Ақтаудағы жартасты теңіз жағалауы туристік нысанға айналады - Жаңалықтар | BNews

Ақтаудағы жартасты теңіз жағалауы туристік нысанға айналады

12 шілде, 12:52 1745 Маңғыстау облысы
Ақтаудағы жартасты теңіз жағалауы туристік нысанға айналады

Қарт Каспийдің кісі көп келетін жағажайларына отандық және шетелдік саяхатшыларды көптеп тарту үшін өңірде бұрын болмаған ірі жоба жүзеге асып жатыр.

Ақтаудағы Каспий теңізінің жағалауы туристік нысанға айналады. Теңіздің кісі көп келетін жағажайларына саяхатшыларды көптеп тарту мақсатында өңірде ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда теңіз жағасындағы жартастарды жағалай ұзындығы 1,5 шақырым жерге жаяу жүргіншілер жолы салынып жатыр. Осы жердегі ұзақ жылдар қараусыз болып келген үңгірлер де абаттандырылып, таяу күндері табиғи мұражайға айналмақ, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Осы күнге дейін өлке тұрғындарының Каспийдің мөлдір, тұзды суына шомылып, жұмсақ құмына аунап-қунауы үшін бірнеше шақырым жағажай бойы қалыпқа келтіріліп, халыққа тегін пайдалануға берілген болатын.

"Жағажай туризмін дамыту" аймақтық жобасының нәтижелі жүзеге асуына орай шалғай аймаққа алыстан арнайы келіп, демалушылар саны биылғы жылы  екі есеге өскені байқалады.

Бүгінгі таңда 4 шағынаудандағы теңіз жағалауында құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. 10 шақты арнайы техника мен жүзге тарта жұмысшы жартасты жағажайдың ойлы-қырлы жерлерін тегістеу жұмыстарын аяқтап қалды. Бір мезгілде жаяу жүргіншілерге ыңғайлы болу үшін темірден бір мыңнан аса  баспалдақ салынуда.

Бірегей жоба авторы Марат Сюников жаяу жүргіншілерге арналған сүрлеу жолды салу кезінде жартастың табиғилығының сақталуына баса назар аударылғанын атап өтті.

"Терең құзды-жарқабақты жағалауға ауыр техниканы жүргізіп жеткізу мүмкін емес. Сондықтан мұндағы құрылыс жұмыстарының тоқсан пайызын қолмен атқаруға тура келді. Мұнда негізінен ағаш полимерлі композит материалын қолданып жатырмыз. Өйткені, ол осы өңірдің құбылмалы табиғатына, қолайсыз ауа-райына аса төзімді материал. Жиырма жылға дейін шыдас береді. Арнайы айтып өтейін, жаяу жүргіншілерге арналған сүрлеу жолды салу кезінде жартастың табиғилығының сақталуы басты назарда ұсталады. Адамдардың қауіпсіздігі үшін сүрлеудің екі жағы қоршалып, әр 30 метр жерге бейнебақылау камераларын орнатуды жоспарлап отырмыз", - деді Марат Сюников.

Сүрлеу жол бойында 24 шолу алаңы, балық аулайтын жерлер, суға түсу орындары мен шағын су көліктері тұрақтайтын аялдамалар  салынады. Инвесторлардың қаржысына салынып жатқан жобаның алғашқы кезеңі тамыз айында қолданысқа беріледі деп күтілуде.

"Теңізге түсіп, демалуға келетін халық үшін барлық жартас маңы күндіз-түні алуан түсті шамдармен жарықтандырылады. Екі шақырым қашықтықтан көз тартатын бұл жоба әсіресе түнгі қаланың ажарын аша түсеріне сенімдіміз", - дейді құрылысшылар.

Осы жоба аясында жартастағы үңгірлерді де абаттандырып, табиғи мұражайға айналдыру күн тәртібінде тұр. Мұндағы ең үлкен үңгірдің ұзындығы - 70 метр, ал ені - 60 метр. Айта кетейік, жергілікті халық "Бор мүйісі" деп атап кеткен теңіз жағалауындағы ең үлкен үңгір іші бірер ай бұрын күл-қоқысқа толы болатын.

Қазірде үңгір қабырғалары құмнан тазарып, еденге тас плиталар төселді. Алдағы уақытта отырғыштар қойылып, түрлі-түсті шамдар орнатылады. Қабырғаға ілінетін үлкен экраннан киелі өңір Маңғыстаудың шежірелі тарихы туралы деректі және көркем фильмдер көрсетілмек. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде берілетін тарихи-мәдени кинотуындылар қазақстандық және шетелдік саяхатшылардың зор қызығушылығын тудыратыны анық.

Сонымен қатар, Ақтаудың солтүстік бөлігіндегі теңіз жағалауын да абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл жоба бойынша Каспийге сұғына кірген жерде амфитеатр бой көтеріп келеді. Биіктігі сегіз, ені жетпіс метрлік дала сахнасында түрлі тақырыптағы концерттік шаралар мен мерекелік кештер өткізілмек.

Амфитеатр іргесіне Маңғыстауға тән өзіндік ерекшелікпен жасалған киіз үйлер, ерекші дизайндағы орындықтар қойылып, спорттық және балаларға арналған ойын алаңдары салынады. Бұдан бөлек, көне тарихтан сыр шертетін композициялар мен мүсіндер қойылады. Қазір құрылысқа 45 техника мен 450 адам жұмылған. Жалпы құны 1 млрд 24 миллион теңгеге бағаланған жоба тамыз айында ел игілігіне беріледі деп жоспарланып отыр.

Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Қайрат Ақыбаевтың айтуынша, салу жұмыстар өткен сәуір айында басталған. Жоспар бойынша "Самал" шағын ауданынан теңізге қараған бағытта жартасты төбеден төмен түсетін баспалдақ болады. Жобаның басты ерекшелігі ретінде туристердің назарын бірден өзіне аударатын тастан қаланған сахнаны ерекше атауға болады.

Биыл жаз басталғалы Каспий теңізіне түсуге келетіндер саны жылдағы дәстүрмен көбейгені байқалады. Бір айдың ішінде 30 мың саяхаттаушы Ақтау жағажайларында демалыпты. Бұл, өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда, екі есеге көп.

"Бұл - жағажай туризмін дамытуға бағытталған аймақтық жобалардың ауқымды жемісі", - дейді жауапты мамандар.

Қазірде теңізді жағалай 45 шақырымға инженерлік инфрақұрылым желілері тартылып, көпшілікке арналған демалыс орындарына көгілдір отын, ауыз су мен электр энергиясы жеткізілді. Ұзындығы екі шақырымдай теңіз жағалауы толықтай абаттандырылып, халықтың тегін демалуына мүмкіндік жасалып отыр.

Еске сала кетейік, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысы Щучье қаласындағы халықаралық "Бурабай" шаңғы базасын аралап көрді. Өңірге жұмыс бабымен барған Президент Қазақстан туризм саласында жұмыс істейтін жағдайға жеткенін, осы уақытқа дейін экономикалық жағдай туризмді дамытуға мүмкіндік бермегенін айтты.

Бұған дейін Ақтаудың 15-ші шағынауданымен шектесетін теңіз жағалауы бастан-аяқ абаттандырылып жатқаны, ұзындығы 24 орындық автотұрақ пен мәдени іс-шаралар өтетін сахна салынатыны хабарланған болатын. Жалпы құны 1 млрд 24 млн теңге жобаны жүзеге асыруға бірнеше арнайы техника мен 100-ден аса адам жұмылдырылған. Қазір құрылыс жұмыстарының бастапқы кезеңі кестеге сәйкес жүріп жатыр. Жағажай бойымен электр қуатын аз тұтынатын шамдар ілініп, гүлзарлар мен орындықтар қойылады. Сондай-ақ, теңізден 100 метр қашықтыққа басқыштары ұлттық нақышта безендірілген баспалдақ орнатылады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: