Ақтөбеде Тәуелсіздік күніне орай дәрігерлер баспаналы болды

17 желтоқсан, 2018, 16:09 2222
Ақтөбеде Тәуелсіздік күніне орай дәрігерлер баспаналы болды

14 медицина қызметкері "Денсаулық сақтау ісінің үздігі", "Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін" төсбелгілерімен және "Еңбек ардагері" медалімен марапатталды.

Ақтөбеде Тәуелсіздік күніне орай денсаулық сақтау саласының қызметкерлері дәріптелді, деп хабарлады ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шараның ресми бөлігін облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов ашты. Жиналғандарды облыс басшылығы атынан құттықтаған ол медицина жұртшылығының өңірдің дамуына қосқан үлесін атап өтті.

"Тәуелсіздік жылдарында Ақтөбе облысының денсаулық сақтау саласы үлкен жетістікке қол жеткізді. Екі жыл бұрын құрылған медициналық кластердің арқасында бүкіл Батыс Қазақстан тұрғындарына күрделі жоғары технологиялық араласулар қол жетімді болды. Балалардың жүрегіне ашық ота жасау, органдарды ауыстыру, буындарды эндопротездеу біздің дәрігерлер үшін үйреншікті жұмысқа айналды. Медициналық қызметтер көрсетуде Оңтүстік Корея, Израиль, АҚШ және Ресей сияқты әлемдік көшбасшылармен тығыз ынтымақтастық орнатылды. Барлық орталықтар озық жабдықпен жабдықталған. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен ауылдағы жұмыстар жолға қойылды. Өңірде бір жылдың ішінде МЖС аясында 21 ауылдық дәрігерлік амбулатория салынды. Сіздердің адам өміріне араша болудағы күнделікті еңбектеріңіз үшін бас иемін", - деді Тоқжанов.  

Салтанатты шара марапаттау рәсіміне ұласты. Ақтөбелік дәрігерлерге берілген марапаттардың ішінде "Денсаулық сақтау ісінің үздігі" және "Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін" төсбелгілері, сонымен қатар, "Еңбек ардагері" медалі бар. Ол марапаттарға ширек ғасырдан астам еңбек өтілі бар 14 медицина қызметкері ие болды. Содан кейін көптен күткен сәт - пәтер кілттерін табыстау шарасы болды. 

Эндокринолог Мөлдір Томарова, балалар хирургі Асхат Батыров пен анестезиолог Нұрмұхамбет Бигиев сынды жас мамандар баспаналы болды.

"Дипломымды алған соң еңбек жолын Ақтөбе медициналық орталығында терапевт болып бастадым. Сонымен қатар, резидентурада біліктілік алдым. Эндокринологиялық бөлімде жұмыс істеп жатқаныма екі жыл болды. Біздерге мұнда науқастарды емдеу үшін барлық жағдай жасалған. Пәтер алам деп ойламаппын. Туыстарым мен әріптестерім таңертеңнен бері хабарласып, құттықтап жатыр. Бұл - менің өмірімдегі ең  толқынысты күн болды", - деді Мөлдір Томарова.

Біздің Telegram-парақшамыздаҚазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ақтөбе облысы #марапаттау #дәрігер #тұрғын үй

Читайте также

Похожие новости