Ақтөбеде бос тұрған ғимаратта футбол кешені ашылды - Жаңалықтар | BNews

Ақтөбеде бос тұрған ғимаратта футбол кешені ашылды

19 наурыз, 2018, 11:04 2636 Ақтөбе облысы
Ақтөбеде бос тұрған ғимаратта футбол кешені ашылды

Ақтөбеде 20 жылдан бері қаңырап бос тұрған ғимаратта, енді балалар спортпен шұғылданады. 

Елбасы тапсырмасын орындау үшін Ақтөбе облысында бұқаралақ спортты дамыту мен халықтың салауатты өмір сүру салтын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Осылайша, Ақтөбеде "Бақытты бала" жобасы аясында алаңы 8 мың метрлік балаларға арналған футбол-жаттығу кешені ашылды, деп хабарлайды BNews.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нысан мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүзеге асырылды. Жаңа спорт кешені бұрын фабрика болған ғимаратта орналасқан. Ғимарат жиырма жылдан астам уақыт бойы иесіз тұрды. Оны қайта қалпына келтіруге, футбол алаңдарын орналастыруға, техникалық жəне қосымша үй-жайларды жөндеу үшін инвестор 300 млн теңге бөлді. Енді мұнда күн сайын 500-ге тарта бала спортпен шұғылдана алады.

"Қазақстанда, соның ішінде Ақтөбеде футболды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл мәселеде балалар мен жасөспірімдер футболын дамытудың қаншалықты екенін түсінеміз жəне облыстың барлық елді мекендеріндегі балалардың футбол ойнауға мүмкіндіктері болғанын қалаймыз. Сонда ғана біз дарындарды анықтап, танымал спорт түрінің отандық жұлдыздарын өсіре аламыз. Осы мақсатта облыстың барлық аудандарында 2016 жылдан бастап "Ақтөбе" футбол клубының бөлімшелері ашылды. Спорт инфрақұрылымдарын дамыту жалғасып жатыр. Бір жыл бұрын мұнда иесіз тұрған ғимарат болатын, ал бүгінде бес футбол алаңы орналасқан. Біз футболды əрқашан қолдап келдік жəне қолдауды жалғастырамыз",- деді облыс əкімі Бердібек Сапарбаев.

Өңірдегі футболды қолдауға жеке инвесторлар да ниетті. Мемлекет оларға өз тарапынан мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің механизмдері арқылы барынша қолдау көрсетуде.

" Мұнда бес футбол алаңы бар, ФИФА-ның халықаралық стандарттарына сай келетін Қазақстандағы жалғыз жабық кешен. Жарақат алу қаупін азайтатын жұмсақ жайылмасы бар спорт паркетінен жасалған жабындысы бар бұл бірінші алаң, жасанды көгалдан жасалған төсемесі бар тағы төрт алаң бар. Келешекте мұнда тек жас футболшыларды жаттықтырып қана қоймай, түрлі жарыстар да өткізуге болады", - деп атап өтті жеке инвестор Асқарбек Мамырбаев. 

Облыстық спорт жəне дене шынықтыру басқармасының мəліметінше, 2016 жылы облыста футболмен айналысатын 8 мыңдай бала болған. Қазіргі таңда олардың саны 12 мың балаға артты. Былтыр өңірде барлығы 32 футбол алаңы ашылған.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар