Ақтаулықтар цифрлық амбулаториялық карталарды қолдануға жаппай көшіп жатыр - Жаңалықтар | BNews

Ақтаулықтар цифрлық амбулаториялық карталарды қолдануға жаппай көшіп жатыр

16 шілде, 16:14 2412 Маңғыстау облысы
Ақтаулықтар цифрлық амбулаториялық карталарды қолдануға жаппай көшіп жатыр

Қала тұрғындары мобильді қосымша арқылы медицина қызметкерлерінің қабылдауына онлайн жазыла алады.

Ақтаулықтар цифрлық амбулаториялық карталарды қолдануға жаппай көшіп жатыр. Қала тұрғындары мобильді қосымша арқылы медицина қызметкерлерінің қабылдауына онлайн жазыла алады. Бұл үшін смартфонға жүктелген қосымшаға кіріп, ұялы байланыс және жеке сәйкестендіру номерлерін енгізу қажет, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Сандық үлгідегі бағдарлама емхана мамандарының жұмыс кестесі мен үйге дәрігер шақыртудың жолдарын көрсетеді. Сондай-ақ, медициналық мекеме туралы жалпы ақпаратты алуға болады. Заманауи технология тұрғындардың уақытын үнемдеп, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсартқан.

Ақтау қаласының 4-ші шағынауданында тұратын Асия Жұмашова балалар невролог-дәрігерінің қабылдауына келіп тұр. Алты баланың анасы мобильді қосымшаны перзентханада жатқан кезінде смартфонға жүктеп алған екен. Цифрлық бағдарлама арқылы қажет кезінде дәрігерді үйге шақыртып келген. Ұлы бір айға толған соң емханаға онлайн жазылып, кестеге сай перзентінің денсаулығын ақ халатты мамандарға қаратып жүр.

"Емхана дәлізінде тұрған адамдар таңертеңнен бері кезек сайлап, жүйкелерін жұқартып отырғанына қынжыламын. Мысалға, өз басым ешқандай кезексіз, жазылған уақытта дәрігерге кірдім. Күн ыстықта, қапырық бөлме ішіндегі адамдардың айқай-шуы арасында бір айлық баламен тұру мүмкін емес. Сондықтан, жергілікті халыққа "Дамумед" деп аталатын мобильді қосымшаны жазып алуға кеңес беремін. Ұялы телефонға қондырылуы өте оңай, аса көп уақыт жоғалтпайсыз", - дейді көпбалалы ана.

Балалар невропатологы бөлмесіне іргелес кабинетте отырған окулист көру қабілеті нашарлаған балалар мен ересектерді қабылдайды. Бұл ретте де мобильді қосымша көмегімен дәрігерге жазылу науқаспен қатар медицина қызметкерінің де алтын уақытын үнемдейтініне көзіміз жетті.

№1 Ақтау қалалық емханасының электронды мұрағат қорынан тіркелген мекенжайы бойынша кез келген адамның денсаулық паспортын табуға болады. Мұнда келген сырқат жан соңғы рет қашан және кімге қаралғанын монитордан көріп, қан немесе зәр құрамын талдау қорытындыларымен таныса алады.

"Дамумед" электронды бағдарламасының басты артықшылығы – науқас пен дәрігердің уақытын үнемдеуінде. Емхана директорының тапсырмасымен осы мобильді қосымшаны ең алғашқы күннен бастап өзім де, әріптестерім де ұялы телефонға жүктеп алдық. Яғни, кешенді медициналық ақпараттық жүйеге осы жердегі ұжым түгелдей қосылдық. Осыған дейін қағаздағы амбулаториялық картаны толтыруға кететін уақытымыз енді науқасты қарауға жұмсалатын болды. Сандық үлгідегі ақылды технологияның қызметімізді жеңілдеткеніне ризамыз", - дейді емхананың сарапшы-дәрігері Гүлнар Романкулова.

Соңғы жылдары ұзын-сонар кезекке тұруға бой үйретіп алған халық емханаға таңсәріден келеді. Әсіресе, балалар дәрігерлері отыратын кабинеттердің алды үнемі адамға лық толы тұрады. Осы олқылықты түзету үшін мейірбикелер мобильді қосымша туралы жан-жақты ақпарат жазылған жадынамалар әзірлеп, көпшілікке таратуды қолға алған.

№1 қалалық емхананың директоры Ізболсын Көлбаевтың айтуынша, мобильді қосымша арқылы емхана дәрігерлеріне тәулігіне бір мыңнан аса адам хабарласады.

"Осылай жалғаса берсе, биылғы жыл соңына дейін қала және шаһар аумағындағы елді мекендер тұрғындары сандық үлгідегі бағдарламаны пайдалануға жүз пайыз көшеді деп айта аламыз. Яғни, 107 мыңға жуық адам электронды медициналық қызмет түрлерін қолдануға көшеді деген сөз", - дейді ол.

Жадынамада көрсетілген электронды медициналық қызметті ғаламторға қосылған ұялы телефоны бар кез келген адам еркін қолданады. Немесе қалалық емханаға келіп, кіреберіс есікке қарама-қарсы ақпараттық бекетте отырған ІТ-маманның көмегіне жүгіне алады.

Айта кетейік, мұндай бекеттерді №1 қалалық емхананың барлық қабатынан кездестіре аласыз.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: