Ақтаудағы емханада алғаш рет жедел жәрдем бөлімшесі ашылды - Жаңалықтар | BNews

Ақтаудағы емханада алғаш рет жедел жәрдем бөлімшесі ашылды

02 тамыз, 16:49 3111 Маңғыстау облысы
Ақтаудағы емханада алғаш рет жедел жәрдем бөлімшесі ашылды

Игі шара орталық станцияға жүктелген міндет салмағын жеңілдетуге бағытталған.

Ақтаудағы емханалардың бірінде алғаш рет жедел жәрдем бөлімшесі ашылды. Бұл орталық станцияға жүктелген міндет салмағын жеңілдету мақсатында жүзеге асырылып отыр. Қалалық №1 емханаға келіп түскен телефон қоңыраулары науқасқа көрсетілетін ем жеңіл деп танылса, бірден қалалық емханаға бағытталады. Одан әрі екі бірдей жеңіл көлікпен қамтылған дәрігерлер шақырту түскен мекенжайға шұғыл жетеді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Төрт бригадаға бөлінген 16 маман тәулік бойы халыққа қызмет етеді. Мемлекеттік мекеме басшылығы енді арнайы мақсаттағы "Газель" машинасын сатып алуды жоспарлап отыр.

"Жедел-жәрдем бөлімшесі науқас адамдарға жедел медициналық көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Медицина тілімен айтсақ, сырқат белгілері 4-ші аталымға жатқызылатын адамдар бірден осы емханаға есепке алынады. Сәйкесінше, оларға қажет дәрігерлік көмек бас-аяғы бір сағат ішінде көрсетілетін болады. Менің ойымша, жедел-жәрдем қызметі қаланың қай жерінде болмасын, халыққа шұғыл, кәсіби деңгейде емдік шараларын көрсетуі қажет деп санаймын", - дейді Ақтау қалалық №1 емхананың шұғыл медициналық қызмет жөніндегі менеджер-үйлестірушісі Сүлеймен Нұрдәулетов.

Бұған дейін ақтаулықтардың цифрлық амбулаториялық карталарды қолдануға жаппай көшіп жатқаны жөнінде хабарлаған болатынбыз. Бүгінде кез келген қала тұрғыны мобильді қосымша арқылы медицина қызметкерінің қабылдауына онлайн жазыла алады.

Бұл үшін смартфонға жүктелген қосымшаға кіріп, ұялы байланыс және жеке сәйкестендіру номерлерін енгізу қажет. Сандық үлгідегі бағдарлама емхана мамандарының жұмыс кестесі мен үйге дәрігер шақыртудың жолдарын көрсетеді. Сондай-ақ, медициналық мекеме туралы жалпы ақпаратты алуға болады. Заманауи технология тұрғындардың уақытын үнемдеп, бастысы халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсартқан.

Ақтауда тұратын Асия Жұмашова балалар невропатолог-дәрігерінің қабылдауына онлайн жазылған тұрғындардың бірі. Алты баланың анасы мобильді қосымшаны перзентханада жатқан кезінде смартфонға жүктеп алған. Цифрлық бағдарлама арқылы қажет кезінде дәрігерді үйге шақыртып келген екен. Ұлы бір айға толған соң емханаға интернет арқылы жазылып, кестеге сай перзентінің денсаулығын мамандарға қаратып жүр.

"Мұнда адамдар таңсәріден келеді. Ал мен ешқандай кезексіз, дәрігерге ұялы телефонмен жазылу арқылы кірдім. Жаңа заманға сай технологияның тиімділігін енді түсіне бастадым. Өйткені күн ыссыда, мына айқай-шу арасында бір айлық баламен кезекте тұру қиын. Жергілікті айтарым, "Дамумед" деп аталатын мобильді қосымшаны жазып алыңыз. Өте оңай, ең бастысы алтын уақытыңызды жоғалтпайсыз", - дейді көпбалалы ана.

Балалар невропатолог-дәрігеріне іргелес кабинетте отырған окулист көру қабілеті нашарлаған тұрғындарды қабылдайды. Мобильді қосымша көмегімен дәрігерге жазылу науқаспен қатар медицина қызметкерінің де уақытын үнемдейді.

Жалпы №1 қалалық емхананың электронды мұрағат қорынан тіркелген мекенжайы бойынша кез-келген адамның денсаулық паспортын табуға болады. Мұнда келген сырқат жан соңғы рет қашан және кімге қаралғанын монитордан көріп, тапсырған сараптамаларының қорытындыларымен таныса алады.

№1 қалалық емхананың сарапшы-дәрігері Гүлнар Романкулованың айтуынша, "Дамумед" электронды бағдарламасының басты артықшылығы - науқас пен дәрігердің уақытын үнемдеуінде.

"Емхана директорының тапсырмасымен осы мобильді қосымшаны ең алғашқы күннен бастап өзім де, әріптестерім де ұялы телефонға жүктеп алдық. Яғни, емхана ұжымы толықтай кешенді медициналық ақпараттық жүйеге қосылды. Осыған дейін қағаздағы амбулаториялық картаны толтыруға кететін уақытымыз енді науқасты қарауға жұмсалатын болды", - дейді ақ халатты маман.

Ұзын-сонар кезекке тұруға бойы үйреніп алған халық емханаға тым ерте уақытта  келеді. Әсіресе, балалар дәрігерлері отыратын кабинеттердің алды үнемі адамға лық толы тұрады. Осы олқылықты түзету үшін мейірбикелер мобильді қосымша туралы жан-жақты ақпарат жазылған жадымалар әзірлеп, көпшілікке таратуды қолға алған.

"Осы мобильді қосымша арқылы емхана дәрігерлеріне тәулігіне 1 мыңнан аса адам хабарласады. Осылай ретте жалғаса берсе, жыл соңына дейін қала және шаһар аумағындағы елді мекендер тұрғындары сандық үлгідегі бағдарламаны пайдалануға 100 пайыз көшеді деп айта аламыз. Бұл, өз кезегінде 107 мыңға тарта адам электронды медициналық қызмет түрлерін қолдануға көшеді деген сөз", - дейді №1 қалалық емхананың директоры Ізболсын Көлбаев.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, дәрігерлердің халыққа таратқан жадыналарында электронды медициналық қызмет туралы жан-жақты ақпарат көрсетілген. Яғни, мұны адам ғаламторға қосылған телефоны бар адам еркін қолданады. Болмаса емханаға келіп, ақпараттық бекетте отырған ІТ-маманның көмегіне жүгіне алады. Айта кетейік, мұндай бекеттер №1 қалалық емхананың барлық қабатында бар.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: