Ақтөбеде "Рухани жаңғыру" аясында қайырымдылық акциясы өтті - Жаңалықтар | BNews

Ақтөбеде "Рухани жаңғыру" аясында қайырымдылық акциясы өтті

26 ақпан, 11:33 2155 Ақтөбе облысы
Ақтөбеде

Аталған қайырымдылық акциясы барысында пәтер кезегінде тұрған үш жетім бала баспаналы болды.

"Бақытты бала" жобасы аясында Ақтөбе қаласында қайырымдылық акциясы өтті. "Жүрек жылуы" акциясы кезінде ата-ананың қамқорлығынсыз қалған, жетім балаларға көмек берілді, деп хабарлайды BNews.kz Аktobenews.kz-ке сілтеме жасап.

Ақтөбедегі Шығармашылық академиясында Балаларды қорғау жылы басталды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан қайырымдылық акциясына қолдау көрсеткен азаматтарға алғыс білдірді.

"Балалар бақытта болуы керек. Біздің, ата-аналардың, міндеті – баланың жүзіне күлкі, жүрегіне қуаныш ұялату. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, "Рухани жаңғыру" бағдарламасы іске асырылып жатыр. Соның негізінде биыл "Бақытты бала" жылы жарияланды. Ақтөбенің балалары күліп, жайнап, қазіргі заман талабына сай білім алып, спортпен, мәдениетпен, өнермен, ғылыммен, жаңа технологиямен айналысуы үшін мүмкіндік жасау қолымыздан келеді. Акциямызды кәсіпкерлер, кәсіпорындар, шаруа қожалықтары, жалпы саналы азаматтар қолдап отыр. Өз алғысымызды айтамыз", - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Өңір басшысы бұл жылы ата-ананың қамқорлығынсыз, жетім қалған әр балаға көмек көрсетілуі тиіс екенін атап өтті.

"Олар өз құрдастарынан кем екенін сезінбеуі керек. Біз, үлкендер, оларға барлық жағдайды жасауымыз керек. Өмір болған соң әртүрлі жағдай болады. Бірі ата-анасыз өмір сүреді, бірі мүмкіндігі шектеулі болады. Қазіргі таңда өңірде ата-анасыз қалған мыңға жуық бала бар. Біз оларға қамқоршы, демеуші табуымыз керек. Ақтөбеде мүмкіндігінше жетім балалар үйі болмауы керек. Сәби қорының қолдауымен "Мейірім" үйін салғандағы мақсатымыз да осы болды", - деді өңір басшысы.

Аталған қайырымдылық акциясы барысында пәтер кезегінде тұрған үш жетім бала баспаналы болды. Әсел Оразбаева, Медет Махамбетов және Лариса Захароваға пәтер кілті табыс етілді.

"Мен 1994 жылы балалар үйіне түстім. Ал 10 жылдан бері пәтер кезегінде тұрмын. Үйленбедім. Өзім бір бөлмегі пәтерге қол жеткіздім. Қазір мұнай компаниясының бірінде слесарь болып жұмыс істеймін. Бұған дейін мен апаммен бір үйде тұрдым", - деді пәтер иесі Медет Махамбетов.

Қайырымдылық акциясы кезінде ақтөбелік кәсіпкерлер 7,5 миллион теңге көлемінде заттай, ақшалай сый берді. Алдағы уақытта жергілікті кәсіпкерлер жетім балалардың Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі есепшотын ай сайын толықтырып тұрады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары