Ақтаулық кинологтар республикалық байқаудың жеңімпаздары атанды - Жаңалықтар | BNews

Ақтаулық кинологтар республикалық байқаудың жеңімпаздары атанды

13 маусым, 10:21 1147 Маңғыстау облысы
Ақтаулық кинологтар республикалық байқаудың жеңімпаздары атанды

Қазір байқау жеңімпаздары туған өңіріне оралып, күнделікті міндетіне кірісіп кетті.

Ақтаудағы кедендік бақылау қызметінің иісшіл иттері республикалық байқауда 1-ші және 3-ші орындарға ие болды, деп хабарлайды BNews.kz-тің аймақтағы тілшісі . Алматыда өткен сайыста ҚР Мемлекеттік кірістер комитетіне қарайтын құрылымдық бөлімшелердің кинолог-мамандары бақ сынаған еді. "Есірткі іздеу" бойынша өткен жарыста маңғыстаулық Нұрбол Сабановтың Барби есімді қызметтік иті топ жарды. Сондай-ақ, үздік үштікті Бауыржан Аманғалиевтің Есон есімді сенімді серігі қорытындылады. Қазір байқау жеңімпаздары туған өңіріне оралып, күнделікті міндетіне кірісіп те кетті.

Жарыс жеңімпаздары қазір шекара күзетінде жүр. Ал Бауыржан Аманғалиев пен оның төрт аяқты серігі Есон қызмет аралық демалыста біліктілік шыңдауда. Ақтаудағы кинологиялық қызмет орталығында жұмыс уақыты таңғы 9-да басталады. Есон таңғы асын ішіп, иесімен бірге серуендеген соң күнұзақ жаттығулар жасайды. Кешкісін әуежай не Ақтау теңіз айлағында күнделікті міндетін атқарады.

"Есон есірткі заттарын табуға үйретілген. Өткен жылдың ақпан-мамыр айлары Алматыдағы кинология орталығынан келгелі осы ит маған берілді. Былтыр оның көмегімен әуежайда бір дерек ашылды. Сараптама қорытындысы бойынша, күдіктіден тәркіленген ұнтақ кептірілген марихуана болып шықты. Күн сайын әуежайды, теңіз кемелерін тексеретін мобильді топтармен бірге шығып тұрамыз. Ұшақтар әдетті Ақтауға түнгі уақытта келеді, мұндай жұмыс кестесіне бойымыз үйренген" - дейді жергілікті кинологиялық қызмет орталығының бас маманы Бауыржан Аманғалиев.

Ережеге сәйкес әрбір иісшіл ит аптаның барлық күнінде де иесінің жанынан табылуы шарт. Тіпте, кинолог-маманның еңбек демалысына сенімді серігін ала кетуіне де рұқсат. Мұның барлығы қызметтік иттің берілген командаларды бұлжытпай орындауына оң әсер етеді екен.

Ақтаудағы кинологиялық орталықта 13 қызметтік ит күтіп-бапталады. Бельгиялық және неміс овчаркалары, спаниельдер мен лабродорлар валюта, киік мүйіздері, есірткімен жарылғыш заттарды табуға бейімделген. Иісшіл хайуандар мұнда 8-10 жыл қызмет етеді. Мұнан соң жазбаша өтінішпен иесінің үйіне жіберіледі.

Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне қарасты кинологиялық қызмет орталығының жетекшісі Ғанижон Юсуповтың айтуынша, Алматыдағы орталықта биыл 16-шы рет еліміздің ең таңдаулы кинологтары бас қосқан. Ақтаулық мамандар биыл да жеңімпаз атанды. Олар ТМД елдері шеңберінде өтіп жүрген байқауларда да топ жарып жүр. Тәжірибе шыңдау үшін таяу жылдары қала шетіндегі орталық аумағында озық үлгідегі жаттығу алаңын тұрғызу жоспарланып отыр.  

Аумағы түркімен, өзбек елдерімен шектесетін мұнайлы өңірдің кедендік бақылау бекеттерінде былтыр иісшіл иттердің көмегімен 14 қылмыстық деректің беті ашылды. Ал өткен алты айда Ақтау әуежайында жасырын есірткі алып өтпек болған үш адам қолға түсті. Атап кетерлігі, жұмыс кезінде қызметтік иттер тұмылдырықсыз еркін жүреді. Яғни, олар қоғам үшін қауіпсіз.   

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: