Ақтаулық оқушылар кітап түріндегі тәттілерді әзірлеуден жарысты

28 Января, 2019, 15:29 1971
Ақтаулық оқушылар кітап түріндегі тәттілерді әзірлеуден жарысты |  | BNews.kz

Байқауды өткізудегі басты мақсат – балаларды кітап оқуға ынталандыру.

Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде "Тәтті кітап" атты ерекше сайыс өтті. Қызықты бәсекеге іргелі білім ордасында оқитын 14 сынып оқушысы қатысты. Байқау шарты бойынша зияткерлер мен олардың ата-аналары оқыған кітаптардың желісінде торт жасау қажет, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Бұл шараны ұйымдастырушы "Каспий" шаңырағының педагог-кураторы Ақгүл Сарманова. Ұстаздың сөзінше, байқауды өткізудегі басты мақсат – балаларды кітап оқуға ынталандыру, "Назарбаев Зияткерлік мектептері" ДББҰ "100 кітап" жобасының танымалдылығын арттыру.

"Бұған дейін мектебіміздегі кітап сүйер оқушылардың басын біріктіріп, "DARA" атты оқырмандар клубын құрдық. Аталған ұйым балалар мен ата-аналар арасында кітап оқудың танымалдылығын арттырып, шығармаларға жарнама жасауды, ата-ананы мектеп өміріне белсенді араластыруды көздейді. Нәтижесінде клуб мүшелері осындай қызықты сайысты өткізуді ұсынды", - дейді Ақгүл Амандосқызы.

"Тәтті кітап" жобасын ұйымдастыру тыңғылықты, жүйелі жұмыстар арқасында тұңғыш рет өткізіліп отыр. Әр шаңырақ екінші тоқсан соңында жеребе көмегімен оқитын үш кітаптарын анықтайды. Кейін ол кітаптарды оқып, сынып болып талқылау жүргізеді.

Жарыс күні торт дайындап, оны көпшілік алдында қорғап шықты. Сондай-ақ, торт-кітапқа "жарнама" жасады. Оқушылар торт бетін қаламгер Шерхан Мұртазаның "Ай мен Айша", Александр Бектің "Волоколамское шоссе", Чарлс Диккенстің "Oliver Twist" және тағы да басқа танымал кітаптардың мұқабасына сәйкестендіріп безендірді.

"Торт пісіру – ұзақ уақытты алады. Сондықтан біз қатысушыларға оның қамырын алдын ала дайындап әкелуге рұқсат бердік. Дайындалған торттардың кітап желісіне сай безендірілуін, оның таныстырылымын және топтық жұмысты бағалауға басымдық берілді. Мұндай сайыс, әсіресе, қыз балаларға ерекше қызық болды деп ойлаймын", - дейді "DARA" оқырмандар клубының мүшесі Казине Махсудова.

Әділ-қазылар алқасының шешімімен Э.Хэмингуейдің "Шал мен теңіз" повесі негізінде "Маңғыстау" шаңырағының қатысушылары дайындаған тәтті ең үздік торт деп танылды.

Ал "Қарақия-1" (С.Назарова "Мой зеленоглазый аруах") және "Ақорда-2" (А.Бек "Волоколамское шоссе") шаңырақтары ІІ орынды қанжығаларына байлады. Ал ІІІ орын "Қарақия-2" (Б.Шоу "Пигмалион") және "Ақорда-1" (Шарлотта Бронте – "Джейн Эйр"), "Саура" (Антуан де-сент Экзюпери – "Маленкий принц") шаңырақтарына бұйырды.

"Мұндай қызықты жарысқа алғаш рет қатысып тұрмыз. Біз өзімізге ерекше әсер қалдырған Шерхан Мұртаза атамыздың "Ай мен Айша" шығармасының желісінде торт дайындадық. Бұл туындыда жазушының балалық шағында басынан кешкендері, отбасы туралы баяндалған. Ерекше әсер сыйлайтын кітапты оқуға кеңес береміз. Осындай керемет жобаға қолдау білдірген ата-аналарға алғысымыз шексіз", - дейді "Тамшалы" шаңырағының мүшелері Назгүл Қуантқан мен Қуаныш Беатрисс.

Сайыс соңында жеңімпаздарға арнайы диплом және сертификат тапсырылды. Ал дайын тәттілер көрермен көпшілікке ұсынылды.

Рекомендуем
Димаш Құдайберген "The World's Best" шоуында америкалық тыңдармандарды таңдандырды 13925

Похожие новости