Ақтөбелік азамат 15 жастағы қызының зорланғанын дәлелдей алмай шарқ ұрып жүр

10 қараша, 2017, 14:33 9974 Ақтөбе облысы
Ақтөбелік азамат 15 жастағы қызының зорланғанын дәлелдей алмай шарқ ұрып жүр

Ақтөбе облысы Хромтау ауданының тұрғыны көпшіліктен көмек сұрайды. Аты-жөні мен ауылының атауы көрсетілгенін қаламаған ол болашақта қызына саусақ шошайтып мазақтайтындардан қорқады, деп хабарлайды BNews.kz Ақтөбе news ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.

Төрт бала тәрбиелеп отырған әке екінші қызының педофилдің құрбаны болғанын айтты. Айтуынша, қызына хат жазып танысып, кездесуге алдап шақырған жігіт оны зорлап тастаған.

«Оқиға төрт айдай бұрын, 20 тамыз күні болған. Өзіміз ауылда тұрамыз. Сол күні қызым шешесімен еріп Хромтау қаласына барды. Әйелім таңертең дәрігерге қаралуға кеткенде қаскөй машинамен келіп, қызымды туысымыздың үйінен алып кеткен. Кейін білдік, әкесінің машинасымен келіп, өзінің үйіне алдап апарыпты. Сол кезде үйінде оның әкесі де жүрген. Бұлар барғанда әкесі шығып кеткен», - деді қыздың әкесі.

Шарасыз әке қызының ол жерден құтылуға қаншалықты тырысқанымен, педофил өз дегенін жасағанын қынждыла жеткізді.

«Жігіт қызымды әңгімемен алдап, жатын бөлмеге сүйреген. Ол өз үйінің жатын бөлмесінде қызыммен бір жарым сағат болып, білгенін жасайды. Қызым бар күшін салып алысады, бірақ жігіт бәрібір өзінің шаруасын бітірген», - дейді шарасыз әкесі.

Жағдай белгілі болғаннан кейін қыздың туыстары жігіттің үстінен арыз түсірген.

«Сол кезде үйден шығып кеткен қызымызды біз таба алмай іздедік. Ауылға кері қарай қайту керек болатын. Таппаған соң полицияға бардық. Қызым қорыққанынан үйге келіп суға түсіп, жуынып алған. Сол кезде полиция келді. Біз жігіттің үстінен шағым түсірдік», - деді зардап шеккен қыздың әкесі.

Жапа шеккен қыздың туыстары экспертиза не себепті болған оқиғаны жоққа шығарғанын түсінбей отыр.

«Оқиға болған күні қызымды Ақтөбеге экспертизаға алып келді. Қызымның мойнын сорып, қанталатып тастағаны медициналық тексеру қағазында жазулы тұр. Бірақ, экспертиза ештеңе болған жоқ деп жазып берген. Түсініксіз, полицияда жауап алғанда жігіт барлық оқиғаны мойындады. Қызыммен бірге болғанын айтты. Полиция жігіттің қорғаушысы секілді, ол қызыма «үйге өзің барғансың» деп ұрысты. Қызымның өзінен көріп жатыр. Менің қызым 15 жасқа енді толды, әлі оңы мен солын айыра алмайтын бала. Ал ол 18 жасқа толған жігіт. Қызымды зорлағанына төрт ай болды. «Қылмыс белгілері жоқ» деп істі қысқартып тастады», - дейді қыздың әкесі.

Қазіргі кезде әкесі қызының өміріне алаңдап отырғанын айтып, журналистерден көмек сұрады.

«Мен мұны бұлай қалдырмаймын. Себебі, қызымның денсаулығы нашарлап кетті. Ауырады, кез келген нәрсеге ашуланшақ болып кетті. Сабақта жүргенде екі рет талып қалған. Қазір қызыма алаңдап отырмын. Өзіне қол жұмсай ма деп қорқамын. Менің қазір журналистерден көмек сұрағаннан басқа амалым қалмады», - деді жапа тартқан қыздың әкесі.

Қыздың туыстары істі қалай қозғатамыз деп бастары қатып жүргенде жігіттің туыстары қыздарын келіндікке сұраған.

«Жігіттің туыстары қызымды келіндікке беруді сұрап отыр. Мен олардың бұлай мазақ қылғанына көне алмаймын. Ол жігіт 5 жылға шартты түрде ғана жазаланды. Бізге көмек керек», - дейді 15 жасар қыздың әкесі.

Зорланған қыздың туыстары прокуратураға қайта шағым түсірмек.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар