Ақтаулықтар электр тогы мен ауыз су тапшылығы зардабын тартып отыр - Жаңалықтар | BNews

Ақтаулықтар электр тогы мен ауыз су тапшылығы зардабын тартып отыр

22 шілде, 12:57 1810 Маңғыстау облысы
Ақтаулықтар электр тогы мен ауыз су тапшылығы зардабын тартып отыр

Маңғыстау облысының орталығында аптап ыстық салдарынан ауыз су құбырларындағы қысым төмендеп, қалаішілік электр желілері бірінен соң бірі істен шығып жатыр.

Ақтаулық тұрғындар электр тогы мен ауыз су тапшылығы зардабын тартып отыр. Көпқабатты үйлердің жоғары қабаттарына тіршілік нәрі жеткілікті көлемде жетпеуіне орай тұрғындар өкілетті органдарға шағымдануда, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.  

Каспий суын тазартып, халыққа ішуге жарамды етіп ұсынатын энергетикалық комбинаттың ыстықтығы 30 градусқа дейін көтеріліп кеткен теңіз суын тұщытуға қауқары жететін емес.

Мұндағы мамандар ауытқымалы табиғат құбылысы кәсіпорынның су өндіру мүмкіндігін 15 пайызға дейін төмендеп кеткенін айтып отыр. Соңғы екі айда ауа температурасының шамадан тыс көтерілуінен халықтың электр қуатын тұтыну көлемі бірнеше есе артқан. Соның салдарынан қала көшелері бойлай тозығы жетіп тұрған электр сымдары істен шығып қалды.  

Ирина Логвинова орталық шағынаудандағы көпқабатты үйлердің бірінде 9-қабатта тұрады. Жақында ғана босанған жас ана осы ай басталғалы ауыз су мен электр энергиясының азабын көріп отыр. Құбырдағы қысымның төмендігінен ол тұратын тұрғын үйдің жоғары қабаттарына су жетпей жатыр. Бұдан басқа, үй тұрғындарының жаппай сплит-жүйесін қосуымен жарық жиі өшіп қалады.

"Таңғы 9-дан түнгі 11-ге дейін үйімізге ауыз су мүлдем келмейді. Тек түнде ғана құбырдан сыздықтап зорға ағады. Сол уақытта үйде бар бос ыдыстарымызды толтырып аламыз. Таза сусыз үш баламен әбден қиналып кеттім. Нәрестенің  жуатын жөргегі бар, тамағы бар. Токтың бір жанып, бір сөнуі де мезі қылды", - дейді қала тұрғыны.

Ішер судың тапшылығы қаланың тағы бірнеше шағын ауданында сезіліп отыр. Аймақты тіршілік нәрі әрі электрмен қамтамасыз ететін Маңғыстау атом энергия комбинатының өкілдері ұжымы бұған ауа температурасының шамадан тыс көтерілуі себепші екенін айтуда.

Теңіз суын тұщытатын жергілікті комбинат ыстықтығы 20 градус суды тазартуға қауқарлы. Ал аптап салдарынан Каспий суы 30 градусқа жоғарылап кеткен. Бұл, өз кезегінде кәсіпорынның жұмыс қуатын 15 пайызға дейін төмендетіп отыр. Ал ауыз суға деген халықтың сұранысы керісінше жыл санап артып келеді.  

Маңғыстау атом энергия комбинаты бас директорының кеңесшісі Қолғанат Нұржаубайұлының айтуынша, облыс әкімдігі және Каспий су тұщыту зауытымен бірлесе Ақтау қаласын ішер сусыз қалдырмау мақсатында бірқатар мәселелер шешілген.

"Мәселен, 30 мың текше метрге шейін су алып отырған қазіргі таңда мекеме-кәсіпорындар мен тұрғындар 40 мың текше метрге дейін су алады. Оның орнын толтыру үшін қала шетіндегі өндірістік аймақты, сондай-ақ Өмірзақ, Ақшұқыр, Сайын ауылдарына ауыз суды жеткізуді Каспий су тұщыту зауыты өз жауапкершілігіне алып отыр. Сәйкесінше, комбинаттың қалаға беретін ауыз судың көлемін орнына келтірдік", - дейді ол.

Шілде айының аптап ыстығынан қала халқының электр қуатын тұтыну көлемі де артып, тәулігіне 75 МВт-тан 120 МВт-қа жетті. Бұл, жөндеу жұмыстарын қажетсініп тұрған жоғары кернеулі электр желілерінің істен шығуына әкеп соқты. Сәйкесінше, Каспий теңізі жағасында тұрған қаланың біраз бөлігінде тәуліктеп жарық болмай қалды.

"Ақтау қалалық электр желілері" басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айтбай Аймағанбетовтың айтуынша, қазіргі таңда істен шыққан электр желілері қалпына келтірілді. Жөндеу жұмыстарымен екі кезекші бригада қызметкерлері айналысуда.

"Мамандарымыздың қолында озық үлгідегі құралдар бар. Мекемені бұрын-соңды болмаған зертханамен де жабдықтадық. Қазір екі бригада тәулік бойы кезекшілікте тұр. Олар істен шыққан электр желілерін қысқа мерзімде ауыстырып келеді", - дейді ол.

Жыл сайын көтерілетін өзекті мәселені түбегейлі шешу үшін аймақта биыл екі бірдей қосалқы электр станциясы салынатын болды. Сонымен қатар, келер жылы қолдану мерзімі өткен электр желілерінің алпыс пайызын жаңарту күн тәртібінде тұр.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: