Ақтаулық оқушы жасанды қол протезін ойлап тапты

13 қараша, 2018, 17:28 1668 Маңғыстау облысы
Ақтаулық оқушы жасанды қол протезін ойлап тапты

Жас өнертапқыш Нәзира Қыдырбаева құрастырған қол протезінің басты ерекшелігі - құрылымы аса қарапайым және бағасы да қолжетімді. 

Ақтаудағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сыныбында оқитын Нәзира Қыдырбаева жасанды қол протезін ойлап тапты. Бұл, 16 жастағы оқушының алғашқы ғылыми жобасы, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Дарынды жеткіншек бір протезді құрастырып шығуға  бар болғаны 25 мың теңге ғана жұмсапты. Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жақсартуды мақсат тұтқан озат оқушы келешекте мұндай құрылғының басқа да түрлерін жасауды жоспарлап қойған.  

Ақтаудан қашық орналасқан шағын ауылда туып-өскен Назираны мүмкіндігі шектеулі жандардың тағдыры жастайынан толғандырып келеді. Оларға қол ұшын созып, өз бетімен қозғалысын жеңілдетуді көздеген мұратына Назарбаев зияткерлік мектебіне қабылданған соң жүзеге асыруға кіріседі.

Дәрістен қолы бос уақытта жатпай-тұрмай жасанды қол техникасын терең зерттей бастайды. Нәтижесінде, зейінді жастың асыл еңбегі еш кеткен жоқ. Ол жақында ең қарапайым үлгідегі қол протезін жасап шығарды.

Бір қызығы, жасанды қолды жасап шығаруға кәдімгі фальга мен белсендірілген көмір қолданылған.

"Бұл жерде қол протезін жұмыс істету үшін қолданатын қысым датчигін адам қолына орналастырамыз. Одан қысым түскен кезде қол бұлшықеттері ісінеді. Сол ісінген уақыттағы мәнді қысым датчигі есептейді. Одан соң микроконтроллер деп аталатын құралға жібереді. Микроконтроллер өз кезегінде бұл мәнді градусқа айналдырып, сервоматорға жібереді. Ең соңында бұл сервомотор келген градусқа сәйкес қолды жұдырыққа жұмып-ашады" - дейді жас өнертапқыш.

Нәзира Қыдырбаеваның алғашқы тырнақалды туындысы нарықтағы протездердің бағасынан жиырма есе арзан.

"Бұл жобаны жүзеге асыруға 25 мың теңге ғана жұмсадым. Сондай-ақ протездің кез-келген бөлігі сынып қалып жатқан жағдайда оны 3Д принтерден шығарып алып, өзінің орнына бекітуге болады", - дейді Нәзира Қыдырбаева.

Назарбаев зияткерлік мектебі оқушысының айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жан өз қалауы бойынша жасанды қол саусақтарының түстерін өзгертуге немесе өлшемін өзгертуге болады екен.

"Әр адамның қолы әртүрлі болғандықтан, әрине мұның өлшемін өзгертуге болады және менің бастапқы протезім орта жастағы ер адамның қолына сәйкес келеді. Өйткені ол өмірде жиі кездесетін қол өлшемдерідің бірі болғандықтан, осыған таңдауым түсті" - дейді жоба авторы.   

Озат оқушы енді өзінің жобасын заңды түрде бекітіп, мүмкіндігі шектеулі адамдардың пайдасына асырмақ ниетте. Сондай-ақ қолдан бөлек өзге де дене мүшелерінің протездерін жасап шығармақшы.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: