деп күтілуде.

Күн тәртібіне қойылған басты тақырып – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындайтын конвенцияны қабылдау. Жиырма жылдан астам уақытқа созылған келіссөздер осы аптада өз мәресіне жетеді деп күтілуде. Құжатқа қол қойылған соң жағалау мемлекеттері көлік-транзит еркіндігі, балық аулау және өзге де мәселелер бойынша өзара келісімге келеді. Бүгінде қала саммитке қызу дайындық үстінде. Арнайы штаб құрылып, қауіпсіздік шаралары күшейтілген.

Бесінші Каспий саммиті Ақтаудағы жаңа шағын аудандардың бірінде салынған Достық үйінде өтеді. Үш бөліктен тұратын зәулім ғимараттың сырт келбеті алыстан қарағанда Елорда төріндегі Ақордаға қатты ұқсайды.

Маңғыстау облысының орталығына шетелдік қонақтардың алғашқы тобы ұшып жетіп жатыр. Жалпы, Ақтаудағы саммитке жағалау мемлекеттерінен 600-ге жуық делегат келеді деп күтілуде. Жаһандық маңызы бар шараға өңірдің жиырмадан астам белсенді тұрғыны қатысады. Олардың қатарында мұнайшылар, саясатшылар, кәсіпкерлер мен әлеуметтік сала мамандары бар. Каспий маңындағы бес мемлекет басшыларының кездесуін жоғары деңгейде өткізу-ұйымдастыру мақсатында арнайы штаб құрылған.

Орталық көлік жолдары, теңіз жағажайлары мен шағынаудандарға 7 миллионнан астам гүл шоқтары егілді. Сондай-ақ, бірер ай бұрын отырғызылған 4 мыңға жуық павловния ағаштары шаһар көркін ашып тұр. Жас тал көшеттері көрші мемлекеттен арнайы әкелінді. Өңір климатына төзімді гүлдер мен ағаштарды суару, баптау жұмыстарына қала халқы әр сенбі сайын белсене қатысып жүр. Бір айта кетерлігі, қысқа мерзімде қалаішілік жолдар жаңарып, 15-шағын аудандағы жағалау көпшілік демалатын көрікті орынға айналды.

Айта кетейік, Ақтау саммиті қарсаңында 15-шағынаудандағы теңіз жағалауында амфитеатр ашылды. Бұл жерде 12 тамыз күні кешкілік көрермен назарына гала-концерт ұсынылмақ. Мәдени шараға әйгілі "Сан-Ремо" фестивалінің жұлдыздары, итальяндық әншілер Родольфо Гордини мен Изабелла Биффи қатысады деп күтілуде.

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сәкеевтің айтуынша, өңір тарихында алғаш рет қолданысқа берілген амфитеатрдың ұзындығы 70 метрді құрайды.

"Яғни, мұндай көлемдегі кешен Қазақстанда жоқ деген сөз. Үстінде бір мезгілде мыңға жуық әртіс өнер көрсетсе, бір шараны 20 мыңға жуық халық тамашалай алады. 19 колонналы амфитеатр төбесіне жергілікті халық үшін ерте заманнан бері аңызға айналған теңіз жылқысы «Суын айғыр» апостоменті қойылған. Қанатын жайған пырақ халықты игілікке, бақытқа шақырып тұрған, елге белгілі тарихи дерек негізінде салынған үлкен ғимарат, ғажайып жоба болып табылады. Күні кеше салтанатты түрде ашылып, қаланың жаңа көрнекті орнына айналды", - дейді Руслан Кенесарыұлы.

Сондай-ақ, 4-ші А шағын аудандағы әлемге танымал "Мыс" мүйісіндегі жарқабақ үңгірлері тазаланып, 6 шақырым жаяу жүргінші жолы төселді. Табиғи қалпы бұзылмаған ең үлкен үңгір ішіне қазақтың көне таңбалары қашалып жазылған. Түнгі мезгілде жартастарға түрлі-түсті жарық түсіріліп, тарихи деректі фильмдер көрсетіледі.

Ақтау саммитіне дайындық осылай. Жаһандық маңызды шара тағы бір мәрте әлем назарын қазақ мемлекетіне аударатыны сөзсіз. Сәйкесінше, жаңа инвесторлар қызығушылар танытқан тың бастама, ұсыныстар болары тағы анық. Бұл ретте мұнайлы өңірдің көршілес елдермен іскерлік қарым-қатынасының жыл санап қарқынды өсіп келуіне тоқталып өткеніміз жөн.

Мәселен, өткен бес айда Маңғыстау облысы мен Ресей Федерациясы арасындағы ауар айналымы 52 млн долларға жетті. Бұл, былтырғы салыстырмалы кезеңнен 9,4 пайызға артық көрсеткіш. Шалғай өңірге көрші мемлекет салған инвестициядан 300 кәсіпорын ашылып, қызметін жалғастыруда. Осы бағытта Қазақстан Каспий маңы елдерінен көш ілгері тұр. Ал 186 жобаны іске қосқан Әзірбайжан екінші орында келеді.

Қазіргі таңда "Ақтау теңіз порты" арнайы экономикалық аймағындағы өндіріс және логистика орталығының қызметі қарқынды. Жыл соңына дейін электр бұйымдарын шығаратын ірі зауыт құрылысы аяқталады деп күтілуде.

Арнайы экономикалық аймақта заманауи үлгідегі салынған орталық қоймаларында қағаз майлықтар, газдалған сусындар, сүт пен ұн сақтаулы. Азық-түліктің үлкен қорын жинақтаған бұл кешеннің Маңғыстау өңірінде баламасы жоқ. Сырт келбеті ерекше ғимараттың жалпы аумағы 9 мың шаршы метрден асады. Әзербайжандық инвесторлар бұл жобаға 4,5 млрд теңге қаржы жұмсаған.

"Ақтау теңіз порты" арнайы экономикалық аймағында жүзеге асатын жобалар барлық салықтардан босатылады. Осы тұрғыдан шетелдік инвесторлардың қызығушылығы жоғары. Өндіріс және логистика орталығының мамандары Каспий маңы елдерімен ұдайы келіссөздер жүргізіп келеді", - дейді "Ақтау теңіз порты" арнайы экономикалық аймағының инвесторлармен жұмыс жөніндегі бас менеджері Жарасқан Қабиев.

Каспий арқылы Ақтауға пароммен жолаушы және жүк тасымалдайтын мемлекет кәсіпкерлері тағы бір жобаға да 9 млрд теңгеден астам инвестиция салған. Арнайы экономикалық аймақта электр трансформаторлары мен желілерін шығаратын зауыт құрылысы кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Кәсіпорын биыл қолданысқа берілсе, 200-ге жуық жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Отандық өнім алдымен ішкі нарық сұранысын жауып, кейін көрші аймақтарға тасымалданбақ.

Маңғыстау облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы Нұрәділ Иманғалиевтің айтуынша, соңғы үш жылда Каспий аймағы мемлекеттерімен алыс-беріс көлемі 33 пайызға артқан.

"2015 жылы 165,8 млн, ал 2017 жылы 220,5 млн доллардың тауары айналды. Біздің өңірмен әсіресе Ресей Федерациясы және Иран Ислам Республикасы тығыз әріптестік байланыста. Осы мемлекеттерге қазақ темірі мен машина құрастыру саласының өнімдері экспортталады. Ал Парсы мемлекетінен Қазақстанға негізінен ауылшаруашылық тауарлары тасымалданады", - дейді ол.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың сәуір айында маңғыстаулық кәсіпкерлер жұмыс сапарымен Түрікменстанға барып келген еді. Іскерлік кездесулер кезінде 13 жобаны бірлесе жүзеге асыруға ұсыныс жасалды. Олардың қатарында машинақұрастыру, құрылыс және жеңіл өнеркәсіп тауарларын шығаратын ірі кәсіпорындар бар. Бұл бағыттағы келіссөздер әлі де жалғасып жатыр.

12 тамызда өтетін Ақтау саммитінде бес мемлекет басшылары бірқатар маңызды құжаттарға қол қояды деп жоспарланған.

Барлық тараппен келісілген күн тәртібі негізгі үш мәселені қамтиды. Алғашқысы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі. Сондай-ақ, Каспийдегі ынтымақтастық мәселелері, соның ішінде экономика және транспорт, экология мен биоресурстарды қорғау, қауіпсіздік мәселелері кең қамтылады. Мұнан басқа аймақтық және жаһандық деңгейдегі тақырыптар да талданады.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруы бойынша Ақтау саммитіне Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин және Түрікменстан Республикасының Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов келеді.

Саммит қорытындысы бойынша 2017 жылғы 4-5 желтоқсанда Мәскеуде өткен Каспий маңы мемлекеттерінің сыртқы істер министрлерінің кездесуі аясында жобасы мақұлданған негізгі қорытынды құжат – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қою жоспарлануда.

Сонымен қатар, Каспий маңы мемлекеттерінің үкіметтері арасындағы саммит барысында транспорт, сауда-экономика және Каспий теңізінде жанжалдарды болдырмау саласындағы ынтымақтастық туралы үш келісім сияқты бірқатар халықаралық құжаттарға, сондай-ақ 2010 жылғы 18 қарашадағы Каспий теңізіндегі қауіпсіздік саласындағы келісімге ұйымдасқан қылмысқа, терроризмге қарсы күрес және Каспий маңы мемлекеттерінің шекаралық органдарының өзара әрекеттестігіне қатысты үш хаттамаларға қол қою жоспарлануда.

Кездесу аяқталғаннан кейін Бесінші Каспий саммитінің Коммюникесін таратылады. Осы шара алдында, яғни 11 тамыз күні Каспий маңы мемлекеттері сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтеді деп жоспарланған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келді. Мемлекет басшысы Ақтау қаласына келген соң қала нысандарын аралап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңеске қатысады. Сонымен қатар, сапар барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың мультимодальды Құрық портының таныстырылым рәсіміне және Бесінші Каспий саммитіне қатысуы, сондай-ақ жоғары деңгейде бірқатар екі жақты кездесулер өткізуі жоспарланып отыр.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: