Ақтөбеде 10 жасар қыз сабақ үстінде қайтыс болды - Жаңалықтар | BNews

Ақтөбеде 10 жасар қыз сабақ үстінде қайтыс болды

19 сәуір, 13:02 3204 Ақтөбе облысы
Ақтөбеде 10 жасар қыз сабақ үстінде қайтыс болды

Оқытушылар жедел жәрдемді 18 рет шақырған, алайда ол келмеген.

Ақтөбедегі №38 мектепте 4-сынып оқушысы Дильназ Әбішева қайтыс болды. Оның сабақ үстінде әлсірегені белгілі. Мұғалімдер жедел жәрдем қызметіне 18 рет қоңырау шалған, бірақ олар дер кезінде келмеген, деп хабарлайды BNews.kz diapazon.kz сайтына сілтеме жасап.

Шақырту түскен жедел жәрдем келмегендіктен, мұғалімдер жедел жәрдемді көшеден тоқтатқан. Бірақ, ауруханаға барғанша қыз бала қайтыс болған.

Алдын ала болжам бойынша, оқушының жүрегі тоқтап қалған. Ал қыздың анасы баласының денсаулығына ешқашан шағымданбағанын айтады. Оның айтуынша, бала жақында ғана дәрігер тексеруінен өткен. Қазір баланың ата-анасы бір айдың ішінде дайын болатын сараптама нәтижесін күтпек.

"Дильназ әкесін емдегенді жақсы көретін, дәрігер болуды армандады", - дейді оқушының анасы Зәуреш Әбішева.

Мектеп басшылығы оқушының осыған дейін сыныпта бір рет талықсып кеткенін айтты.

"Оқиға екінші ауысымда болды. Бесінші сабақта қыз бала өзін нашар сезінді. Біз жедел жәрдемге 18 рет қоңырау шалдық. Көмек келмеген соң ұстаздар жедел жәрдемді көшеден тоқтатып әкелді. Бірақ оқушы қыз қайтыс болып кетті. Оқушы ауырып жүрген екен. Үйінде де талықсып, құлаған көрінеді. Осыған дейін сыныпта да бір рет құлаған. Сол кезде дәрігер оған шай беріп, су беріп, үйіне қайтарған болатын. Баланың гемоглобині төмендеп, жүрегі ауыратын болған. Мұғалімдер баланың отбасына материалдық көмек көрсеттік. Басқа қолымыздан не келеді? Өте өкінішті. Дильназ өте сабырлы болатын, үлгерімі орташа еді. Анасын шақырттық. Дәрігер алғашқы көмек көрсетті, бірақ ештеңе көмектеспеді", - дейді мектеп директорының орынбасары Бимаш Тілеубергенова.

Ал оқушының анасы Зәуреш Әбішева баласының ауыратынын жоққа шығарды.

"Дильназ ауырып жүрді деген жалған сөз. Оның туғанда салмағы 4200 болды, денсаулығында ешқандай кінарат болған емес. Емханада карточкасын ашып қарады. Олар да қызыма не болғанын түсінбей отыр. Сарапшылардың өзі оның барлық ағзасы сау болғанын айтады. Жүрегі аяқ астынан тоқтап қалған. Нақты неден қайтыс болғанын Алматыға жіберілген сараптама қорытындысы келген соң білетін боламыз. Сол күні орыс тілі мұғалімі маған телефон шалып, Дильназдың ауырып тұрғанын айтты. Мен жұмыстан жүгіріп шығып, 4 қабатқа көтерілдім. Барлық бала дәлізде жүрді. Дильназ сыныптағы партаның үстінде жатты. Менің көзімше мектеп дәрігері оған жасанды тыныс алу жолымен көмек көрсетті. Қызымның тыныстап, дем алғандай болғанын байқап, қуанып едім. Бірақ, реаниматолог ауруханада қызымның қайтыс болғанын айтты. Қызым жедел жәрдеммен ауруханаға кеш жеткізілген. Оның жүрегі қалайша тоқтап қалуы мүмкін?", - дейді оқушының анасы.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары