Ақтаудағы онкодиспансердің құрылысы қайта жанданды

Написать нам
05 қазан, 2018, 16:48 669 Маңғыстау облысы
Ақтаудағы онкодиспансердің құрылысы қайта жанданды

Әлеуметтік маңыздағы нысан 2019 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Маңғыстау облысында құрылысы жеті жылға тоқтап қалған онкологиялық диспансердің құрылысы қайта жанданды. Әлеуметтік маңыздағы нысан 2019 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Өңір басшысы Ералы Тоғжанов салу жұмыстары 2011 жылы басталып, кейін тоқтап қалған нысанның жұмысымен танысты. Биыл облыс әкімінің тапсырмасымен қаржы көзі табылып, онкологиялық диспансердің құрылысын аяқтау қолға алынды. Аталған әлеуметтік-инфрақұрылым жобасына NCOC компаниясы 7 млрд теңгеден астам ақша бөліп отыр.

Заманауи үлгідегі жаңа диспансер сырқат жандарға жоғарғы деңгейдегі медициналық көмек көрсетіп, өмірге қатерлі дерттің алдын алуға мүмкіндік бермек.

Жоба бойынша өңірлік онкологиялық диспансерде диагностикалық орталық, 100 орындық аурухана болады дер көзделген. Ғимараттың бірінші қабатында емхана, екінші қабатта әкімшілік корпус орналасады. Сондай-ақ, 3-тен 6-шы қабатқа дейін химиотерапия, хирургия, сәулелік терапия, күндізді ем-шара бөлімі және емдік қызмет көрсету бөлмелері болады.

Құрылысқа жауапты мамандар облыс әкімі Ералы Тоғжановқа жасалып жатқан жұмыстар туралы апта сайын баяндап тұрулары міндеттелді. Бұдан бөлек, медициналық кешенге аса қажетті заманауи құрал-жабдықтарды сатып алу жолдарын қарастыру қажеттілігі айтылды.

Бүгінгі таңда Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансерде төрт мыңнан астам адам тіркеуде тұр. Олардың барлығы өткен ғасырдың 80-жылдары салынған ескі ғимаратта ем алуға мәжбүр. Сәйкесінше, бұл жерде жоғары деңгейдегі диагностикалық шараларды өткізу мүмкін емес. Ал жатып емделетіндер үшін облыстық аурухананың бір бөлігінен 60 орын орын берілген. Яғни, орын тапшылығы айқын.

"Жуырда менің анамнан қатерлі ісік анықталды. Сырқат адам онкологиялық диспансерде жатып ем алуы қажет, бірақ орын болмағандықтан, қазір үйден ем алып жүр. Жалғыз менің ғана емес, өлке тұрғындарының көкейінде жүрген осы өзекті мәселе тезірек шешілсе екен деп тілейміз", - дейді қала тұрғыны Татьяна Евстигнеева. 

Ақ халатты мамандардың айтуынша, шалғай аймақта онкологиялық ауруды анықтау көрсеткіші жылдан-жылға өсіп келеді. Тек өткен тоғыз айдың ішінде 600-ден астам адамнан қатерлі ісік белгілері анықталған. Бұл, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бес жарым пайызға артық көрсеткіш. Осы тұрғыдан "сақалды құрылыстың" жуық арада аяқталуы аймақ тұрғындары үшін маңызы зор. Әлеуметтік нысан уақытында салынып, қолданысқа берілген жағдайда осыған дейін ем іздеп алыс-жақын мемлекеттерге сабылып келген өңір жұртшылығы енді жергілікті диспансер мамандарынан қаралатын болады. Яғни, аты жаман сырқаттың аймақ аумағына таралуының алдын алуға тосқауыл болады.  

Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансерінің директоры Нұрлан Жариевтің айтуынша, озық үлгіде салынатын ғимараттың басты ерекшеліктерінің бірі – бір қабатында сәулелі диагностика және сәулемен емдеу бөлімі орналасатын болады. Ол жерде қазіргі заман талабына сай медициналық құрал-жабдықтар қойылады.

"Келер жылы онкодиспансердің құрылысы аяқталғаннан кейін аймақ тұрғындары өз алдына дербес ғимараттағы медициналық кешен мамандарына қаралып, сырқатын асқындырмай сапалы емдік көмек алуына мүмкіндік жасалады", - дейді ол.

Жеті жылдан құрылысы қайта жанданған жаңа онкологиялық диспансерге еліміздің өзге өңірлерінен білікті мамандар шақыру күн тәртібіне қойылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы қазірдің өзінде бірнеше профессорлар мен тәжірибесі мол дәрігерлермен келіссөздер жүріп жатыр.

Айта кететін тағы бір жайт, Ақтаудың көрнекті орындарының бірі саналатын "Мәңгілік алау" монументі де бастан-аяқ қалпына келтіріліп жатыр. Құрылыс барысымен өңір басшысы Ералы Тоғжанов арнайы барып танысты.

Биылғы шілде айында басталған жөндеу жұмыстары осы жылдың қараша айында аяқталады деп жоспарланған.

Қазіргі уақытта аллея бойына төселген кеспе тастар толығымен алынып, орнына бірден жаңасы төселуде. Бұдан бөлек, ескерткіштің сыртқы ескі керамикалық қабаты алынып, сұйық травертин деп аталатын табиғат әсері берік материалмен  қапталып жатыр. Бұдан басқа, мәрмәр еден төсеніштері де жаңасына ауыстырылады.

Көрнекті орын айналасына жаңа үлгідегі көше орындықтары, қоқыс жәшіктері мен электр қуатын аз тұтынатын шамдар орнатылады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: