Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі жандар марапатталды

14 Января, 2019, 16:39 1912
Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі жандар марапатталды |  | BNews.kz

Ақтөбе облысында уақытылы әлеуметтік қолдау көрсетіліп тұратын 27 мыңдай мүгедек бар.

Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау үшін "Біз біргеміз!" атты дәстүрлі салтанатты шара өтті. Шара мүгедектігі бар адамдар арасында белсенді өмір сүру салтын насихаттауға бағытталды, деп хабарлады облыс әкімдігінің ресми сайты.

Шараны мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылық жұмыстары, олар еңбек етіп жатқан кәсіпорындардың тауарларының көрмесі ашты.

Шарада сөз сөйлеген  облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдің қоғамдық өміріне белсенді атсалысып жүрген мүмкіндігі шектеулі жандарды атап өтті.

"Өмір- күрес. Осы өмірге келдің бе – ештеңеге мойымай күресу керек, өмір сүру керек. Егер адам алдына міндет қойып, алға ұмтылса, еңбектенсе, онда ол міндетті түрде арманының орындалуына қол жеткізеді. Әрине, жақындардың,  туыстардың, достардың қолдауы қажет. Ақтөбелік мүмкіндігі шектеулі жандар Құралай Базарбайқызының жұмысының арқасында зор қолдауға ие. Соның нәтижесінде мүгедектігі бар мыңдаған адам өмірде өз орнын тауып, отбасын құрды, көбінің ендігі немерелері бар. Бастысы – олар тұйықталып қалмай, жұмыс істеп жатыр және қоғамға пайда әкелуде. Біз, ақтөбеліктер, Елбасына бізді қолдап, жерлесімізге Қазақстандағы ең құрметті атақты бергені үшін алғыс айтамыз. Бұл біздің Президент саясатының әлеуметтік сипатын тағы бір дәлелдейді", - деді Бердібек Сапарбаев.

Өңір басшысы "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын иеленген Ақтөбе облысының мүгедектері қоғамдық ұйымдарының көшбасшысы Құралай Бәйменоваға арнайы көтергіштермен жабдықталған арнайы автокөліктің кілтін табыс етті. Ол өзіне берілген автокөлікті мүгедек балалардың "Ғажап" қоғамдық бірлестігіне тарту етті.

"Біз облыс әкімінің бастамасымен бүгінде орасан зор ауқым алған жобаны іске  қостық. Бүгін сіздер мүмкіндігі шектеулі деп есептейтін жандардың бүкіл әлеуетін көрдіңіздер. Біздің ұранымыз:"Біз біргеміз!", - деді Құралай Бәйменова.

Бұдан өзге, "Жайна" мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығына, "Қазақ саңыраулар қоғамы" филиалына, Қазақ соқырлар қоғамының Ақтөбе оқу-өндіріс кәсіпорнына,  аутизмі бар балалар ата-аналарының "РАСтёмка" облыстық қауымдастығына жалпы сомасы 1 млн теңгенің ақшалай сертификаттары табысталды.

Ақтөбе облысында уақытылы әлеуметтік қолдау көрсетіліп тұратын 27 мыңдай мүгедек бар. Былтыр 12 мыңнан аса мүгедек жан техникалық, гигиеналық заттармен, протезді-ортопедиялық бұйымдармен және шипажайлық емдермен қамтылды. Мемлекет мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды әлеуметтік жағынан  қолдау үшін барлығы 1,8 млрд теңгеден астам қаражат бөлді.

2018 жылы іс жүзінде мүмкіндігі шектеулі барлық азаматтар қайырымдылық қолдаумен қамтылды. Осылайша, облыста мемлекеттік бағдарламалар аясында "Бақытты бала", "Туған жерге тағзым", "Мектепке жол", "Түлек.kz", "Ауыл қамқоршысы" және т.б. жобалар жүзеге асырылып, соның аясында 508 мыңнан аса облыс тұрғынына шамамен 6,5 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілді.

Рекомендуем
Димаш Құдайберген "The World's Best" шоуында америкалық тыңдармандарды таңдандырды 13928

Похожие новости