Ақтөбеге алғаш рет Елбасы кітапханасының көшпелі көрмесі келді

15 қараша, 2018, 16:36 3022 Ақтөбе облысы
Ақтөбеге алғаш рет Елбасы кітапханасының көшпелі көрмесі келді

Көрмеге мыңнан аса экспонаттар, құнды құжаттар, фото және бейнематериалдар әкелінді.

Ақтөбеде облыстық тарихи-өлкетану мұражайының жаңа ғимаратында "Нұрсұлтан Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам" көшпелі қор көрмесі салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды BNews.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Елбасымыздың музейін ел тәуелсіздігінің шұғылалы шежіресі деп атауға болады. Себебі, Елбасымызбен ел тәуелсіздігі – егіз ұғым. Біз бүгін бұл көрмеге мыңнан аса экспонаттар, құнды құжаттар, фото және бейне материалдар алып келіп отырмыз. Олар еліміздің тәуелсіздік жылдарында жүріп өткен даңқты жолдарын айқын көрсетіп тұр", - деді  ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры міндетін атқарушы Махмұд Қасымбеков.

Облыс әкімі де Бердібек Сапарбаев облыс халқын елеулі оқиғамен құттықтады.

"Бүкіл ақтөбеліктің атынан Махмұд Базарқұлұлына және Елбасы кіапханасының барлық қызметкерлеріне көрмені ұйымдастырғандары үшін алғыс айтамын. Көрме облыс тұрғындарымен қоса, біздің қонақтарға да қызық болатынына сенімдімін. Әрқайсысымыз мемлекеттің қалай қалыптасқанын, қандай ауыр күндер болғанын, Қазақстан осы 27 жылдың ішінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың дана саясатының арқасында дүниежүзілік қауымдастықта шүбәсіз беделге қалай ие болғанын біліп, есте сақтауларымыз керек", - деді облыс әкімі.

"Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам" көрмесінің негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының тәуелсіз Қазақстанның тарихи өміріндегі рөлін жүйелі түрде кеңінен көрсету. Көрмеге келушілер Елбасы кітапханасының архивтік, кітап, мұражай қорларының материалдарымен таныса алады. Алғаш рет Ақтөбе жұртшылығының назарына Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары мемлекеттік наградаларының бірегей жинағы, мемлекет басшылары және қазақстандық авторлар тарту еткен қолтаңбасы бар кітаптар, сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаевтың шет тілдерге аударылған еңбектері ұсынылды. Көрме төрт бөлімнен тұрады.

Көрме экспозициясының негізінде шолу экскурсияларынан басқа "Тарихи таңдау", "Атамекен", "Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі" тақырыптық экскурсиялары жүргізіледі. Экскурсиялар әртүрлі санаттағы – балалар мен ересектер  арналады. Елбасы кітапханасының жобасы 2017 жылғы қарашада Алматыдан бастау алып, 2018 жылғы ақпан айында Шымкентте жалғасса, ал қыркүйек айында Атырау облысында табысты өтті. Жалпы 2017-2018 жылдары көрмені 350 мыңнан астам адам тамашалады. Көрме 2019 жылғы қаңтар айының соңына дейін жалғасады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар