Ақтаудағы менингит диагнозы қойылған сарбаз көз жұмды

Написать нам
15 қазан, 2018, 14:48 1820 Маңғыстау облысы
Ақтаудағы менингит диагнозы қойылған сарбаз көз жұмды

Орталық ауруханада комада жатқан жігіт 14 қазанда есін жимаған күйі қайтыс болды.

Ақтауда менингит диагнозы қойылған сарбаз көз жұмды. Өңірлік денсаулық сақтау басқармасы мамандарының айтуынша, ағзасынан іріңді инфекция қоздырғышы табылған 21 жастағы жігіт кеше таңғы сағат 10 шамасында қайтыс болды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2018 жылдың 30 қыркүйегінде Ұлттық ұланға қарайтын №6656 әскери бөлімінің сарбазы менингит инфекциясын жұқтырды деген күдікпен орталық ауруханаға жеткізілді. Ол ауыр халде жансақтау бөліміне түскен бойда жасанды тыныс алу аппаратына қосылды.

Маңғыстау облыстық ауруханасының директоры Болат Каюповтың айтуынша, қызуы көтеріліп, өзін жайсыз сезінген науқас әскери бөлімнің санитарлық бөлімшесіне хабарласқан. Әскери бөлімдегі дәрігерлер оған тыныс жолдарының жұқпалы вирустық ауруы деген диагноз қойып, тұмауға қарсы ем жүргізеді. Алайда, бұдан нәтиже болмай, денсаулығы күрт төмендеген сарбаз орталық ауруханаға жеткізілген.

Екі күн бойы зертханалық зерттеулер жүргізіліп, дәрігерлер нақты диагноз қоя алмады. Тек 4 қазан күні ғана келісім-шарт бойынша әскерге алынған сарбаздан қатерлі дерт белгісі анықталды.

"Науқасқа "екінші дәрежелі ми комасы", "ми ісігі" "менингококк инфекциясын" жұқтырды деген диагноздар қойылды. Сарбазды санавиацияның көмегімен Астанаға жеткізу жоспарланды. Алайда, оның жағдайы аса ауыр болғандықтан тасымалдау мүмкін болмады", - дейді ақ халатты мамандар.

Арада бес күн өткен соң науқастың жағдайы күрт нашарлап, комаға түскен. Маңғыстау облыстық ауруханасының дәрігерлері оның өмірін құтқару үшін барлық қажетті шараларды жасағанмен, ажалдан арашалап қала алмады. 

Қазіргі таңда науқаспен байланыста болған адамдар да дәрігерлік бақылауға алынып, әскери бөлімде бірнеше күн карантин жарияланды. Осыған дейін №6656 әскери бөлімінің тағы алты жауынгері облыстық емханаға шұғыл жеткізілген еді. Кейін оларға тұмау тиген деп танылып, кері қайтарылды. Тағы бірнеше науқас жауынгер таяу күндері шығарылады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: